Елбасы • 08 Сәуір, 2020

Елбасы халықты арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырды

751 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің тұңғыш Президенті «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі нөмірінде жарияланған мақаласында дүниежүзіне ауыртпашылық түсірген індетті халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында  жеңіп шығатынымызды айтты.

Елбасы халықты арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырды

«Әрине, қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ» делінген мақалада.

Елбасы халықты әртүрлі арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырды.

«Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал»,- деді Н.Назарбаев.

Елбасы мақалада Қытайдың індетті берік тәртіптің арқасында жеңгенін атап өтті.

«Бүгінгі күрес даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзін еске салады және соны бекем ұстануды талап етеді. Өздеріңіз білесіздер, бұл пандемияны көршіміз Қытай елі ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыздықтай алды» деп жазды Елбасы.