Заң жобасы Қазақстан Республикасында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) өзара бағалауының 2021-2022 жылдары біздің елімізде өтуі тиіс екінші раундына дайындалу мақсатын көздейді.
Құжаттың тағы бір мақсаты - қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлейтін топтың (ФАТФ) халықаралық стандарттарына сәйкес келтіру болып табылады.
Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, заң қабылданған жағдайда ұлттық қаржы жүйесінің қауіпсіздігі мен ашықтығы арта түседі, ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру үшін пайдаланудан қорғау, терроризмді қаржыландыру мен жаппай қырып-жою қаруларын таратуды қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындау және террористік шабуылдар жасауға байланысты жағдайларда барынша жедел әрекет жасалатын болады.
Депутаттар кеңейтілген отырысты қорытындылай келіп, аталған заң жобасын Сенаттың жалпы отырысында қарау туралы шешім қабылдады.