Күрделі тарих пен тағдырдың талай қиындығын көрген халқын данышпан Абай: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрсе де баян жоқ екені рас, жамандықта қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?», деп жігерлендіргені мәлім. Дана ойын бүгін де қайта-қайта жаңғырта айтуға мүдделіміз. Өйткені өткеннің ащы сабағы, маңызды тәжірибесі – ұрпаққа қашанда тағылым.
Ақиқатына келсек, елімізде жарияланған төтенше жағдай мен карантин – жұртшылықты шошытудың емес, сақтандырудың амалы. Рас, аты айтып тұрғандай, төтеннің тұрқы мен сиқы жаман. Болмысы да бөтен. Саны көп, іркес-тіркес шаруаны табан астында шешуге бірлі-жарым кісіні емес, барша жұртты жұмылдыру оңайға соғып тұрған жоқ. Дәл қазір комиссияның қауырт жұмысынан кемшілік іздеушілерден гөрі, оған септесуді өзіне борыш деп санағандар қатары, шүкір, көбейіп келеді. Күн-түн демей міндетін тоқтаусыз орындап жүрген түрлі сала мамандарына Мемлекет басшысы жария еткен алғысқа қалың халық та ақ-адал батасын үйіп-төгіп жатыр. Жамандықтың алдын алудың, шұғыл да кешенді әрекет қамдаудың арқасында індет шығынын азайтудың бар мүмкіндігі жасалды. Осындай күрделі кезеңде ел Мемлекет басшысының байсалды сөзін күтетіні рас. Өйткені төтенше жағдайға байланысты нешеме ұйымдастыру мәселелерін нақтылау, ауқымды істе ұшырасып қалатын құқықтық нигилизмді, жайбарақаттықты, өзге де келеңсіздіктерді болдырмау – әрі талап, әрі тегеурін. Мұндайда түсіндіру, ұқтыру, баяндау, үйлестіру жауапкершілігі де еселеп артады. Әсіресе БАҚ пен әлеуметтік желілерге заңнан ауытқымау қатаң ескертілсе де, желпінген, құрғақ сырғақтаған жалған хабарлама-болжамдармен бірге өте маңызды, салиқалы, салмақты, сындарлы, екшелген ақпараттар да араласып, таралып жатты. Бұл енді жаңару жолындағы қоғамдық сананың деңгейін білдіретін түйткілдер. Сондықтан ел күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе бойынша Мемлекет басшысының арнайы мәлімдемесін асыға күткен еді. Төтенше жағдайдың экономикалық, әлеуметтік салдары болатынын атап көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шаралардың екінші топтамасын жүзеге асыру бойынша байсалды да білікті тұжырымдамалары арқылы еліміздің қамкөңіл қалың топтарына ұғынықты етіп, психологиялық жағынан тірек боларлықтай жағымды шешімдерін жеткізді. Шындығында, бар шаруашылық байланыстары күрт үзілген кәсіпкерлер қауымына, күнкөріс қамын өздігінен күйттеп жүрген орта тап өкілдеріне мұндай сәтте ықыласты сөзжәрдем де, іс жүзіндегі қолдау да өте-мөте қажет еді. Әсіресе барлық топтағы мүгедектер, балалар мен жасы ұлғайған аға ұрпақ – зейнеткерлер мұқтажы ескерілгені, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көмек алу құқығының ұзартылғаны алдағы күнге сенімді бекемдей түсті. Несиеге, кепілдемеге, салыққа қатысты жеңілдіктер, медицина қызметкерлерін ынталандыру, уақытша жұмыссыз қалған азаматтарға жалақы, ресми жұмыссыз мәртебесін иеленгендерге төлемақы жөнінде мәлімдеме мәтінінде анық айтылғандықтан, оларды қайталауды жөн көрмедік.
«Айтылмаған сөзге қожасың,
Айтылған сөзге құлсың», деп халық нақылында айтылғандай, әр тармаққа жауапты мемлекеттік мекемелер заңды тиесілі көмекке ие болатыны күмәнсіз.
