Кино • 06 Сәуір, 2020

Еркінбек Пітірәлиев: Әр кино – үлкен тәжірибе

705 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ол алғашқы операторлық жұмысымен әлемнің ең ірі кино­фестивальдарының бірі – Каннға жолдама алды. Кино кеңістігіндегі аса беделді марапат «Азияның Оскары» ата­лымындағы жүлдеге үміткер болып үлгерді. Онымен бірлесе жұмыс жасауға отандық режиссерлерді айтпағанда, шетелдік киногерлердің де қызығушылығы басым. Жас та болса есімін кино кеңістігіне жазып үлгерген талантты кинооператор Еркінбек ПІТІРӘЛИЕВПЕН әңгімеміз операторлық өнердің құпиясын ашуға бағытталды.

Еркінбек Пітірәлиев: Әр кино – үлкен тәжірибе

– Әдетте актер, режиссер, жал­­пы кино түсіруге қатысты шығармашылық топ Канн фес­тиваліне қатысуды жылдар, тіпті өмір бойы армандап күтеді. Бұл жағынан сізді жолы болғыш адам деуге келетін шығар. Де­бют­тік жұмысыңызбен Канн фес­тивалінің төрінен бір-ақ шық­­тыңыз...

– Иә, бұл енді күтпеген бір тосын жағдай болды. Аста­надағы Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің магистратурасында оқып жүрген кезім еді. Диссертация қорғайтын уақыт жақындап қалған. Қорғауға дайындықпен қызу қарбаласта жүрміз. Бір күні телефоныма продюсер Серік Әбішев хабарласып, режиссер Әділхан Ержановтың фильм түсіргелі жатқанын айтып, мені оператор болуға шақырды. Кино түсірген жақсы ғой. Бірақ алдымда диссертация қорғау жауапкершілігі тұр. Ал мен қазір кетсем, бірнеше ай университет бетін көрмеуім анық. Бірақ сонда да бұл ұсыныстан бас тар­та алмай, магистратурадағы ұс­тазым Әубәкір Қалиұлымен ақыл­­­дастым. Ол кісі бастамамды қуана құптап, екеуміз бірге дис­­сер­тацияның алдын ала қор­ғауын қабылдайтын комиссия мүшелерінің алдынан өттік. Ол кезде Әшірбек Сығай, Бауыржан Нөгербек ағаларымыздың көзі тірі еді. Қызу пікірталас болды. Соңында Әшірбек аға сөз алып: «Кино түсіретін жастар ау­ди­торияның маңайында емес, түсі­рілім алаңында жүргені дұрыс. Өнер үшін сол пайдалы» деп батасын берді. Сөйтіп ағалардың ақ батасымен, алғашқы фильмімді түсіруге Алматыға жол тарттым. Сапар сәтті болып, «Қожайындар» картинасын түсіріп қайттық. Арада біраз уақыт өткен соң режиссер хабарласып, жұмысымыздың Канн кинофестивалінің іріктеуінен өткенін сүйіншіледі. Басында аса сеніңкіремей, салқын ғана алғыс айтып, тұтқаны қоя салдым. Ал кинофестивальдың өзіне қатысып, қызыл кілемінен жүріп өткен сәттің әсері тіпті бөлек екен. Сөй­тіп жұмысымыз халықаралық деңгейдегі айтулы фестивальға қатысып қана қоймай, ағылшын сарапшыларының шешімімен 10 үздік фильмнің қатарына ен­ді. Қазылар алқасының жоға­ры бағасын алды. Ол кездегі қуа­нышты сөзбен айтып жеткізу мүм­­кін емес. Бұл фильмнен кейін Аустралияға бардық. 2014 жылғы Азия құрлығының 5 үздік операторын таңдады. Сол фестивальда «Қожайындар» фильмі операторлық өнер бойынша «Азия­­ның Оскары» жүлдесіне үміткер болды. Жалпы, бұл картина біздің шығармашылық топ үшін табыс­ты болды. Айтулы фестивальдар биігінен көрініп, шет мемлекеттерде еліміздің абыройын асқақтатып қайттық. Өз командасына қосып, осындай ауқым­ды жобаны сеніп тапсырған режиссер Әділхан Ержанов пен фильм продюсері Серік Әбішевке алғысым зор.

– Байқаймыз, артхаус бағы­тында түсірілген, яғни фес­ти­­вальдық фильмдердің көбі әлем­ді таңғалдырып жүр­гені­мен, өз елімізге келгенде көрсе­ті­лім ше­­карасы тарылып, кино­теа­тр­лардың өзінде көп көр­сетіл­мей жатады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Әлде бізде көрермен дайын емес пе?

