Қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою шараларын жүзеге асыруға қатысуға дайын азаматтар саны артуда. Ізгілікті ту еткен қоғам белсенділері де бұқараға жақын болуға ұмтылып жатыр. Өз кезегінде департамент жанынан құрылған «Маңғыстау – адалдық алаңы», Арнайы мониторингтік топ пен Ақпараттық-ағарту штабы құрамындағы қоғам белсенділері азаматтарға көмек беріп, қызмет көрсетіп отыр. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында республика бойынша барлық департамент жанынан «ANTIKOR ORTALYǴY» ашылып, өз қызметтерін бастап кетті.
Аталған орталық Маңғыстау облысында да халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Ашылғанына аз ғана уақыт өтсе де орталық халықтың емін-еркін пікір алмасып, келелі мәселелерді шешу мақсатында кеңесу алаңына айналып отыр. Осы орайда қоғаммен байланысты нығайту жолында ANTIKOR ORTALYǴY аптаның әр күнінде азаматтардың арыз-шағымдары бойынша қабылдау өткізіп, ай сайын құқықтық кеңес беріп отырады. Аталған қызмет аясында «Халық заңгері» және «Адал көмек» акциялары дәстүрлі түрде жүргізіледі. ANTICOR ORTALYǴY ашылғаннан бастап акциялар бойынша 19 азаматтың мәселесі қаралды және кеңес берілді.
Сыбайлас жемқорлықты жою іс-әрекеттері халықпен бірлесе отырып жүргізілгенде ғана нәтижелі болады. Осыған орай, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің басшылары мен жеке құрамдары сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін мінез-құлықтарды қалыптастыру және нығайтуға бағытталған семинарларымызға қатысады, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алады. Осылайша, ізгі қоғамның басты шарты «адалдық», «адам құқығы мен бостандығы», «ар» және «адамгершілік» құндылықтарын алдыңғы орынға шығаруға атсалысамыз.
Ұлттың болашағы мен қозғаушы күші жастар болғандықтан, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыруға тиістіміз. Жыл басынан бері өңірдегі ЖОО мен колледждерде оқитын жас буындар үшін жемқорлықтың теріс салдарын түсіндіру мен өз құқықтарын қорғай алуға дағдыландыру мақсатында кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырылып отыр. Мәселен, облыс бойынша білім беру ұйымдарында 112 «Адалдық дүкені» жұмыс істеп тұр. Бұл жоба жастардың өздерін адал адам ретінде тануға мүмкіндік береді және әділ әрі сенімді қоғам құруға ықпал ете алады.
Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою – әрбір азаматтың міндеті. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру үшін бірлесіп жұмыс атқару мақсатында облыстық Білім басқармасы, Тауарлар және қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, «Маңғыстау-медиа» ЖШС, Әділет департаменті меморандумға қол қойып, бірге іс-шаралар атқарып келеді. Біз аталған іс-шараларды жүзеге асыру және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік позициясын ұстану арқылы сыбайлас жемқорлық жеңеміз деп сенемін.
Болат ЖЫЛҚЫБАЕВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы
Маңғыстау облысы