Қазіргі кезде периметрі және облыс аумағы бойынша 27 блок-бекет орнатылған. Оның ішінде Тараз қаласында 7 блок-бекет қойылған. Блок-бекеттерде полиция, медицина және әскери қызметшілер қызмет атқаруда.
Осы орайда Бекболат Орынбеков өңір жұртшылығына ағымдағы жылғы 9 сәуір сағат 00:00-ден бастап Жамбыл облысының аумағында және облыстың барлық елді мекендерінен кез-келген автокөлік құралдарының және азаматтардың келуіне және шығуына тыйым салынатынын жеткізді. Медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, авариялық-құтқару және коммуналдық қызметкерлер жұмысын жалғастыра береді. Бұл құқық қорғау органдарының, фармацевтикалық компаниялардың және тағы да жауапты бірқатар мекемелерге де қатысты.
Сонымен қатар, көктемгі егіс және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін қажетті тұлғалар мен автокөлік құралдары да жұмыс істейді.
Ал, жерлеу рәсімі кезінде мәйітті таситын техника 3 бірлік көліктен аспауы керек. Бұған қатысты салт-жоралғыларды атқару қызметкерлері мен марқұмның жақындарын қосқанда 10 адамнан көп емес болуы тиіс. Оларға тиісті анықтама құжаттары болған жағдайда рұқсат етіледі.
Сол сияқты тұрғындардың тұрғылықты жеріне оралуы, автокөлік құралдарына байланысты да тәртіп бар. Қоғамдық көліктердің қозғалысы келісілген кестеге сәйкес шектеледі. Оларға жеке қорғаныш заттарымен қамтамасыз етілген жағдайда ғана рұқсат беріледі.
Такси қызметі арнайы тіркелген ұйымдармен, тиісті материалдық техникалық санитарлық гигиеналық жағдаймен қамтамасыз етілген автокөлік құралдарында ғана көрсетіледі.
Жанармай құю станциялары, қаржы институттары, банктер, банктік айырбастау пункттерінің штаттық режимде жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.
Азық-түлік тауарларын, дәрілік препараттарды және медициналық бұйымдарды сатып алу, медициналық көмекке жүгіну, үй жануарларын тіркеу деректері бойынша тұрғылықты мекенжайы маңында серуендеу, (оның өзі 30 минуттан аспау керек), мемлекеттік және әлеуметтік көмек алу мақсатында мемлекеттік және өзге де мекемелерге бару, күтпеген төтенше жағдай және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да жағдайлар болған жағдайды қоспағанда Жамбыл облысының аумағында адамдардың және жеке көліктің еркін жүріп-тұруына тыйым салынады.
Жамбыл облысы