– Кино көретін адамдардың барлығының талғамына бірдей жауап беру мүмкін емес қой. Мәселен, үйге қонақ келгенде, кинотеатрға апарайық десек, ол кісілердің таңдауы көбінесе комедия жанрындағы жеңіл фильм­дерге түседі. Ол барлық отбасында бар жағдай деп ойлаймын. Мүмкін бұл бүгінгі заманның талап-талғамына байланысты болар. Көрермендердің көпшілігі ойланғысы келмейді. Сондықтан да ойлантатын, философиялық ойға жетелейтін ауыр фильмдер­ден алыс жүреді. Мәселен, өт­кенде шетелдік фестивальдардан жүлделі оралып жүрген Әмір Бай­ғазиннің «Өзен», Әділхан Ер­жановтың «Қап-қара адамдарын» көру үшін студенттерімді ертіп кинотеатрға бардым. Зал бос. Бізден басқа 2-3 бөтен адам бар. Қалған орындар бос тұрды. Сол сияқты биыл бірнеше аталым бойынша «Оскар» сыйлығын иеленген корейлердің «Паразиттерін» де кинотеатрда тамашаладық. Он­да да сол жағдай. Керісінше, комедиялық фильмдердің сеанс­ына орын жоқ. Бірақ бір қызығы, біздің елде көрермен жинай ал­маған «Паразиттер» өз елінде, яғ­ни Оңтүстік Кореяда ең жоғары көрсетілім жинапты деген дерек оқыдым. Осының өзі көрермен талғамы, мәдениеті деңгейінің арасындағы айырмашылықты бағамдауға жақсы мысал деп ойлаймын. Жалпы, фестивальға қатысуға жолдама алған фильм­дердің дені сол елдің әлеуметтік мәсе­лелерін өнер тілінде шынайы ашып көрсетуімен құнды. Мәселен, сіз шетелден небір таны­мал жұлдыздарды шақырып, Қазақстанның әдемі жерлерін түсіріп, фестивальға жіберсеңіз, ол жұмысыңыз іріктеуден өтпейді. Өйткені шетелдіктер әдемі кадрдан бұрын, ол фильмде кино түсірілген мемлекеттің иісі, әлеуметтік жағ­дайы ашық көрсетілгенін, сол жа­йын­ан сыр қозғалғанын қалайды. Соны күтеді. Осы себепті де фес­­тивальдық фильмдер көруге де, қа­былдауға да ауыр келеді. Мә­селен, Канн кинофестивалінде «Үздік актриса» аталымында жүл­дегер болған Сергей Двор­цевойдың «Айка» немесе күні кеше «Оскардың» бірнеше аталымын еншілеген сол «Паразиттерді» алып қарайық. Барлығында елдің әлеуметтік түйткілдері терең қоз­ғалған. Артхаус бағытында түсі­рілген фильмдердің жүгі де, талабы да басқа. Оған көрерменнің үлкен дайындығы керек. Жалпы, фестивальдық фильмдердің про­каттық өмірі солай өтетін сияқты. Мен бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Оны режиссерлер мен кинотанушылардың зерттеуіне қалдыру керек шығар.

– Сіз – отандық режиссерлер ғана емес, шетелдік кино ма­мандарымен де жиі шығар­ма­­шылық бірлікте жұмыс іс­тей­тін кинооператорлар қа­та­рын­дасыз. Әсіресе Түр­кия елі киногерлерімен танде­мі­ңіз жемісті жүзеге асуда. Ай­ты­­ңызшы, шетелдік ре­жис­сер­лер мен Қазақстан кино ма­­мандарының жұмыс іс­теу тәсілінде қандай да бір айыр­ма­шылықтар бар ма екен?

– Бұл да өте қызық жағдай болды. Мен 2015 жылы сериал түсірдім де, бір жылдай ештеңе түсірмей тыныштықта жү­ріп қалдым. Сол уа­қытта университет­те оқитын бір студ­ентім Түркияға шы­ғармашылық тә­жірибе алмасуға барды. Сон­­да Мессу Джей­лан деген түрік ре­жис­сері мемлекеттің қолдауымен фильм тү­сіргелі жатыр екен. Со­дан біздің студенттен: «Қа­зақстанда қандай жақсы операторлар бар?» деп сұрайды. Ол кісі отандық бірнеше оператордың аты-жөнін ұсынады. Бұған дейін режиссер біздің «Қожайындар» фильмін You Tube желісінен көрген екен. Содан маған хабарласып, шығармашылық жұмыс басталып кетті. Түсірілім өте қы­зық өтті. Сценарий де тар­тысқа құрылған екен. Маған ұнады. Одан кейін араға жыл салып Назиф Тунч деген режиссердің жұ­мысына оператор болдым. Ол кар­тина да бірнеше халықаралық фес­тивальда жүлдегер атанды. Байқағаным, Түркияда кино мамандары негізінен жасы үлкен адамдар екен. Менімен жұмыс іс­теген режиссердің өзі – 50-ден ас­қан кісі. 28 жастағы мені көріп олар қатты таңғалды. Бірақ еш қиындықсыз бірден тіл табысып кеттік. Оператор үшін әр кино  үлкен тәжірибе ғой. Түріктермен бірлесе түсірілген бұл фильмдер мен үшін тәжірибе тұрғысынан өте жемісті болды деп ойлаймын.

