Аймақтар • 06 Сәуір, 2020

Шымкенттік дәрігерлер мерзімінен бұрын туған үшемді аман алып қалды

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері мерзімінен бұрын туған үшемді аман алып қалды. Өкпесі дұрыс дамымай туған нәрестелердің үшеуі бірдей дүниеге келе сала жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкенттік дәрігерлер мерзімінен бұрын туған үшемді аман алып қалды

Жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, бір айға жуық арнайы күтім жасайтын бөлімшеде дәрігерлердің бақылауында болды.  

Биылғы жылдың үшінші үшемі 16 наурыз күні Шымкент қалалық перинаталдық орталықта дүниеге келген еді. Осы күні шақалақтардың анасы, 34 жастағы Арайлым Сембиеваға шұғыл түрде ота жасалған.

Ай-күні толмай туған сәбилердің салмағы небәрі 1,5 келідей ғана болған (1350 грамм, 1790 грамм және 1910 грамм). Мерзімінен бұрын дүниеге келген шақалақтардың жағдайы алғашқыда ауыр еді дейді дәрігерлер. Мамандар өкпесі дұрыс дамымай туған нәрестелерді жасанды тыныс алу аппаратына қосып, күтім жасады. Бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, екі аптаға жуық Мирадил Миркурбанов жетекшілік ететін арнайы күтім жасайтын бөлімшеде дәрігерлердің бақылауында болды.

Қалалық перинаталдық орталықта күтілген нәрестелер осы уақыт ішінде салмақ қосып, жағдайлары жақсарды. Ақ халаттылардың біліктілігі мен күтімінің, тынымсыз еңбегінің нәтижесінде шала туған шақалақтар аман қалып, анасы балаларын бауырына басты. Төртінші рет ана атанған 34 жастағы Арайлым Сембиеваның жақындары сәбилерге Медина, Алина және Ясина деген есім беріп отыр.

«Қазір олардың өміріне еш қауіп жоқ», дейді мамандар. Бұйыртса, үшемдер мен анасы 7 сәуір күні перзентханадан шығарылмақ.

 

Шымкент