Дағдарыс кезеңінде ең бірінші болып аз қорғалған санат «соққы» қабылдайды және оның салдарын сезінеді. 200 млрд теңге көлеміндегі қаражат бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды 10%-ға индекстеу жылдық мәнде бағаның өсуіне байланысты кіріс шығынын ішінара өтейді. Бұл ретте көмек көрсетілетін азаматтар санаттарының тізбесі кеңейтіледі, сондай-ақ осал санатқа қолдау көрсетіледі.
Төтенше жағдай кезеңінде өз бетінше жұмыспен қамтылғандар мен ресми емес жұмыс істейтін азаматтар үшін әлеуметтік төлемдер туралы мәселе бойынша нақты айтылды. Олар жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының шамамен 24%-ы. Табысын жоғалтқан тұлғалар үшін негізгі міндет 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алу үшін өз мәртебесін ресімдеу қажет. Қосымша төлемдер алу жағдайында азаматтардың ар-ождансыз қатынасына байланысты әртүрлі пікірлер де айтылды.
Алайда Мемлекет басшысының қиын жағдайда жүрген және шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдардың пайдасы үшін жасаған шешімі салмақты фактор болып, осы шешімді қабылдаудағы жағымсыз ой-пікірлерден басым түсті. Ел үшін қиын уақытта жекелеген теріс пиғылды азаматтардың түсіністікпен қарауына үміт артамыз.
Елдегі шағын және орта бизнес жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 37,5%-ын қамтамасыз етеді. Шағын және орта кәсіпорындардың өнім шығару мен қызметтерінің жалпы көлемінде ең үлкен үлес саудаға – шамамен 25%, құрылысқа – 17%, одан әрі ауыл шаруашылығына 8% тиесілі. Сондықтан еңбекақы төлеу қорынан 6 айға салықтар мен басқа да төлемдерді есептеу мен төлеуді алып тастау (бұған әлеуметтік аударымдар, табыс салығы, зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру және т.б. жатады), ШОБ-қа босаған қаражатты бизнесті, яғни жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік беретін салаларға қайта бағыттауға жағдай жасайды. Қалған салық төлемдеріне келетін болсақ, олар 3 айға кейінге қалдырылды. Бұл ШОБ-ты қолдау бойынша жарияланған бұрынғы шараларға тағы бір қосылған жеңілдік болады.
Маңызды шараларды іске асыру үшін барлық қаражат көздері, соның ішінде 2019 жылдың басындағы активтері 24,5 млрд теңгені құраған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры да пайдаланылады.
Бөлінген қаражатты тиімді игеру мен ашықтығын қамтамасыз ету – атқарушы мемлекеттік органдардың негізгі міндеті. Біздің әл-ауқатымыз осыған байланысты. Барлық және әр адамның үйлесімді жұмысы істеуі маңызды. Мемлекет пен қоғамның тиімді өзара іс-қимылы арқылы біз дағдарыстық кезеңнің қиындықтарын еңсере аламыз.
Әсел ӘБЕН,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы