Экономика • 07 Сәуір, 2020

Азияның ахуалы қандай болмақ

1010 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әлем экономикасы бұған дейін де талай рет рецессияға ұшырап, талай рет дағдарысты басынан кешіріп келді. Бірақ, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрімше бейнелеп сөйлер болсақ, бұл дағдарыстың бұрынғылардан өзгерек екенін білгеніміз абзал. 

Азияның ахуалы қандай болмақ

Олай дейтініміз, бұған дейінгі өңірлік және аймақтық экономикалық дағдарыстар дамыған елдердегі ірі банктерден бастау алып, негізінен қаржы саласындағы келеңсіздіктермен шектелген болса, бүгінгі таңдағы коронавирус індетіне байланысты ахуал қаржы саласы ғана емес, әлем елдері арасындағы адам, тауар және капитал айналымына тікелей теріс әсерін тигізетін бұрын-соңды болмаған жаһандық дағдарысқа айналды.

Әлем елдері арасындағы тауар мен капитал айналымының деңгейі күрт төмендеп, халықаралық сауда-саттық қатынастар жүйесі сыр бере бастаса, соның кесірінен әсіресе Азия аймағындағы дамушы елдердің экономикасы көп зардап шегіп отыр. 

Американдық The Heritage Foundation ұйымы осы жылдың 17 наурызында ғана Азия құрлығындағы халықаралық қаржы-экономикалық хаб болып табылатын Сингапур мемлекетін әлемдегі ең ашық экономика деп жариялап, ал екінші орынға тағы да сол Азиядағы Гонконг қаласын қойған еді. Бұл Азия құрлығындағы ең дамыған елдердің бірі Сингапур мен бір өзі біршама елдің экономикасынан асып түсетін Гонконг мегаполисі әлем елдері үшін есігі айқара ашық, халықаралық деңгейдегі даму мен жаһандану үрдістерінің үлгісі болып отырғанының бірден бір белгісі еді. 

Алайда, одан кейін бір апта өтпей жатып коронавирустан сескенген сол Сингапур үкіметі әуе, теңіз және құрлықтағы шекараларынан өтетін адамдар санына шектеу қойып, екі күннен кейін есігін тарс жауып алып, әлемдегі ең ашық мемлекет әлемдегі ең жабық елге айналып шыға келді. Басқасын айтпағанда, қасындағы Малайзиядан қатынап нәпақасын тауып жүрген жарты миллионға жуық адам бір күнде жұмыссыз қалып, күнкөріс көзінен қағылды. Ал Гонконг оған дейін ақпан айының аяғында-ақ жан-жағын жауып, оқшауланып үлгерген еді. 

Әлем экономикасының жартысынан көбі Азияға тиесілі болып отырған жаһандану дәуірінде ірі халықаралық қаржы орталықтары болып табылатын Сингапур мен Гонконгтың жағдайы осындай боп жатқанда, жаһандық сауда-саттық пен әлемдік өндіріс жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып отырған Тайвань, Вьетнам сияқты мемлекеттер шекаралардың жабылуынан көп зардап шегіп, сансыз адам сандалып қалса, күн көрісі туристік салаға негізделген Тайланд сияқты елдердің жағдайы жығылғанға жұдырықтың кейпін көрсетіп отыр. Камбоджа, Лаос сияқты мемлекеттер қаржылық жағынан Қытайға тәуелді болса, Мьянма, Бангладеш сияқты жеңіл өнеркәсіп пен текстиль өнімдерін шығарумен табыс тауып отырған халықтардың жағдайын айтпай-ақ білуге болады. Ал бір жарым миллиардқа адамға жуық халқы бар Үндістан сияқты алып мемлекеттің экономикалық саясаты індет басталмай тұрып-ақ оң бағаланып отырған жоқ еді, енді тіпті оңбай қалатын түрі бар. 

Азия елдері арасындағы жұмысшылар миграциясы шамамен 35 миллион адамға жетіп, бірін-бірі салыстырмалы түрде еркін қатынай алудың арқасында нәпақаларын тауып жүр. Енді сол халықтар жұмыс орындарынан айырылып, бұндай жағдай әр мемлекет үшін ең күрделі саяси-әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Бұл әсте әркім өз қотырын өзі қасысын дей салуға келмейтін күрделі мәселе. Ахуал жуық арада жақсармайтын болса бұндай жағдай лезде-ақ бәрімізге ортақ өңірлік проблемаға айналып шыға келмек. 

