Абай • 08 Сәуір, 2020

Ұлы мұра – ұлт мұраты

903 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығына орай жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақа­ласында халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі, ойшыл ақын Абай атамыздың мұрасын ұрпақ тәрбиесіне пайдалану үшін нақты қадамдар мен іс-қимылға көшу қажет деді.

Ұлы мұра – ұлт мұраты

Мемлекет басшысы 5 бөлімнен тұратын бұл мақаласының әр бөлімінде ақын мұрасын зерделеп, қашанда өзектілігін жоғалтпайтын терең мәнге ие ұстын ретінде қазіргі адамзат қо­ға­мында қалыптасқан үдерістерге сай басшылыққа алып қолдана білу керектігін айтады.

«Адам өмірі тұтасымен түрлі қа­рым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауап­кершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы» – деп келтіреді Президентіміз.

«Өмірдің өкінбейтін бар айласы,

Ол айла – қиянатсыз ой тазасы.

Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,

Таза жүрек, тату дос – сол шарасы» – деп ғұламаның сөзіне үндес тағылымды шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы да айтады.

«Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық болады» деген сөз бар. Біздің аталарымыздан мұра болып қалған асыл қасиеттеріміз көп. Әуелі бойымыздағы ұлттық болмысымыз, қонақжай, көпшіл, адамсүйгіштік қасиеттеріміз, озық салт-дәстүрлеріміз, жанға азық берер нақыл сөз бен мақал-мәтелдеріміз, қала берді текті өнеріміз. Бұлардың қадірін біле алсақ иісі қазақ баласы түгілі барша адамзат ұрпағына қырық жыл ғана емес, мәңгі азық болуға қауқарлы дер едім. Себебі бұл мұра ғасырлар сүзгісінен өткен, ұшы-қиыры жоқ ұлы даланы мекен еткен халықты тұрақты кәсіби әскерсіз, даналықпен жүздеген жылдар бойы билеген бабаларымыздан қалған озық үлгі. Әрине халқымыздың басынан небір қилы кезеңдер мен сын сағаттар өтті. Тарих қойнауында қалған ол дүниелерді саралап, болашақ кәдесіне жарата білу де бір ғылым.

Ата-бабаларымыздан қалған түркі ұлысының барлық ұрпақтарына ортақ осынау мұраны өз ана тілімізде, қазір­гі қазақ тілінде сөйлетіп, біздің зама­ны­мызға жеткізген ойшылдардың бірегейі – Абай Құнанбайұлы. Сон­дықтан Абай мұрасын насихаттау арқылы біз ол нәр алған, содан нәр алған дүниелерді де өскелең ұрпақ бойына дарытып, ел болашағының баянды болуына қызмет ететін боламыз. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» демей ме?!

Абай өзінің терең тағылымды сөз­дерін есті әуен ырғағына салып, көркем түрде жеткізіп кеткені баршаға аян.

«Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар…» – деген сөзі, дананың адамның жан қалауын терең түсінетін болмысын, өнерпазға қояр жоғары талғам-тала­бын айқындайды. Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерватория­сы Абайдың музыкалық мұрасын әр­дайым насихаттап, зерттеп келе жат­қан ұжым екені мәлім. Бұл шаруаны ғалымдарымыз бен өнерпаздарымыз уақыт талабына сай, жаңа көзқараспен қолға алып жалғастыра беретін болады.

Хакім Абайдың мұрасын насихаттауда оның шәкірттерін айтпау мүмкін емес, тіпті оларды ауыра алмау қиянат дер едім. Өйткені адам ұрпағымен мың жасаса, «Шәкіртсіз ұстаз – тұл», «Ұстаздан шәкірт озар» деген сөздер, ұстаздың өз жолын жалғастырушы шәкірттерімен мың жасайтынын, бағалы екенін білдірсе керек.

Абай шәкірттерінен өзінің немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлын ерекше атап, одан қалған сырлы сөздерді Абайдың терең ойлы сөздерімен егіз өріп, сабақтастыра баяндау ұрпақ тәрбиесі ісінде өте ұтқыр шешім боларын абайтанушы ғалымдардың көпшілігі меңзеген. Осы екі ғұламаның қазақ руханиятындағы орнын ғалым ағаларымыздың бірі: «Хакім Абай атамыз бізге Шәкәрімдей шынар өсіріп берді. Біз қазір сол шынардың жемісін жеп отырмыз» деп дөп басып айтып еді.

Қазіргі қазақ елінің ұлттық идео­логиясы осы мұраларда тұрғанына Президентіміздің мақаласынан кейін тағы да көз жеткізіп отырмыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, сөз­ден іске көшуіміз керек, Абай ата­мыз­дың мұралары арқылы, өскелең ұр­пақ бойына адамгершіліктің, адал­дық­тың, еңбекқорлықтың, парасат­­ты­лық­­тың дәнін егу парыз. Абайдың 175 жыл­­дық мерейтойына қоғамдық са­на­­ны жаңғыртатын, еліміздің дамуы­на сер­пін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп, нақты іспен көрсету – мін­­детіміз. Мұндай ұстаным ұлт тари­хына, тұғырлы тұлғаларына, салт-дәс­түріне, өнеріне қатысты дүниелердің бәрінде қатаң түрде ескерілуі керек дер едім.

 

Арман ЖҮДЕБАЕВ,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері