Аймақтар • 08 Сәуір, 2020

Алматы облысы: Қауіпсіздік шарасы кезінде қандай нысандар жұмысын жалғастырады?

478 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында аймақ тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың жұмысын реттейтін жаңа қаулы қабылданды. Бүгіннен бастап өңірдегі шектеу шаралары мемлекеттік бас санитар дәрігерінің 5-қаулысына сәйкес қосымша өзгертулер мен толықтырулар арқылы реттелмек.

Алматы облысы: Қауіпсіздік шарасы кезінде қандай нысандар жұмысын жалғастырады?

Бұл қаулыға сәйкес облыста коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеуге бағытталған бұған дейін енгізілген шектеулер мен санитарлық-дезинфекциялық шаралар сақталып, одан әрі жалғасады. Сондай-ақ, жаңа қаулыда өмір сүруді қамтамасыз ететін нысандардың жұмыс ерекшеліктеріне айрықша назар аударылған. Мәселен, қаулыға сәйкес меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдар, оның ішінде стоматологиялық ұйымдар; өнеркәсіптік, өндірістік кәсіпорындар және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері, оның ішінде жылу, энергия, сумен жабдықтау, тамақтану орындары, көктемгі егіс, ауыл шаруашылығы, құрылыс және жол жұмыстарын жүргізуге байланысты нысандар қызметін қатаң санитарлық тәртіпті сақтай отырып жалғастырады. Дәріханалар, оның ішінде ветеринарлық және азық-түлік дүкендерінің жұмысы әдеттегі режимде жалғасады. Сол сияқты көлік құралдарының қосалқы бөлшектерінің, тұқымдардың, көшеттердің, минералдық тыңайтқыштардың сатылуы, құрылыс материалдарының көтерме саудасы тауарларды босату тек алдын ала тапсырыс бойынша, дүкенге тікелей бармай, тапсырыс берілген тауарларды сатып алушылар келген кезде бере отырып, жүргізілетін болады.

Облыс аумағында ресми такси қызметі де санитарлық-гигиеналық талаптарды күшейте отырып жұмыс істеуді жалғастыра алады. Ол үшін көлік тиісті айырым белгілермен, оның ішінде жабдықталуы және жүргізушінің жеке басы туралы ақпаратты жолаушыға көрнекті орында ұсынуы тиіс. Бұл ретте жеңіл көліктегі жолаушы саны 3 адамнан аспауы тиіс. Елді мекен ішіндегі қоғамдық көліктер де жұмысын жалғастырады. Қалалық және аудандық автобустардың толымдылығы отырғызу орындарының 40 пайызынан аспауы тиіс. Және дезинфекциялау және жуу құралдарын қолдана отырып әрбір рейстен кейін автобустарды, қоғамдық көлік аялдамаларын күніне кемінде екі рет залалсыздандыру талабы сақталады. Бастысы, қоғамдық көлікте қорғаныш маскасыз жүруге тыйым салынады.

Жалпы, облыс аумағындағы уақытша сақтау қоймалары, олардың жұмысын қамтамасыз ететін тұлғалар мен ұйымдары, санитарлық-дезинфекциялық шараларды күшейте отырып және келушілер арасындағы қашықтықты кемінде 1 метр сақтай отырып, әдеттегі режимде жеке орналасқан пошта байланысы объектілері және екінші деңгейдегі банктер, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар 09-00-ден 14-00-ге жұмыс режимінде қызмет көрсете алады. Сол сияқты автожанармай құю станциялары, жеке орналасқан техникалық қызмет көрсету станциялары, салттық қызмет көрсету нысандары өз қызметін атқара береді.

Осы орайда шектеу кезеңінде жұмыс істейтін аталған нысандар санитарлық және дезинфекциялық режим талаптарын қатаң сақтауы тиіс, соның ішінде кіреберісте қол жууға арналған санитайзерлер орнату, барлық қызметкерлерін бір реттік маска мен бір реттік қолғаппен қамтамасыз ету, жұмыс орынын дезинфекциялық құралдармен қолдану нұсқаулығына сәйкес күніне кемінде 3 рет өңдеуге міндеттелген. Әсіресе, келушілердің бетпердесіз болуына жол бермеу, келушілердің әлеуметтік қашықтығын кемінде 2 метр сақтауды қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен бірге өнеркәсіп өндірісі нысандарының субъектілері және өмір сүруді қамтамасыз ететін нысандар әрбір рейстен кейін күнделікті дезинфекциялық өңдеу жүргізіп, қызметкерлерді бөлінген автокөлікпен жеткізуді ұйымдастыруы тиіс.

 

 

Алматы облысы