Экономика • 06 Сәуір, 2020

Автоөнеркәсіп саласында бәсеке күшейді

368 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің автокөлік өнеркәсібі саласының жаңа тарихы 2003 жылдан бастау алады. Сол жылы Өскемен қаласында бұған дейін жеңіл автокөлік сатумен шұғылданып келген БИПЭК АВТО мен ресейлік АвтоВАЗ арасында жасалған келісімге сәйкес алғашқы өндіріс ошағы пайда болып, «НИВА» автокөлігін құрастыра бастады. Ол кезде өндіріс көлемі бар болғаны бірнеше мың бірлікті құраған-ды. 2010 жылы 4 мың данаға жетті. Соның өзінде тек ВАЗ маркасының автомобильдері ғана шығарылып жүрді. Еліміздің автомобиль нарығының негізгі бөлігі шеттен келетін импорттық көліктерге тиесілі болды.

Автоөнеркәсіп саласында бәсеке күшейді

Елімізге жаһандық ойыншы­лар тартыла бастады. 2005 жылы Қазақстанға келген алғаш­қы ірі өндіруші КамАЗ болды. Содан кейін Daewoo, Hyundai, IVECO, ANKAI және басқа да мар­калар өндірістерін ашты. «Сарыар­қаАвтоӨнеркәсіп», «СемАЗ», «КАМАЗ-Инжини­ринг», «Hyundai Trans Auto», «Daewoo Bus Kazak­h­stan» секілді автокөлік құрастыру кәсіпорындары пайда болды. Осы кәсіпорындардың жұмыстарының нәтижесінде автоөнеркәсіп секілді жаңа сала қалыптасып, жылдан-жылға жетіліп, қарқынды даму көрсет­кіштерін көрсетуде. Жаңа ин­дустрияландырудың алғаш­қы бес жылдығының қорытын­ды­сында автомобиль өндірісі өңдеу өнеркәсібіндегі ең қарқынды дамушы сала ретінде атап көрсетілді және Қазақстан машина жасау саласының ту ұстаушысына айналды.

Соның нәтижесінде, қысқа мерзім ішінде салық аударымдары есебінен бюджетті жүйелі түрде толықтыратын, іргелес салаларды қосқанда ондаған мың жұмыс орны бар тұтас сала құрылды. Автоөндірушілер саны артып, адал бәсекелестік дами бастады.

Осыған дейін елімізде авто­көлік шығару ісінде БИПЭК АВТО қасынан құрылған «АЗИЯ АВТО» АҚ кәсіпорны көш бастап келді. Бұл кәсіпорын құрылған уақыттан бері 150 мыңнан астам жеңіл автокөлік түрлерін шығарып үлгерді. Триллион теңгенің автокөлігін сатты. Кәсіпорында 4 мыңға тарта адам еңбек етіп, олар жеңіл көліктердің Лада, КИА, Шкода, Шевролет секілді брендтерінің жиырмаға тарта модельдерін, жалпы отызға тарта модельді тұтынушыларға ұсынды.  Отандық автокөлік өндірісі сатқан әрбір үш машинаның екеуі «АЗИЯ АВТО» АҚ ен­ші­сі­не тиді. Жылына мыңға 13-14 мың­­­ға дейін жеңіл көлік шы­ға­ра­­тын кәсіпорын отандық авто­көлік шығару саласының даусыз көш­басшысына айналды.

Бәсеке уақыт өткен сайын қыза түсті. 2010 жылы Қос­та­­най­­да ашылған «Сарыар­қаАв­тоӨнеркәсіп» ЖШС осы уа­қыт­қа дейін «АЗИЯ АВТО» АҚ-дан ке­йінгі екінші орынды енші­леп кел­ген еді. Ол ондаған әлемдік бренд­пен ынтымақтаса жұмыс істей отырып, Jac, Hyun­dai, Ravon, Peugeot, Niva Chev­rolet секіл­ді жеңіл автокөлік түр­­лерін, сондай-ақ  Jac, Iveco, Man секілді ком­мер­циялық тех­­ни­каларды, Ankai, Yutong, Ive­co автобустарын шығару­ды қол­ға алды. Құрылған уақыттан бері 60 мыңнан астам автокөлік шы­ғарып үлгерді.

Өткен жылдың тоғыз айында 16442 жеңіл автокөлік, авто­бус пен коммерциялық тех­ни­­ка шығарды, бұл елімізде шы­­­ға­­рылған көліктер­дің тең жар­­­ты­­сына тең. Сөйтіп 2019 жыл­­­­дың қорытындысына  «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» тұң­ғыш рет суырылып алға шықты.

Сонымен қатар отандық авто­көлік шығару басқа өңірлерде де күрт дамуда. Айталық Ал­маты қала­сында қуаты жылына 45 мың бірлікті құрайтын «Hyun­dai» зауыты бар. Жаңа зауыт құрылысына салынған ин­вес­тиция көлемі – 25 млрд тең­ге. Жобалық қуаты –  жылына 30 мың бірлік. Екінші кезегін және шанақты дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операциялармен шығарылатын алғашқы автомобиль өндірісі 2020 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Кәсіпорын өн­дірісте 700-ге жуық жаңа жұ­мыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазақстан өңірлерінде дилер желісін құру шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпалын тигізетін болады.

