Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Олар үй бетін көрмей күресуде

398 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавлда жаман індет шарпыған жандар бірінші қалалық аурухананың инфекция бөліміне орналастырылған. Жуырда оған облыс әкімі барып, өкпені жасанды жолмен тазартатын бес жаңа аппарат сыйлағанын жазған болатынбыз. Инфекциялық бөлімшенің медициналық қызметкерлері жанкештілікпен әрекет етіп жүргендері белгілі. Соның арқасында өлім-жітім жоқ, керісінше бір жас әйел емделіп, кеше ауруханадан шықты.

Олар үй бетін көрмей күресуде

Бұл пендешілік дегенді қойсаңызшы, сол, 1993 жылы туған әйел менің деректерімді айтып қойдыңдар, барлық әлеуметтік желілерге атым шығып кетті, мен сендерді сотқа беремін деп тұлданып кетіпті. Өліп қалғанда белгілі болмай, тірі қалғанында белгілі болғаны оған «қиын» екен...

Енді аты жаман індетпен тікелей күресіп жүрген жандар туралы айта кетейік. Қарапайымдылықтары шығар, бөлімшеге хабарласқан едік, біз ештеңе де айтпаймыз деп олар аурухананың бас дәрігерінің телефонын ғана бере алды. Бас дәрігер Ботагөз Сүлейменова: «Мен олардың бірін жақсы, бірі жаман еңбек етіп жатыр деп айта алмаймын, бәрі де өз міндеттерін адал атқаруда. Дәрігерлерді айтатын болсам, олар: Ғалия Сыздықова, Айнагүл Қасыбаева, Әубәкір Омарәлиев, медбикелер Штоль, Широченко, Побережник, Сергеева. Бәрі де өз істеріне берілген, адал қызмет жасайтын жандар. Солардың ішінде медбике Лида Сергееваның белсенділігі тіпті жоғары. Ал бөлімшенің санитар – тазалықшылары Айтмағамбетова, Қадырова, Рожкова, Баженова, Луценколар. Бұлар да тек мақтауға лайықты қызметтер жасауда», деді.

Қазір бөлімшеде 24 науқас бар. Дерттің беті қатты болып бара жатса, дереу өкпені жасанды жолмен тазалайтын аппаратқа жатқызылады. Ал емдеу әдістері республикалық мамандардың анықтаған әдістерімен жасалуда. Оған қажетті барлық дәрі-дәрмектер жеткілікті. Науқасқа түскенінен бастап 14 тәуліктен кейін сарап жасалады. Егер инфекция жоғы анықталса, дереу үсті-басы толықтай дезинфекцияланып, үйіне арнаулы көлікпен жеткізіледі.

Ал дәрігерлер, медбикелер және тазалықшылар үйлеріне жіберілмейді. Бір күндік ауысымын атқарған соң олардың үсті-басы тегіс дезинфекцияланып, арнаулы көлікпен, ешқайда шығармай «Алтын Орда» қонақүйіндегі ешкіммен араластырмайтын жеке нөмірлерге жеткізіледі. Келесі ауысымдары басталғанша олар осы жерде болады. Үй-іші, бала-шағасымен тек телефон арқылы сөйлесе алады. Ботагөз Сүлейменованың айтуына қарағанда мұндағы жағдай өте жақсы көрінеді. Дәрігер қызметкерлердің бәрі де оған риза екен. Сонымен бірге Б.Сүлейменова: «Біздің дәрігерлерімізді қолдап, бір реттік костюмдер әперген Алла Писаренко басқаратын «Іскер әйелдер ассоциациясы» қоғамдық ұйымы мен барынша дәмді тағамдар жеткізіп беріп отырған Сайран Хамзин басқаратын «Рестораторлар ассоциациясы» қоғамдық ұйымына да алғысымыз шексіз», деді. Осындай қоғамдық ұйымдар болмаса Қызылжардың 4-5 қабатты супермаркеттер тұрғызып жатқан шіріген байларынан сыбыс жоқ...

Қазір инфекциялық бөлімшенің медициналық қызметкерлері наурыз айының қосымша ақысын да толық алған екен. Бұл да олардың еңбегін ынталандыра түсуге зор ықпал етіп отырған көрінеді. Еске сала кететін болсақ, инфекциялық стационардық медициналық қызметкерлеріне оның көлемі 825 мың теңге. Біз оларға тек амандық, істеріне береке тілейміз. Қомақты қосымша ақыларын қуаныштарына жаратуға Алла нәсіп етсін.

 

ҚЫЗЫЛЖАР