Саясат • 07 Сәуір, 2020

Ел экономикасы елеусіз қалмайды

168 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесі өте өзекті әрі дер кезінде жарияланып отыр.

Ел экономикасы елеусіз қалмайды

Қарапайым азаматтарды, кәсіпкерлерді елеңдеткен бір­қатар сұрақтарға анық әрі ашық жауап айтылды. Әсіресе табыссыз қалған азаматтарға, кіріс­сіз қалған кәсіпкерлерге мем­лекет тарапынан үлкен қам­қоршылық жасалмақ. Президент кәсіп­керлікке қатысты үш бағытқа тоқ­талды. Ең алдымен егін еге­тін кәсіпкерлерге қаржылай және жеңілдетілген бағамен жанармай ұсыну тұрғысынан қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысы осы жеңілдетілген бағамен берілетін жанармайды шаруаларға дейін жеткізу мәселесін ерекше ескертті. Себе­бі мемлекет тарапынан бұ­ған дейін көрсетілетін осы тектес қолдауларға қатысты сәт­сіз тәжірибе қалыптасқан еді. Мемлекет қолдауына қолы жетпеген қожалықтар аз емес. Енді ондай олқылықтарға жол берілмеуі керек.

Тағы бір айта кететін жайт, карантин кезінде көптеген шағын және орта бизнес иелері кіріссіз қалып, мүшкіл жағдайға тап болды. Олардың да бүгінгі жағдайы оңып тұрған жоқ. Несиені өтеу мен салық төлеуді айтып отырмын. Биыл 16 наурызда Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Мемлекет басшысы халыққа Үндеуін жеткізіп, онда осы салық мәселесіне қатысты оң шешім қабылдаған болатын. Яғни кәсіпкерлердің алдағы үш айлық салық борышын кейінге қалдыру туралы шешім
шықты.

Осындай оң қадам несие­ге қатысты да айтылған еді. Алайда бұл мәселе әлі де болсын шешімін таппай келгенін айту қажет. Кәсіпкерлер банк бөлімшелеріне келіп, несиені, оған қосылатын пайыздық үстемеақыны тоқтата тұру туралы айтса, банк мамандары бұл мәселені қарастыру, әлі де талдау қажеттігін жет­кізетінін жиі естимін. Ал бұл жол­ғы мәлімдемесінде Пре­зи­дент қатаң тапсырма беріп отыр. «Мен тағы да екінші дең­гейдегі банктерден азаматтық жауапкершілік пен түсіністік танытуды сұраймын. Банктер қиын жағдайға тап болғанда мемлекет оларға айтарлықтай көмек берді. Қазір сіздер халыққа және отандық бизнеске қолдау көрсетулеріңіз керек. Қажет бол­ған жағдайда мемлекет тарапынан қосымша нұсқаулық шаралар қолға алынады. Жағдай одан әрі ушығатын болса, Үкімет пен қаржы саласының құзырлы органдары бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдайды», деді Қ.Тоқаев.

Президенттің бұл бастамасы кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болып отыр. Ендігі мәселе осы айтылғандарды іске асыру. Банк саласы да бизнестің бір тармағы. Алайда төтенше жағдай кезеңінде түсіністік танытуды да ұмытпағандары жөн.

Ендігі мәселе – еліміздің ішкі нарығын тұтынушылар та­ра­пынан сұранысқа ие тауарлармен толықтыру. Отан­дас­тары­мызды бидаймен, ұнмен қамти алсақ та, сұранысқа ие өзге де көптеген азық-түлік өні­мін импорттауға мәжбүрміз. Сон­дықтан Мемлекет басшысы импорт тауарларына салына­тын баж салығын алып тастау бастамасын көтерді. Алайда Еуразия экономикалық одағы шең­беріндегі мемлекет болғанды­ғымыздан кеден мәсе­лесіне қатысты мұндай шешімді Қазақстан өзі ғана шығара алмайды. Аталған Одақ серік­тестерімен жұмыс жүргізу мәсе­лесіне қатысты еліміздегі тиісті органдарға тапсырма берді.

2007 жылдардағы дағда­рыстан бастап кәсіпкер­лерге қол­дау тек банктер арқылы жа­са­лып келді. Ендігі жерде бо­лашағы бар, тауарлары сұра­нысқа ие кәсіпкерлерді банк­тердің қатысуынсыз тіке­лей қар­жы­ландыру мәселесі кө­терілді. Бұл да дұрыс шешім деп баға­лауға болады. Бұған дейін мұндай қолдаулар болмаған еді. Пре­зиденттің бұл тапсырмасы отандық тауар өндірушілер үшін аса маңызды.

Қорыта келсек, Мемлекет басшысының еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағ­дарысқа қарсы іс-шаралары қазақстандықтарға зор мүмкіндік беріп отыр. Енді Үкімет тарапынан осы тапсырмалардың тиімді әрі уақытында жүзеге асырылуын күтеміз.

 

Азат ПЕРУАШЕВ,

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы,

Мәжіліс депутаты