Жаңа аппараттар туралы өзінің твит парақшасында облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді. «Бүгін бірінші қалалық аурухананың жан сақтау бөлімшесіне бардым. Мұнда науқастарға 10 орын дайындалып, өкпеге жасанды вентилиция жасайтын 10 аппарат қойылған. Жуырда осындай тағы 5 аппарат алдық. Қазір облыста барлығы 74 аппарат бар.
Өңірде қатты ауырғандар жоқ. Бүгін бірінші науқас емделіп, үйіне барады. Біздің дәрігерлер үлкен жұмыс атқаруда. Оларға алғысымды білдіремін. Бүгінде дәрігерлер ешкіммен байланыс жасамайды. Олар бөлек қонақ үйде тұрып жатыр, барлық жағдай жасалған», - деп жазды Құмар Ақсақалов.
Жасанды вентиляция жасайтын аппарат оттегі мен қысылған ауаның қоспасын өкпеге айдап, қанды оттегіне қанықтырады және қысыммен көміртегі газын айдап шығады.
Қазіргі аппараттарда қоспа газды ылғалдандырып тұру үшін қосымша дөңгелекті ролигі және жылытып тұратын жүйесі де бар. Бұл аппаратты 1927 жылы Ф.Дринкер мен А.Шоэм деген ғалымдар ойлап тапқан. Бүгінгі бағасы әр елде әртүрлі. Мәселен, германиялық аппараттардың бағасы 100 мың АҚШ долларына дейін жетеді, ал АҚШ-тың өзінікі 70 мың доллар шамасында. Ресейдікі 300 мың рубльдің төңірегінде.
Солтүстік Қазақстан облысы