Біздіңше, дәл қазір уақытын кешіктіруге болмайтын көктемгі егіс жұмыстарына жедел кірісуге жағдай туғызылып отыр. Кезінде «көктемнің бір күні – жылға азық» деген үндеу болатын. Биыл қалыптасып отырған ахуалды ескерсек, күн көтерілген сайын көлеңке де қысқаратынын ойға алып, аталған бағытқа барынша көңіл бөлген дұрыс. Оның үстіне аграрлық несие корпорациясына үстемесі 5 пайыздан аспайтын 70 миллиард теңге, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қолдау үшін 6 пайыздан аспайтын үстемемен 100 миллиард теңге, жанармайды нарық бағасынан 15 пайыз арзандатып беру тапсырылды. Жылдағыдай құмға сіңген судай болмауын немесе талан-таражға түспеуін қадағалау Үкімет пен Бас прокуратураға, Есеп комитетіне, аймақтық ревизия комиссиялары мен қоғамдық кеңестерге жүктелді. Халқымыздың денсаулығын сақтаудан кейінгі басты міндет – экономикамызда дағдарысты болдырмау қаракетіне Мемлекет басшысы барлық қаражат көздерін тартуды тапсырды. Соның ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Ұлттық банктің ресурстары мен құралдары да бар.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы құрған Ұлттық қордың қаржысын ұтымды пайдалануымыз керектігіне баса назар аударды. Бұл барлық саладағы жауапты тұлғалардың іс-әрекеті үшін ерекше сұраныс болатынын аңғартса керек. Сондықтан қаражаттың ашықтығын, айқындығын және тиімді жаратылуын қамтамасыз етудің басқа да формаларын қолдану реті бар.
Мәселен, науқанды өткізуге дербес жауапты адамды және сол саланың білгір мамандарынан комиссия (халықтық бақылау) белгілеп, жұмыс барысын БАҚ арқылы халыққа көрсетіп отырса, шаруаның табысымен бірге жауапкершілігі де арта түсері анық. Мұны ауыл шаруашылығы саласындағы өткеннің бәрін жоққа шығару немесе терістеу емес, керісінше жаңа, ерекше жағдайда беріліп отырған жеңілдіктердің шынайы өндірушіге неғұрлым тезірек жетуіне қамқорлық жасау дер едік. Дәл қазір қалыптасқан бюрократияны ауыздықтау – басты фактор болмақ. Өйткені күн көтерілген сайын көлеңке қысқарады. Сонымен бірге жекелеген аудандар тұрғындарының басым көпшілігі іргесіндегі үй жерін тиімді пайдаланбай жатқаны да өтірік емес. Ал ол кең көлемдегі жеке меншік жерлерден өзге, сумен қамтамасыз етілген үй іргесі учаскелерін дұрыс пайдалану, яғни қажетті егіс пен дақылдарды, көкөніс түрлерін өсіруді, сатып алуды ұйымдастырушы менеджерлерді табу да – аудан, қала үшін бұрын қолданылмай келген тәсіл. Үй немесе жер иесі өнген өнімнен пайда табатынына сенімді болса, азық-түлік проблемасын шешуге үлес қосары сөзсіз. Ол үшін әкімдік басшылары, тиісті сала мамандары жер-жердегі әрбір істі саралап, байыбына бара түсінетін ел азаматтарын жұмылдыра білуі керек. Ал кежегесі кейін тартып, «анау жетпей жатыр, мынау жетпей жатыр» деп желеу іздеп, сылтау табатындарға қайратты әкімдер: «Ынта-ықыласыңмен қам жасасаң, бәрі де болады. Халық амандықта жүрсе, өз несібесі өзіне жетеді!», дейтініне сенімдіміз.
Тұтастай алғанда, Президент мәлімдемесі елдің алаң көңілін нақтылықпен байыптатып, бүгінгі сын-қатерден, төтенше жағдайдан, экономикалық дағдарыстан алып шығар сындарлы жолды нұсқады. Мұндағы әрбір экономикалық тұжырым, дәйек, әлеуметтік жөн-жоба, қағидаттар қаржылық есепке құрылғанымен ғана емес, ауқымды елдік парасатқа негізделгенімен маңызды. Бұл еліміздегі сабақтастық, әділеттік және даму жолының жаңа кезеңін анықтайды.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты