Аймақтар • 06 Сәуір, 2020

Вируске қарсы күресіп жүрген ата-аналарға балалары қолдау көрсетті

541 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін  ІТ-лицейдің 2 «ә» сынып оқушылары үйде отырып, аты жаман індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген ата-аналары – медицина қызметкерлеріне, полицейлерге, әскерилерге суреттер салып: «Әке, біз сізді үйде күтеміз!», «Біз біргеміз!», «Өзіңізді күтіңіз», «Барлығының сауығып кеткенін тілейміз!» деген әсерлі суреттерімен патриоттық клип ойлап тауыпты. Оны «Әрқашан күн сөнбесін!» әнімен орындап, өз аккаунттарына орналастырған. Тек осы сыныптың өзінде-ақ 9 полиция қызметкері мен  ардагерінің және 2 әскери қызметшінің балалары оқитын болып шықты...

Вируске қарсы күресіп жүрген ата-аналарға балалары қолдау көрсетті

Екінші сынып оқушыларының  қолдауы ересектердің көңілінен шықты және аталған клип әлеуметтік желілер мен сайттардың ведомстволық аккаунттарына орналастырылады.  Облыстық полиция ведомствосының басшысы Марат Төлебаевтың айтуына қарағанда ерекше жағдайда қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлері үшін солтүстікқазақстандықтардың кез келген қолдауы аса маңызды. Өңір полицейлері қазір қызметті үш ауысымда атқарып жүр. «Қолдау көрсетіп жатқан біздің еріктілерімізге, түсіністік пен төзімділік танытып жатқан дәрігерлердің, полицейлердің, құтқарушылар мен әскерилердің отбасы мүшелеріне алғыс білдіремін. Кіп-кішкентай жүректеріндегі шексіз патриоттық сезімдері үшін оқушыларға ерекше ризамын!» - деді департамент бастығы.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында қауіпті індетті жұқтырған 25 адам тіркелген. Облыс орталығын патрульдеуге күн сайын 500-ден астам полиция қызметкері мен әскери қызметшілер тартылған.

Солтүстік Қазақстан облысы