PrimeMinister.kz сайтының хабарлауынша, қазіргі таңда Қазақ­станда автокөлік құрал­дары­ның барлық санатын өндіру қолға алынған. Елімізде 167 автомобиль моделі, оның ішінде 39 жеңіл модель, 22 әлем­дік бренд жиналады.

2015-2019 жылдарға арнал­ған ин­­дус­триялық-инновациялық да­му бағдарламасында авто­өнер­кәсіп басым салалар қатарында кө­р­­­се­тіл­ген. Мемлекеттік бағ­да­р­­­ла­мада әлемдік трендтер Қа­зақ­­­станның автомобиль өнер­кәсі­бін дамытуға ықпал ете­тіні, оған қоса металлургия, ре­зең­ке бұйым­дарының өнді­рі­сі, шыны өнді­рісі, тоқыма өнеркәсібі, электр жаб­дық­­тары мен құралдары өнді­рісі секілді ірге­лес салаларды дамы­­туға да септігін тигізетіні айтылған.

Екі бесжылдықта автомобиль жасау Қазақстанның машина жасау саласының драйверлерінің біріне айналды.

Қазіргі таңда елімізде сатыла­тын автомобильдердің 60%-ы Қазақ­станда шығарыл­ған. Авто­­өнеркәсіпті жергіліктен­діру­дің орташа деңгейі 33%-ды құрай­ды, ал кейбір үлгі­лер бойынша ең жоғарғы деңгейі 50%-дан асады.

2010 жылдан бастап өндіріс көлемі 12,5 есеге өсіп, 50,4 мың бір­лік­ке жетті. Өнеркәсіптегі автоөнер­кәсіп үлесі 1,9% құрады.

Қазақстандық автобизнес қа­уым­дас­тығының мәліметінше, 2019 жылы 16 332 Hyundai авто­моби­лі (+75,7%), 14 623 бірлік Lada (+9,8%) және 5 366 Ravon авто­мобилі (+912%) өндірілді. Үздік бестікке Kia (3683 бірлік) және JAC (2 775 бірлік) маркалары да кірді.

Ел нарығына өзбекстандық Ravon автокөлігінің келуі арзан бағамен шығарылатын авто­көліктер арасындағы бәсе­ке­ні одан әрі қыздыра түс­кені анық. Бүгінде Ravon ав­то­көлігі Қостанайдағы «Са­рыар­қаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС өн­діріс­тік алаңында құрас­тыры­лып, саудаға шығарылуда. Осы уақытқа дейін «АЗИЯ АВТО» шығаратын Lada Granta елде құрастырылатын көліктер ішінде ең арзандардың бірі әрі көп сатылатын автокөлік болып келген еді. 2019 жылғы күшейген бәсекелестік жағдайының өзінде  11 ай ішінде 4,5 мыңға жуық темір тұлпардың өз иесін табуы соның бірі дәлелі болды. Алайда Қазақ­станға Ravon қайта оралған­нан кейін «Лада» клиенттерінен қағыла бас­тағандай. Мәселен, сәуір мен қараша аралығында Ravon R3-тің 2,5 мың данасы сатылса, жыл соңында Ravon R3-тің Granta-ны шаң қаптырғаны байқалады. Былтыр қазан айында өзбекстандық көліктің 468, ал Granta-ның 347 данасы сатылған.

Міне, осындай жағдайда «АЗИЯ АВТО» Lada Granta-ның ел нары­ғындағы орнын сақ­тап қалу үшін тұтынушылар тара­пынан көп күтіл­мейтін төтен­ше шешімдерге бара алатынын көрсетті. Биылғы жылдың басында Lada Granta-ның бағасын төме­ндететінін мәлімдеді. Сөй­тіп марканың ресми дистрибьюторы 1.6 литрлі моторы бар ме­хани­калық (SE Classic) седанның бағасын 3,2 млн теңгеден 2,7 млн теңгеге арзандатты. Ал ең арзан R3 қазір 3,4 млн теңге тұрады.

Отандық автоөнеркәсіп на­ры­ғын­­дағы бәсекенің күшеюі тұтыну­­шылар үшін міне, осындай пайдасын тигізді. Ал сарапшылар Ресейде ути­лизациялық алым сомасының ар­туына байланысты Lada-ның кері­сінше 2,5-4 %-ға қымбаттағанын айтады.

Биыл Қазақстанда 10-нан астам жаңа автомобиль моделін өн­діру басталмақ. Қысқа мерзім ішін­­де автомобиль өнеркәсібі өнім­дерінің жалпы көлемін 100 мың автомобильге дейін жеткізу жос­парланған, оның ішінде 10-15 мы­ңы – Ресейге, Қырғызстанға, Өз­бек­станға, Тәжікстанға, Бел­а­русь­ке, Әзербайжанға және басқа да елдерге экспортталады деп күтілуде.