Аймақтар • 08 Сәуір, 2020

Салехардтан келген циклон

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖ департаментінің бастығы Рамил Камалов өңірдің бүгінгі таңдағы гидрометеорлогиялық ахуалы туралы мәлімдеме жасады.

Салехардтан келген циклон

Синоптиктердің айтуына қарағанда, сәуірдің 7-8 күндері Ресейдің Салехард қаласы маңынан келген циклон ауа-райын тым суытып жіберді. Оның арты қарлы жаңбырға ұласып отыр. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы кейбір жерлерде 30 м/сек дейін жетеді.

Одан әрі Р.Камалов 7 сәуірде болған күшті дауыл облыстың 7 ауданында 24 нысанынның төбесін жұлып әкеткенін айтты. Залал келтірілген аумақтың жалпы көлемі 8 мың шаршы метр. Жапа шеккендер Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев, Тайынша, Ақжар, Аққайың және М.Жұмабаев аудандарында болған.

Дауылдың ең күшті болған жері Тайынша, Ақжар, Ғ.Мүсірепов және Айыртау аудандарында байқалған. Бұл аудандардағы желдің жылдамдығы секундына 32-33 метрге дейін жеткен.

Төбесі жұлынғандардың арасында 6-уы білім беру, 5-уі әкімшілік ғимараттар, 6-уы тұрғын үйлер, 2-уі денсаулық сақтау, 2-уі сауда  және 1-уі мәдениет саласының нысандары. Зардап шеккен адамдар да бар. Тимирязев ауданында 1977 және 1989 жылдары туған екі азамат келтірілген жарақаттың кесірінен ауруханаға түскен.

Бірнеше елдімекенде электр жарығының берілуі үзілген. Әйтеуір оны уақытында сөндіріп үлгергендіктен апатты жағдайға жол берілмеген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы