«Мен денсаулығымызды сақтап, адамдарға үміт сыйлап, вирусты жеңу миссиясы жүктелген барлық дәрігерге шын жүректен тәнтімін. Дәрігерлер ауру тасымалдаушылармен тікелей байланыста болып, қауіпті, қатерлі алаңда жүр», – деп жазады Қ.Әбден.
Оның айтуынша, бірде-бір дәрігер вирусты жұқтыру қаупіне қарамастан, өз қызметін тастамай, кәсіби міндетін табандылықпен атқарып келеді.
«Барлық қазақстандықтарға дәрігерлік және азаматтық жауапкершілікті қоса атқарып жүрген елорда мәслихатының дәрігер-депутаттары туралы айтқым келеді. Өйткені, мәслихат депутатының жұмысы ақы төленбейтін, қоғамдық жұмыс саналады», – дейді Қ. Әбден.
Нұр-Сұлтан қалалық «Онкология орталығының» бас дәрігері Мұхтар Төлеутаев өз әріптестерімен бірге коронавирусқа күдікті адамдарды карантинге алғаш болып қабылдай бастаған. Тәжірибелі хирург Мұхтар Есенжанұлы бүгінде онкологиялық ауруханада өз қызметін атқаруда. Алтыншаш Табулдина – №5 емхананың бас дәрігері. Мамандығы – педиатр. Алтыншаш Жұмашқызы төтенше жағдай кезінде еліміздегі жүздеген әріптестері секілді демалыс пен жеке өмір дегеннің не екенін ұмытқан. Қазіргі таңда емхана дәрігерлері ең үлкен қауіп аймағында. Олар карантинге, өз денсаулығына төнген қауіпке қарамастан, күн сайын жүздеген адамды қабылдайды. Депутат Қарақат Әбден өз жазбасында медицина ғылымдарының докторы, профессор Мәжит Шайдаровты да атап өтті.
Басшы-стратег, дәрігер-инфекционист ретінде Мәжит Зейнуллаұлының мол тәжірибесі коронавируспен күресте пайдалы болды. Ол өз білгенін әріптестерімен бөлісіп, күні-түні қала ауруханаларында болып, медициналық мекемелердің жұмысын ұйымдастыруға көмектесуде.
«Біз көбіне өзімізге бейтаныс адамдардың әрекетіне таңданамыз. Басқа елдерден батырларды іздеп табамыз. Егер жан-жағымызға қарасақ, нағыз батырлар біздің арамыздағы дәрігерлер, медбикелер мен басқа да медицина қызметкерлері екенін көреміз. Осы қиын уақытта олардың бізге айтқан кеңесін тыңдап, қорқынышты дертке қарсы күрестегі зор үлесін бағалап және еңбегі», – дейді Қ. Әбден.