Халықаралық еңбек ұйымы жуық арада 25 миллион адам жұмыссыз қалатынын айтып отырғаны бекер емес. Ең алдымен жұмыссыз қалатындар кім десеңіз, дәл сол бір елден бір елге өтіп жұмыс істеп жүргендер, яғни, жаһандану мен халықаралық ынтымақтастық негізінде қалыптасқан жүйенің жемісін жеп жүргендер. Азиядағы көп елдің экономикасы өзінен қарағанда даму деңгейі жоғары мемлекеттерге жұмысқа кеткен адамдардан келіп түсіп жатқан қаржыға тәуелді екені рас. Мысалы, Филиппиндер мемлекетінің шетке шығып жұмыс істеп жүрген халқы жыл сайын елге шамамен 35 миллиард доллар қаржы аударып отырғаны көпті аңғартады. 

Адам саны көп, жұмыс қолы арзан Оңтүстік немесе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ондай жағдай айқын болса, оларды айтпағанда, өзіміздің Орталық Азия аймағында да жағдайы сондай елдердің бар екені жасырын емес. Ұлттық валюталары құнсызданып, артылып қалған еңбек күші арзандай беретін болса бұған дейін салыстармалы түрде даму деңгейі жоғары мемлекеттердің өздері көршілеріне күліп қарай алмайтын жағдайға душар болып қалуы әбден мүмкін. 

Өйткені өзара тәуелділік тереңдеген жаһандану заманында бір елдегі қаржы-экономикалық проблема міндетті түрде екінше елдің жағдайына тікелей әсер етеді. Төрт құбыласын тұмшалап, жаңа вирус жұқтырғандар санын шектей білген елдердің бұндай саяси шешімдері «жоғары бағаланып» отырса, ендігі кезекте ол елдердегі қаржы-экономикалық саладағы ахуалдың нендей проблемаларға алып келетінін кейінге қалдырмай ойлану бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. 

Бұл жерде бір маңызды нәрсені айтып өткен жөн. Негізі, әлемнің екінші, Азияның бірінші экономикасына айналған Қытай елінің даму деңгейі бұл індет басталмай тұрып-ақ бұған дейінгі қарқынды даму жылдарымен салыстырғанда төмендеп кеткені белгілі. Оған ҚХР мен АҚШ арасындағы сауда соғысы сияқты халықаралық деңгейдегі геосаяси және геоэкономикалық факторлар ғана емес, елдің ішкі саяси-әлеуметтік жағдайы да өз әсерін тигізіп келген болатын. 

Қытайдағы жұмыс күшінің бұрынғыдай арзан емес екені, қытайлық компаниялардың интеллектуалды меншік құқығын сыйламайтындығы, дамыған мемлекеттердің стандарттарын мойындай бергісі келмейтіні сияқты көптеген факторлар осы елдің негізгі сауда әріптестерінің қытығына тиіп келгені рас. Сондықтан трансұлттық өндіріс компаниялары арасында, әсіресе АҚШ пен оларға саяси одақтас елдердің компаниялары өздерінің Қытайдағы зауыттарын өз елдеріне немесе Азияның басқа елдеріне көшіре бастаған еді. Ал енді мына жағдай енді тіпті тілегенге сұраған болып отырғандай. Басқасын айтпағанда, әлемнің үшінші экономикасы немесе ірі халықаралық қаржылық доноры ғана емес, Азияның технико-технологиялық саладағы алдыңғы арбасы болып саналатын Жапонияның да Қытайға айтары аз емес. Жапон үкіметі коронавируспен күресуге 500 миллиард доллардан астам қаржы бөліп, ал отандық компаниялардың Қытайдан зауыттарын көшіруге кететін шығындар көлемінің үштен екі бөлігін үкіметтік көмек есебінен жабуға қолдау көрсетеміз деп отыр. Бұл да Қытай экономикасы үшін тағы бір қатты соққы болғалы тұр десек артық айтпаған болар едік. 

Ал коронавируспен күресуде оң нәтиже көрсете білген Оңтүстік Корея 15 сәуірде парламент сайлауын өткізейін деп отыр. Билік басындағы партия мен елдің қазіргі президенті үшін ғана емес, тіпті келесі президеттің кім болатынын айқындап берейін деп отырған өте маңызды сайлау болғалы тұр. Өршіп тұрған індетке қарамай елдің саяси келешегі үшін корей халқы сайлауға барудан бас тартпаса, онда бұл жұрт әлемге тағы да бір үлгі болайын деп тұрған сияқты. 

Дегенмен, қаржы-экономикалық салада Оңтүстік Корея Азияның көшбасшысы бола алмайтыны белгілі. Керісінше, өндіріс саласы негізінен осы Азия аймағына бағытталған экспорт көлеміне тәуелді екенін ескере отырып, аймақтағы ахуалдың ертерек жақсаруына үміт артып отырған ел. Бұл тұрғыдан Оңтүстік Корея алдағы уақытта екі алып көршісі Қытай және Жапониямен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге бағытталған саяси қадамдар жасауға мәжбүр болатыны сөзсіз. 

