Әлем • 06 Сәуір, 2020

Қайта соққан дауылдан Қытай есігін қайта жапты

19523 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Коронавирусты жеңіп шыққанын жариялап, талайлардың кеудесіне үміт отын ұялатқан көршіміз - Қытай індеттің екінші толқынынан қорқып, қалаларды қайтадан жауып жатыр. Атап айтқанда, билік жалпы карантинге Хенан провинциясының – Цзя ауданының есігін жапты. Аудан халқының саны – 600 000 адам. 

Қайта соққан дауылдан Қытай есігін қайта жапты

Қазір ауданға кіріп-шығу жабық, қоғамдық көліктер мен таксилердің қозғалысы тоқтатылды. Тұрғындарға қайтадан үйден арнайы рұқсатсыз кетуге тыйым салынды. Блокада аймақта COVID-19 симптомсыз тасымалдаушылары анықталғаннан кейін жарияланды. Бұған дейін Қытай билігі індеттің нақты көлемін жасырды деп айыпталған болатын. Кешеден бастап Бейжің күн сайын жаңа асимптоматикалық инфекциялар туралы есептер бере бастады. Тәулік ішінде елде 35 жаңа инфекция және 6 өлім ресми тіркелді, вирусты жұқтырып алған адамдардың бәрі шетелден келген жергілікті азаматтар. «Қытай вирусты жеңді» деген күннен бастап тұрғындар шетелге саяхаттауға шыққан. Себебі жергілікті туристік агенттіктер екі-үш есе арзан бағамен жолдамалар ұсынған. Арзан жолдаманы көрген соң шыдап тұра алған адамдар аз болыпты. 

Қытай басылымдары кешеден бері коронавирустың емі табылмайынша, бұрынғы өмір салтын ұмыту керектігін ескертіп жатыр. Бұл - халықаралық туризм, 10 адамнан артық қатысатын жиындарды шектеу, халықаралық жиындарды онлайн режимде өткізу. Бұл мәселе алдағы уақытта заң шеңбері арқылы бекітілетін көрінеді. Қытай қоғамы бұл тәртіпті қабылдаса, халықаралық жиындар үшін мыңдаған делегацияны бір жерге жинаудың қажеті болмай қалады. Интернет платформалардың ауккаунт терезесі  форум міндетін атқара беретін көрінеді. 

Тіпті Қытайдағы жеңіл өнеркәсіп индустриясының өкілдері бетпердесі бар киім үлгілерін ашық саудаға шығаруға дайын отыр екен.

«Алдағы уақытта бетпердесі бар сән киімдері трендке айналады. Қытай индустриясы соған ыңғайланып жатыр. Бұл - қажеттілік» дейді 9tv.co.il

Басқа елдермен салыстырғанда, аз болғанымен, елде дүрбелең көбейіп келеді, өйткені Ухандағы түнгі қорқыныш қайтадан болуы мүмкін. Осы жағдайда Қытай екінші рейсті болдырмас үшін халықаралық рейстерді шектеп, шекаралық бақылауды күшейтті.

Ғалымдар бұл Covid-19 ертегідегі жеті басты айдаһардан да қауіпті екенін, 19 түрлі вирустың қосындысы екенін айтып жатыр. Қазіргі жағдайда біз бірінші  қауіптің ғана басын қайтардық. Бұл вирусқа қарсы адам ағзасында иммунитет жоқ. Салыстырмалы түрде айтсақ, адамның ағзасындағы қорғаныш қабілеті 19 есе күшті болуы керек.

ДДСҰ да дертке қарсы вакцина жыл аяғына дейін дайын болмайтынын ескертті. 19 түрлі вирустың қосындысының бетін қайтару ХХI медицинасына оңай болмайын деп тұр. Жаратылыстың заңына қарсы шығып, адамның орнын робот алмастырады деп астамсыған адамзатқа өзі тапқан миллион түрлі технологияға емес, бетпердеге ғана тәуелді болып, төрт қабырғалы пәтерінің терезесінен далаға телміріп қалды. Медицинасының мың жылдық тарихы бар Қытай қайта соққан дауылдан қорғану үшін  есік-терезесін қымтай бастады. Қазіргі жағдай қазаққа есігін ақырын ашып, ақырын жауып жүру қажеттігін, алдағы уақытта сақтықпен жүру қажеттігін ескертіп жатыр, ұқтырып жатыр.

Ауылдан хабарласқан ағайынның сөзінен ұққанымыз – ауыл да басы артық жиыннан және беймезгіл көшеге шығудан сақтана бастапты. Басқаша айтқанда, күндіз-түні есігі жабылмайтын ауыл үйлерінің есігі жабылған. Қауіпті дерттен осылай сақтап, карантиндегі ауылға айналып барады. Қазір қазақ үшін бастың амандығы олжа болып тұр. «Бас аман болса, тойларымыз алда» дегенмен де, бұрынғы өмір салтын біраз уақытқа дейін ұмытып, етек-жеңді жыюға тура келеді. Мүмкін бұл індет адамзаттың бойындағы дарақылықтан тазартып, Абай айтқан бес дұшпан: мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақтан аулақ жүру қажеттігін ұқтыру үшін жер бетіне жіберілген дауыл шығар.