– Еркінбек, бір сұхбаты­ңызда: «Оператор режиссер таң­­дамайды. Керісінше, режис­сердің өзін таңдауын күтеді» депсіз. Құпия болмаса, дәл қазір өзіңізге қай режиссерден бірлесе жұмыс істеуге шақыру түскенін қалар едіңіз?

– Иә, бұл мені операторлық өнерге алғаш алып келіп, тәрбие­леген ұстазым Болат Сүлеевтің сөзі болатын. Ол кісі үнемі біз­ге: «Операторлық өнер келін сияқ­­ты. Сендер режиссер таң­да­майсыңдар, керісінше режиссер сендерді таңдайды» деп үнемі айтып отырушы еді. Жұмысың көрген жанның жанарын жаулап, назарын аударарлық сапалы болсын дегені. Өйткені опе­раторлық өнер – Қазақстанда аса бір қатты дамыған сала емес. Кәсіби кино мамандары болмаса, көрермендер арасында оператор еңбегіне көп мән бе­ріл­мейді. Фильм­дегі барлық ең­бек актерлер мен режиссер­лер­ге телінеді. Ал Түркияда олай емес екен. Ол жақ­та көрер­меннің өзі онлайн кон­ференция­лар­да опе­ра­торға сұ­рақ қойып, тү­сірілім жұ­­­мыста­ры­ның ерек­ше­лік­­­те­рін талдап ай­­тып отырады. Бұл жағынан келгенде түрік к­ө­рермендері біз­дің киносүйер қауымнан көп ерек­­шеленеді. Ал енді режиссер таңдауына келсек, шүкір, осы күнге дейін Әділхан Ержанов, Асқар Ұзабаев, Серік Әбішев, Айдын Сахаманов сынды кілең мықты режиссерлермен тандемде жұмыс істедім. Талай нәрсе үйрендім. Бірлесе жұмыс істе­гім келетін ондай жақсы режис­серлер қазір де көп, әрине. Олар­дың атын атап, түсін түстегім кел­мейді. Өйткені олар шынымен көп. Алдағы уақытта да осындай үндескен шығармашылық тан­деміміз жалғаса берсе деген ті­легім бар. Жалпы, мен кез келген ұсынысқа ашықпын. Бастысы сценарийі қызықты болса болды.

– Сіздің операторлық жұмыс­тарды сыншылар, режиссерлер, жалпы аға буын әріптестеріңіз: «Жарық пен көлеңкені ұтымды ойната алуымен ерекшеленеді» деп жоғары бағалайды. Рас, жа­рықты көре білу, түсті сезіну – су­ретші, оператор мамандар үшін үл­кен қасиет. Бұл қабілет сізге қа­лай келді? Бала кезіңізде кә­сіби түрде сурет салумен айна­лыстыңыз ба?

– Шынымды айтайын, дәл қазір сіз маған сурет салып бер десеңіз, қанша тырысқаныммен тілегіңізді орындай алмас едім. Өйткені сурет салуға келгенде аса шебермін деп айта алмаймын. Фотоға түсірумен де бала күнімнен жүйелі айналысқан жоқпын. Бірақ киноны көп көрдім. Академияда оқып жүргенде шет­елдік бір режиссердің сұхбатын тың­дадым. Сонда ол кісі айтады: «Біздің барлық жақсы сәттеріміз – ол балалық шағымыз. Мен әлі күнге дейін бір кадр түсіру үшін міндетті түрде балалық ша­ғыма ойша барып келемін» дейді. Сол сөзден кейін мен де ойланып қалдым. Шынымен де біздің барлық әдемі, әсерлі сәттеріміз, көркем көріністеріміз балалық шағымызда, туған жеріміздің таң­ғажайып табиғатында жатыр екен. Сол жас күнімізден бо­­йымызға сіңіп, түпсанамызда мәңгілік өшпестей болып сақталып қалған шығар. Сол сұлулық кадр арқылы көркем көрініске ұласса керек. Ал кәсіби түрде жарықпен жұмыс істеуді негізінен ұстазымыз Болат Сүлеевтен үйрендік. Сол кісінің айтқаны мен қолмен ұстатып көрсеткені бүгінде біздің жұмысымызға көп көмегін тигізіп жатады. Жалпы, операторлық өнерде мен қандай да бір жетістікке жетіп, қолтаңбам ерекшеленіп тұрса, ол – ұстазым Болат Қалиұлының ұстаздық еңбегінің жемісі деп білемін. Егер ол кісі емес, басқа ұстазға түссек, білмедім, бүгінде біздің қандай маман боларымызды. Бірақ жалғыз-ақ нәрсені анық білемін – Болат Сүлеевке кездесу арқылы біз өмірде де, кәсібімізде де үлкен лотерея ұтып алдық. Бүгінде Болат ағадан бітірген шәкірттерінің бәрі операторлық өнерді тастаған жоқ. Барлығы осы салада жемісті қызмет етіп келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

 Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»