Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Даладағы дүбірге дайын

204 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көктемгі егіске дайындық науқанына еліміздің астықты өңірі – Солтүстік Қазақстан облысы да кірісіп кетті. Биыл біздің облыс 4 млн гектар жерге астық, 250 мың гектарға майлы дақылдар екпек.

Даладағы дүбірге дайын

Өңір диқандары жылдан-жылға тыңайтқыш қол­да­ну­ды да арттырып отыр. Жер жарықтықтың құ­на­ры жылдан-жылға азайып барады, тек тыңайтқыш қана оның нәрін арттырады. Сондықтан диқанның тыңайтқыш алуға деген сұранысы өсе түсуде. Мемлекет шаруаның талабын қолдап отыр, биыл бұл жұмысқа 5,5 млрд теңге суб­сидия қарастырылған. Был­тырғымен салыс­тыр­ған­да бұл 1 млрд теңгеге артық. Субсидия түрлі зиянкестерді құртуға да беріледі. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов 2022 жылдан бастап пестицид пен гербицидке берілетін субсидия 11 млрд теңгеге дейін артатынын жеткізді.

«Біздің ұсынысымызды Мемлекет басшысы қолдап, субсидия көлемін арттыруға қол жеткізіп отырмыз. Оны тиімді пайдалану – біздің міндет. Сондықтан сапалы химикаттар табу керек. Арзан деп ұсынылған кейбірінің пайдасы жоқ, бұл тек ақшаны желге шашу. Бұл бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен де келісу керек», деді өңір басшысы Қ.Ақсақалов.

Диқанның зәру мәселе­сі­нің бірі – озық тех­ника. Қа­зіргі техниканың көбі ес­­кір­ген. Жа­қын шетелдерден келетін техника сапасыз, жиі ауыстыруға тура келеді. Сондықтан кіріс-шы­ғы­сын есептеуге маманданып алған диқандар мем­лекеттің күшімен барынша сапалы, бірнеше жыл бойы тиімді жұмыс істей алатын алыс шетел­дердің озық технологиялы техникаларын алуға құштар. Осы орайда облыс 2 мың дана жаңа техника сатып алмақ. Оған мемлекеттік бюджеттен 40 млрд теңге қарастырылып отыр. Аталған қаражат тиімді жұмсалса, диқандар машина-трактор паркін біршама жаңартып алмақ.

Биылғы көктемгі дала жұмыстарына барлығы 13,7 мың трактор, 16 мың тұқым сепкіш, сондай-ақ жоғары сапалы 1,2 мың себу кешен­де­рі дайын. Соның ішінде, жыл басынан 5,3 млрд теңгеге сатып алынған жаңа техникалар да бар. Облыс басшысының айтуынша, сол­түс­тік­қазақстандықтар былтыр 1897 бірлік жаңа техника сатып алып, машина-техника паркін 3 па­йызға жаңартқан. Осы көрсеткішті жыл сайын 6 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Соны­­­мен бірге қосалқы бөл­шектер жеткізуді тиімді ұйымдастыра білген жөн. Қазір ең қажетті деген бөл­шек­тердің тізілімдері жасалып, сауда орындарына жет­­кізілген. Шаруа қала кө­ше­­лерінде іздеп жүрмес үшін бөлшек сауда дүкендері шаһар­дың кіреберістеріне орналастырылды. Олар шектеу шараларына қарамай, үзіліссіз жұмыс істейтін бо­лады. Өңір басшысы аудан әкімдерінің бұл іске жіті қарап, шаруаның қа­жет­тіліктерін біліп отыр­уы керегін ескертті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы