Ансамбльдің құрамында кеше жалындап еңбек еткен, ал бүгін зейнеткерлік демалыста жүрген ардақты ағалар мен ақ жаулықты әжелер бар. Алды 70-тен асып, кейінгілері алпыстың ар жақ, бер жағында аяңдап жүрген аяулы жандар десек қателеспейміз. Олардың басқа өнерпаздардан ерекшелігі сол бір сағаттық қойылымдағы әндердің бәрі жанды дауыста орындалды. Концерттік бағдарламаның бас жағындағы Абай әндерінен дайындалған композиция салмақтылығын аңғартты. Бірнеше дауыста орындалған хакім Абай әндері көрерменнің көңіл көкжиегіне жылылық ұялатты. Бұл нөмірді ұлы Абайдың 175 жылдық тойына арналған десек те артық емес. Бұдан соң ұмытылып бара жатқан, бүгінгі жас толқын бірде естіп, бірде естіп те көрмеген халқымыздың қазыналы әндерінен, ретро әндерден сызылтқан Нұрсәуле Алдажұманова, Есбол Қошаев, Алмабек Бердіғалиев, Алтынбек Бейсенбаев, Жібек Қайырбекова, Хамитбек Махмұтұлы, Сартай Нұрақышев, Фарида Нұрдильдин секілді ардагер аға-апалардың әдемі де, таза дауыстарын естіген көрермен дүркірете қол соғып, риясыз ризашылықтарын білдірді. Бағдарламаның соңғы бөліміндегі Біржан мен Сара либреттасынан үзінді сәтті шықты. Жарқылдаған сахналық костюмдер, әсем ән, таза үн, жанды дауыс көрерменнің көңілін тебірентті.
Концерт соңында сөз алған Есіл ауданы әкімнің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы мен Астана қаласы ардагерлер кеңесінің жауапты қызметкері Салтанат Меңлібаеваның, Есіл ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Рысты Тұрғынбекқызының құттықтауынан кейін әкімдік атынан табыстаған ықылас гүлі шынайы ризашылықтың белгісіндей үлкендерге жасалған құрмет деп бағаладық.
Жалпы концерттің жинақы өтуіне, орындалған әндердің әншілердің дауысына сай таңдалуына жоғары білімді музыка маманы, доцент, ансамбль жетекшісі Фанида Нұрбаева мен бесаспап өнерпаз, ансамбль мүшесі Қарлығаш Құспанова, музыкамен сүйемелдеуші, баянист Мейрам Елубаев көп еңбек сіңірген.
Жыл ішінде ұйымшыл өнер ұжымы қаладағы көптеген мәдени-көпшілік шараларға қатысып, халықтың ыстық ықыласына бөленгенін де айтқан орынды.
Әйгерім Сейсенбина,
ансамбльдің әншісі