Ресейлік журналистердің хабарлауынша, Беларусь маманы жақын уақытта Ярославльдің «Локомотив» клубына басшылық етпек. Сондай-ақ клуб осы аптада оны бас жаттықтырушы ретінде ресми таныстырады. Бір айта кетерлігі, Андрей Скабелка үшін «Локомотив» бейтаныс команда емес. Өз кезегінде Скабелка Ярославль командасы сапында үш жыл қатарынан өнер көрсетіп, 1997 жылы Ресей чемпионы атанған.
Сондай-ақ Скабелкамен бірге «Локомотив» сапына «Барыстың» екі бірдей үздік ойыншысы – қорғаушы Атте Охтамаа мен қақпашы Эдди Паскуале де ауысуы мүмкін. Екі хоккейшінің де «Барыспен» келісімшарты 30 сәуірде аяқталады.
Айта кетейік, 6 сәуір күні елорданың «Барыс» командасы Андрей Скабелка қызметінен кеткенін және жаңа бас жаттықтырушы іздеп жатқанын хабарлаған болатын. Скабелканың клубтан кетуінің басты себебі – екі тарап еңбек келісімшартын созуға келісе алмаған.
«Барыс» Беларусь маманымен екі рет Гагарин кубогының екінші плей-офф кезеңіне шыққан-ды. Сондай-ақ биылғы ҚХЛ бәсекесінің Шығыс конференциясында екінші орын иеленді.