Парламент • 07 Сәуір, 2020

Сенаторлар бірқатар заң жобаcын қашықтан талқылады

143 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті қашықтан отырыс өткізді. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенаторлар бірқатар заң жобаcын қашықтан талқылады

Онда бірқатар мәселе талқыланды. Олардың ішінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Бұл құжат бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ақмәди Сарбасов пен сенатор Әлімжан Құртаев баяндама жасады.

Осы мәселені қарау барысында депутаттар Қазақстанның барлық өңірі аумағында шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қолдануды, оралмандарды уақытша орналастыру орталықтары мен бейімдеу және кіріктіру орталықтарының жұмыс істеуін, оралмандарды оқыту, қайта оқыту және жұмысқа орналастыру мәселелерін талқылады. Депутаттар сондай-ақ заң жобасын әзірлеушілерге оралман тұрақты тұруға арналған құжаттарды алған кезде мемлекеттік баж салығын төлеуге, «оралман» ұғымын пайдалануға, сондай-ақ «қандас» және «репатриант» анықтамаларын енгізуге қатысты сұрақтар қойды.

Одан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауаптылық мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Бұл мәселе бойынша еліміздің Энергетика министрінің орынбасары Қайрат Рахимов мен сенатор Михаил Бортник баяндама жасады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселені қарау барысында сенаторлар ядролық залалдар үшін ядролық қондырғы операторымен немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторымен жасалған азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасын төлеу көздерін талқылады.

Заң жобаларын талқылау нәтижесі бойынша комитеттің қорытындылары бас комитеттерге жіберілді.