Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Атырау: 98 адам әскери жиынға қатыспақ

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау  облысында 98 адам әскери жиынға қатысуға ниет танытып отыр. Атырау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, әскери жиынға шақырылушылар арасынан медицина қызметкерлеріне, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс мамандары мен атқыштарға басымдық беріледі.

Атырау: 98 адам әскери жиынға қатыспақ

-Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жалғасады. 9 сәуірде түстен кейін ниет білдірген әскери міндеттілер медициналық тексеруден өтеді. Ал, 10 сәуірден бастап арнаулы киімдермен қамтамасыз етіліп, жатақханаға орналастырылады.  Егер жастар төтенше жағдай жарияланғанға дейін жұмыста болса, еңбекақысы бұрынғыша төленеді. Ал, жұмыссыз жүргендерге ең төменгі жалақы мөлшері, яғни 42500 теңге беріледі. Олар тамақпен, арнаулы киімдермен толықтай қамтамасыз етіледі, - дейді облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы Урбайза Абитова.

Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне арнайы жиынға қатысу үшін ерікті түрде өтінім білдіргендердің арасында тәжік-ауған ұрыс іс-қимылдарына қатысқан  Қабир Ахметқалиев та бар.  Ол төтенше жағдай енгізілгенге дейін алғашқы әскери дайындық пәнінің ұйымдастырушы-оқытушысы болып еңбек еткен.

-Жергілікті әскери органға төтенше жағдай режиміндегі іс-шараларды атқаруға атсалысу үшін ерікті түрде келдім. Қазіргідей қиын кезде  қол қусырып отыра алмадым. Өйткені, екі аптадан бері қазақстандық әскери қызметшілердің дезинфекциялау жұмысын белсенді атқарғанын көрдім. Біздің патриоттығымыз, бірлігіміз осындай кезде көрінуі  тиіс. Сондықтан, барша әскери міндеттілерді жұдырықтай  жұмылуға шақырамын - дейді Қабир Ахметқалиев.  

Оның айтуынша, әскери жиынға қатысу баршаның азаматтық  борышы болуы тиіс.

-Азаматтық борышты қалай түсініп жүрміз? Бұл –тек әскери қызметкерлер ғана атқаратын әскери қызмет  емес, төтенше жағдай кезінде баршаға жүктелетін міндет. Сол себептен, елдің амандығын ойлайтын, Отанымыздың келешегіне сенетін  барша азамат әскери жиынға қатысудан бас тартпағаны жөн, -дейді ол.

 

Жұмасат ҒАЗИЗ