Экономика • 07 Сәуір, 2020

Бағаны тұрақтандыруда оң нәтиже бар

431 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы облысы аумағында әлеуметтік маңызы бар та­уар бағасын тұрақтандыру мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бүгінде облыстың тұрақтандыру қорында 2226 тонна түрлі азық-түлік та­уары бар екен. Бұл қор аудан, қала әкімдерінің тапсырмасына сәйкес дайындалған. Оның 912 тоннасы қазірге дейін жергілікті жерге жеткізілген.

Бағаны тұрақтандыруда оң нәтиже бар

Бұл облыста әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын төмендетуге мүмкіндік берді. Жалпы, өңірде әкімдік тарапынан атқарылған шаралар нәтижесінде бағаны тұрақтандыруда оң қозғалыс байқалып отыр. Дегенмен жүргізілген талдау қорытындылары әлеуметтік маңыздағы азық-түліктің кейбір түрлері Ескелді, Панфилов, Ұйғыр аудандарында әлі де жоғары екенін көрсеткен. Қазіргі өлшем бойынша әлеуметтік маңызды азық-түліктің тізіміне 19 түрлі тауар кіреді екен. Осы тауардың 17 түрі Алматы облысында өндіріледі. Ендігі мақсат – өнім бағасын қалыпты деңгейде ұстап тұру. Бұл бағытта «Жетісу» әлеу­меттік корпорациясы жұмыс жүргізуде. Корпорация облыстағы ірі сауда нүктелерімен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен келісімшарт жасасып, соның негізінде кәсіпкерлер банк кепілдігіне айналым қаражатын алып отыр. Есесіне кәсіпкерлер халықты әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларымен қамтып, бағаны ырықтандырып ұстап тұруға тиіс. Келісімшарт бұзылған жағдайда сауда нүктелері де, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де салынған қаржыны қайтарулары тиіс. Мұны қаржылай қолдау үшін облыс бюджетінен 1 млрд теңге бөлінген. Ал облыс әкімі Амандық Баталов қажет болған жағдайда қосымша тағы 1 млрд теңге бөлу керектігін айтады.

– Алматы облысы – аграрлы өңір. Сондықтан біз облысты барлық қажетті азықпен қамтамасыз етіп, қосымша қор жинақтауды назарда ұстаймыз. Яғни бұрынғыдан да көп жұмыс істеуге тиіспіз. Мәселен, көктемгі дала жұмыстарының барлығы өз мерзімінде жүргізіліп, босаңсуға жол берілмеуі керек. Ол үшін бізде барлық жағдай бар, қажетті көмек көрсетіліп келеді. Қант зауыттарын 600 мың тоннадай қызылшамен қамтамасыз етуіміз керек. Ал жүгерінің алқабын 82 мың гектарға жеткіземіз. Заманға сай агротехнологияны қолдана отырып, өнімділікті арттыруға тиіспіз, – дейді облыс әкімі А.Баталов.

Төтенше жағдай кезінде жандарын шүбереке түйіп жұмыс бастаған шаруа қауымының еңбегін ерекше бағалауымыз керек. Әсіресе қырда жер жыртып, дән егіп жатқан диқандар үшін қазір қарбалас. «Көктемнің әр күні – жылға азық» деген нақылдың нақты іс жүзіне асатын кезеңі жетісулық шаруалар үшін де жауапкершілікпен басталды. Жалпы, биыл Жетісу топырағында жайқалып өсетін егістік көлемі жылдағыдан ұлғайды. Яғни дәнді дақылдар алқабы өткен жылмен салыстырғанда 4,9 мың гектарға көбейіп, 966,5 мың гектарға жетуі тиіс. Қазір облыс шаруалары осыған күш салып отыр. Биыл аймақтағы көктемгі дала жұмыстары 10 наурызда басталды. Бүгінге дейін 157,4 мың гектар жер жыртылып, барлығы 51 мың гектарға дән егілген. Оның ішінде 21,5 мың гектар арпа мен бидай, 15,1 мың гектар жаздық дақыл себу жұмысы аяқталып, жалпы көлемі 36,6 мың гектардағы жұмыс тиянақталған. Сондай-ақ 3,3 мың гектарға мақсары, 2,3 мың гектарға картоп, 4,7 мың гектарға көкөністің барлық түрі, 2 мың гектарға бақша дақылдары және 4,9 мың гектарға мал азығы үшін шабылатын бір жылдық, көпжылдық шөп егілген екен. Диқандар күздік дақылдың да қамын күйттеп қойған. Мысалы, жалпы 109,6 мың гектар жер жыртылып, оған 97 мың гектар бидай, 12,4 мың гектар арпа егілген. Ал диқандар осы күздік дақылдарға 223,2 мың тонна тұқым жұмсапты.

Тұқым демекші, облыс шаруаларына қажетті тұқымды «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сатып алып отыр. Биыл облыстағы 548 шаруа қожалығына қажетті қант қызылшасының жоғары сұрыпты тұқымы бірінші кезекте алынды. Бұл тұқым 14,2 мың гектар егіс алқабына жетуі тиіс. Жалпы, «Жетісу» корпорация­сы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін сұраныс берген шаруаларға 167,1 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін берген.

Сондай-ақ қазір облыстың ауыл шаруашылығы алқаптарындағы көктемгі дала жұмысын 33,8 мың бірлік техника атқарып жүр. Яғни диқандарды қажетті трактор мен қосалқы техникамен қамту деңгейі 97 пайызға жеткен. Осы қарқынмен егістіктегі қауырт тірлікті 25 мамырға дейін толық аяқтау міндеті тұр.

 

Алматы облысы