Мамандар Қостанайда мұндай жойқын боран 20 жылдан бері болмағанын айтады. Дүлей боран талай теректі құлатып кетті. Облыс орталығының өзінде ғана 21 биллборд жыртылып, 48 бағдаршам қираған. Істен шыққан бағдаршамдар аптаның соңына дейін қалпына келтірілуі тиіс. Ал полиция берген мәлімет бойынша, кеше облыста 106 жол көлік оқиғасы болған. Аймақтың бас шаһарының өзінде бір күннің ішінде 48 көлік соқтығысы тіркеліп отыр.
«Қостанай энергия орталығы» серіктестігінің мәліметінше, алапат боран кеше 09 сағат 46 минутта «KEGOG» компаниясына тиесілі кернеуі 500кВ болатын 6 электр желісін істен шығарған. Одан кейін күні бойы кернеуі 220 кВ болатын тағы 8 электр желісі үзіліп, салдарынан Қостанай облысындағы жүздеген елді мекен жарықсыз қалған. Мұның сыртында, компанияның жоғары вольтты желілерін ұстап тұрған 42 тіреуіш құлап, тоқ сымдары үзіліп кеткен.
«KEGOG» мамандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, істен шыққан 14 электр желісін толықтай жөндеп, қайта жандандырған. Сондай-ақ, 220 кВ кернеулі Сокол – Заречный – Орталық – Қостанай электр желілері де қалпына келтірілді.
Қазір облыс орталығында тіршілік қайта жанданып, тұрғын үйлерге біртіндеп электр қуаты беріле бастады. Бүгін жұмыс күнінің аяғына дейін барлық үй жарық, жылу және сумен толық қамтамасыз етілуі тиіс.
Қостанай облысы