Қоғам • 08 Сәуір, 2020

Гүлшара Әбдіқалықова Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы болып онлайн режимде сайланды

128 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясының Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы барысында Гүлшара Әбдіқалықова партияның облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Елімізде коронавируспен күрес жағдайына байланысты шектеу шаралары енгізілгендіктен, партияның бұл конференциясы алғаш рет онлайн режимде өткізілді.

Гүлшара Әбдіқалықова Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы болып онлайн режимде сайланды

Бас қосуға бейнеконференц байланысы арқылы қатысып, сөз сөйлеген Бауыржан Байбек қазіргі кездегі ахуалға тоқталып, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Nur Otan партиясының қызметі қайта бағдарланғанын атап өтті. Партияның бүкіл ресурсы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған коронавируспен күрес жағдайында мұқтаж қазақстандықтарға көмек ұйымдастыру шараларын қолдауға жұмылдырылды.

«Елбасы бүгін жарық көрген мақаласында «Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. Nur Otan партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс», - деп қадап тұрып тапсырды. Сондықтан партияның өңірлік филиалы осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, Мемлекет басшысы жариялаған дағдарысқа қарсы барлық шаралардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау керек.

Елбасы тапсырмасына сәйкес, қазіргі ахуалға орай 13 наурыздан бастап партияның барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтарды қабылдау жұмыстары уақытша тоқтатылып, онлайн режимге көшірілді. Бүгінгі таңда партияға онлайн режимде өтініш беру 2 есеге, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде - 4 есе, WhatsApp желісі арқылы - 7 есеге артты. Аталған мәселелерге байланысты партияның аймақтық филиалдарына әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен барлық өтініштерді тіркеу және қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг жасау үшін нақты тапсырма берілген. Партияның аймақтық және аумақтық филиалдары қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету және тұрғындардан түскен телефон қоңырауларды реттеу мақсатында сенім телефондары жұмыстарын ұйымдастыру қажет» деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы аясында партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңестерінің жұмысы күшейтілген. Барлық өңірлік «Birgemiz» қорларында жұмыс қызу жүргізілуде. Тек Қызылорда облысының өзінде 2 мыңдай отбасы атаулы көмекке ие болған.

Бауыржан Байбек жуырда Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалған Гүлшара Әбдіқалықованың кандидатурасын партияның облыстық филиалының төрағалығына ұсына отырып, оның Мемлекеттік хатшы, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы ретінде елімізде гендерлік саясаттың іске асырылуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.

«Жуырда Қызылорда облысына Елбасы келісімімен, Мемлекет басшысының Жарлығымен Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызы әкім болып тағайындалды. Ол – елімізде облыс басқаруға тағайындалған бірінші әйел әкім. Осы Сыр өңірінің тумасы. Елбасы еліміздің сайланбалы органдарында әйел азаматтардың үлесін 30%-ке жеткізуді тапсырғанын білесіздер. Бұл қадам осы үрдіске жақсы жол ашып отыр. Сонымен бірге Орталық аппарат қазіргі кезде партияішілік таңдау – праймеризді өткізуде онлайн-технологияны пайдалану жолдарын пысықтауда, сол кезде осыны ескеретін боламыз», - деді ол.

Өз кезегінде Гүлшара Әбдіқалықова партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев пен паритияластарға өзіне артқан сенімдері үшін алғысын білдірді.

«Біздің алдымызда ең бірінші кезекте, Елбасы атап өткендей, партияның барлық ресурстарын президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылатын жұмыстарға бағыттау міндеті тұр. Сондықтан партия үшін ең маңызды мәселе - осындай қиын кезеңде халықпен бірге болып, оларға барынша қолдау көрсету» деді ол.

Айта кету керек, Nur Otan партиясы біршама уақыт бұрын еліміздегі әрбір облыстың, аудан мен қаланың алдағы 5 жылға арналған жаңа даму бағдарламаларын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Аталған аймақтық даму бағдарламаларында әрбір өңірдің жергілікті ерекшелігі ескеріле отырып, әрбір азаматтың нақты қажеттіліктері көрініс табады. Елбасының тапсырмасы бойынша партия төрағасының Бірінші орынбасары осы кезге дейін Атырау, Павлодар, Түркістан, Жамбыл және басқа да облыстардың шалғай ауылдарына дейін аралап, өңірлердің жай-күйімен тікелей танысып шықты. Тек соңғы жарты жылда ол Қызылорда облысының бірқатар аудандарында екі рет болып, тұрғындармен кездесті.