Бұл – адам жанының нәзіктігін көрсететін шақ, сонымен қатар халықтың денсаулығы мен аман-саулығын алғашқы орынға қойып, әр адам өмірінің құндылығын бағалаумен Үкіметіміз бен Денсаулық сақтау министрлігінің қабылдап отырған аса қажетті және тиімді амал-тәсілдері. Осы қысылтаяң шақта мемлекетіміздің барша күш-жігері халықтың денсаулығын сақтауға бағытталып отырғанын денсаулық сақтау саласының ардагері ретінде өте жақсы түсінемін және жоғары бағалаймын.
Бүгінде еліміздің дәрігерлер қауымының өкілдері өздерінің «Денсаулық сақтау сақшылары» атағына лайықтығын көрсетіп, алдыңғы шепте – ауруханаларда күндіз-түні жанқиярлықпен еңбек етуде. Осы азаматтар мен азаматшалардың бейбіт күнде көрсетіп отырған ерлігі халықтың шынайы алғысын иеленуімен қатар мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алатыны сөзсіз.
Бүгінде халықтың басым көпшілігі күнделікті еңбектен қол үзуге мәжбүр болып отырған сын сағатында Үкімет мұқтаж жандарға жәрдемақы тағайындап, түрлі төлемдердің мерзімін ұзартып, т.б. аса қажетті қолдау шараларын қабылдауда. Елімізде басталған «Біз біргеміз!» үндеуіне іскер азаматтар, кәсіпорындар мен мекемелер, түрлі жеке ұйымдар қосылып, арнайы қорға қаржы аудару арқылы немесе халыққа азық-түлік, қажетті заттар түріндегі жәрдемін көрсетуде. Қоғамымыз осы ынтымақты бағытынан танбай, үрейге жол бермеуі қажет. Әр отбасында жеке бастың тазалығы мен қауіпсіздігінің ережелері мүлтіксіз орындалуға тиіс. Әсіресе егде жастағы қарияларға бұл күнде қамқорлық еселене түскені жөн. Себебі олар қазір басты қауіп тобында. Қарттарға жақсылық жасап, қамқорлыққа бөлеу біздің халқымыздың табиғатына тән қасиет екені бұрыннан белгілі ғой. Балалардың тәрбиесіне, қариялардың денсаулығына, көңіл күйіне басым көңіл бөлу арқылы қазіргі бос уақытты отбасының ұйытқысы ретінде ұтымды жағына қарай пайдалана білген жөн.
Елдің басына төнген түрлі қатерлі зауалдарда халқымыз әрдайым бірлік-берекесі, кең пейілі арқылы жеңіске жетіп отырғаны айқын. Бұл жолы да осылай боларына сенім артамын. Лайым, еліміз аман болсын!
Төрегелді ШАРМАНОВ,
академик