Қытай мемлекеті үшін, дәлірек айтқанда коммунистік партияның қазіргі басшылығы үшін «Бір белдеу, бір жол» халықаралық стратегиялық бағдарламасы елдің сыртқы саясатының басты бағыты екені белгілі және қытай үкіметі бұл бағыттағы күш-жігерді бәсеңдетіп алмауға барын салып бағатын сыңай танытып отыр. Дегенмен, қазіргі таңда Қытай үкіметі үшін халықаралық бағдарламадан бұрын ең алдымен елдің ішкі саяси-әлеуметтік ахуалын тұрақтандыру ең маңызды мәселеге айналып отырғанын жоққа шығаруға болмайды. 

Қайткен күнде де, ҚХР-дың биылғы экономикалық даму деңгейі 3,3 пайызға дейін төмендеп, бұдан 44 жыл бұрынғы 1976 жылғы деңгейге төмендейін деп отырғаны, ал соның кесірінен жалпы Азия аймағының биылғы даму деңгейі 2,2 пайызға төмендеп, 1998 жылғы қаржы дағдарысы тұсындағы деңгейге дейін құлдырайын деп отырғанынан көп нәрсені көз алдымызға елестетуге болады. Әлемдік саяси-экономикалық жағдай, әсіресе Азияның ахуалы алаңдатпай қоймайды. 

Әлем елдері, оның ішінде Азия елдері арасында уақытша қойылған шекаралық шектеулер ұзақ мерзімге созылатын болса халықаралық сауда-экономикалық қатынастар қарқыны төмендеп, әсіресе азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажет заттардың жетпей қалу қаупі өңірдегі әлеуметтік-саяси қауіпсіздікті қамтасыз ету тұрғысынан ең маңызды мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан елдер арасындағы өзара сенімге негізделген ынтымақтастық пен әріптестіктің тиімді тетіктерін қамтамасыз ету бүгінгі таңдағы халықаралық қауымдастықтың басты мақсатына айналуы тиіс.  

Осы тұрғыдан, бүгінде Азия елдерінің түгелі дерлік мүше немесе бақылаушы болып отырған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) маңыздылығы жайында айтып өтудің орайы келіп тұр.  

Батыс пен Шығыс арасындағы саяси текетірес аяқталып, Совет одағы құлап, жаһандану дәуірі бастала бастаған сонау 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысымен құрылған аталмыш кеңестің басты мақсаты өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Олай болса, әлемдік деңгейде қалыптасып отырған мына дағдарысты жағдайда Азия елдері арасындағы өзара ықпалдастық пен сенімге негізделген әріптестікті қамтамасыз ету тұрғысынан АӨСШК-тің атқарар рөлі орасан зор болуы тиіс. Әсіресе, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2019-жылдың маусым айында Душанбе қаласында өткен АӨСШК-тің V саммитінде ұсынған кеңес аясындағы жобаларды қаржыландыру мақсатында арнайы халықаралық қор құру жөніндегі бастамасының өзектілігі арта түспек.  

Әр мемлекет күш-жігерін ең алдымен өзінің ішкі мәселелерін шешуге шоғырландырып отырған осындай дағдарысты кезеңде шетте қалып қоймай, баршаға орта мүддені көтеріп, елдер арасындағы түрлі салалардағы қатынастар қарқынын төмендетпеу мақсатында нақты іс-қимылдарды бірлесіп үйлестірудің маңызы орасан зор деп білеміз. 

Сонымен қатар Азия аймағындағы ахуал осындай болып тұрған кезде кеңестің жұмысын жандандыра білу алдағы уақытта АӨСШК-ті өңірлік ұйымға айналдыру бағытында жүргізілетін жұмыстарға өзінің оңды үлесін қосар еді деп пайымдаймыз.  

Бастысы, бұндай қадам 2020 жылғы 6 наурызда Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының 1.5. тармақшасы («Азиялық қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін шешудің, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) қауіпсіздік пен даму бойынша өңірлік ұйымға айналдыру арқылы кешенді тәсілдерін іздеуді жандандыру»), 2.13. тармақшасы («Өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігерге, оның ішінде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының әлеуетін пайдалану арқылы қатысу») және 3.20. тармақшасында («Денсаулық сақтау саласында, оның ішінде эпидемиялар мен пандемияларға қарсы іс-қимыл мақсатында халықаралық ынтымақтастыққа атсалысу») белгіленген еліміздің сыртқы саясатының басты бағыттарын жүзеге асырудың тиімді жолы болар еді деп сенеміз. 

 

Шығыстанушы, Халықаралық қатынастар

мамандығы бойынша PhD докторы

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ 

 

 

Соңғы жаңалықтар