Қазақстан • 08 Сәуір, 2020

Қарулы Күштерде коронавирустың алдын алу шаралары күшейтілді

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігінде кезекті аппарат кеңесі өтті. Селекторлық режимде әскерлердегі коронавирустың алдын алу шараларын күшейту мәселелері, сондай-ақ алдағы әскери міндеттілердің арнайы жиыны талқыланды.

Қарулы Күштерде коронавирустың алдын алу шаралары күшейтілді

Қарулы Күштерде әскери қызметшілердің денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жеке құрам мен отбасы мүшелерінің арасында жұқтыру жағдайларын болдырмауға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғастырылуда.    

Барлық әскери бөлімдер мен мекемелерде эпидемияға қарсы қорғауды күшейту мақсатында өткізу режимі медициналық сүзгімен жабдықталған тек бір ғана бақылау-өткізу пункті арқылы жүзеге асырылады. Бір рет қолданылатын медициналық маскаларды ауыстыру тәртібін сақтай отырып кию міндеттелді. Барлық әскери қызметшілер міндетті түрде күніне екі рет медициналық тексеруден өтеді.

Жеке құрамдағы әскери қызметшілердің арасын 2 метр қашықтықтықты сақтай отырып сапты алшақ тұрып өткізу тапсырылды.

Кеңес барысында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев барлық алдын алу шараларын нақты сақтау қажеттігіне назар аударды.

Әскери міндеттілермен арнайы жиын өткізуге баса назар аударылады. Қорғаныс ведомствосының басшысы барлық қатысушыларды қажетті заттармен және маусым бойынша белгіленген әскери киім нысаны жиынтығымен уақтылы қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық іс-шараларды санитарлық-гигиеналық нормаларды қатаң сақтай отыра өткізу қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының 2 сәуірдегі Жарлығына сәйкес, облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері аумақтық әскерлердің әскери міндеттілерін жиындарға шақыру құқығына ие болды. Жиынның мерзімі мен шақырылатындардың санын әкімшілік өздері анықтайды. ҚР Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының бұл шешімі әр түрлі міндеттерді шешу үшін барлық қол жетімді ресурстарды пайдалануға мүмкіндік беретін жергілікті атқарушы органдарды қолдаудың тиімді шарасы болды. Мұндай қадам жұртшылықтың басым бөлігінің мақұлдаумен, елдің игілігі үшін ортақ іске өз еркімен үлес қосқысы келетін жастардың өтініштерімен сүйемелденуде.