Аймақтар • 08 Сәуір, 2020

Дезинфекцияны автоматты түрде жасайтын құрал

122 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше кешке Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов
тікелей эфир арқылы бифинг беріп, халыққа облыстағы бүгінгі ахуал туралы баяндап берді. Алдымен ол аты жаман індетке шалдыққандар санының соңғы 2-3 күнде көбеймегенін, біреуі емделіп шыққанын, қалғаны 24 адам екенін айта келіп: «Бұл біздің жіті жұмыс істеп жатқанымыздың нәтижесі. Мен індетпен күресіп жатқан медициналық қызметкерлердің бәріне тағы да алғысымды білдіремін», деді. Одан әрі әкім науқастарды емдеп жатқан дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің аман сақталуына қатысты шараларға тоқталды.

Дезинфекцияны автоматты түрде жасайтын құрал

Бұлар туралы біз «Егеменге» бұрын жазып, індетпен күресте неше дәрігер, қанша медбике мен тазалықшылар бар екенін және олардың аты-жөндерін көрсетіп, қалай күтілетінін толық айтқан болғандықтан тағы қайталамадық.

Әкімнің айтқан соңғы жаңалықтарының қатарында кәсіпорындар мен мекемелер өздерінің өндіріске аса қажетті мамандарын автобустармен жеткізеді. Ал автобуста адамдар бір-бірінен алыс отыру үшін жартылай ғана толықтырылады. Салонның үнемі дезинфекциялануы талап етіледі. Кәсіпорындар мен мекемелердің кіреберісінде міндетті түрде алыстан анықтайтын термометрлер болуы керек. Ыстығы сәл көтерілген адам болса, ол жұмысқа жіберілмейді. Сонымен қатар осындай термометрлермен барлық супермаркеттер жарақтандырылуы керек. Ыстығы бар адам дүкенге кіргізілмейді, тек тамақты алып келуге тапсырыс бере алады.

Құмар Ақсақаловтың айтқан ерекше жаңалығының бірі – жергілікті «Радуга» ЖШС дезинфекцияны автоматты түрде жүргізетін құрал жасай бастапты. Мұндай конструкциялар үлкен гипермаркеттер мен супермаркеттердің кіреберістеріне орнатылады екен.

Одан әрі әкім күнкөріс көзінен айрылған барлық адамдардың 42500 теңгелік көмек алуға өтініш беріп жатқанын айта келіп, Солтүстік Қазақстанда ондай адамдар 7 мыңнан асқанын жеткізді. «Олардың ішінен әзірге 3 мың адам көмек алды, ал 1052 адам «Біз біргеміз!» республикалық қоры арқылы тамақ жинағын алды», деді. Сондай-ақ 50 мың теңгеден материалдық көмек беріліп жатқанын да атап өтті.

«Облыс орталығындағы ахуал тұрақты бола бастаған соң көшеде жүретін патрульдер санын азайттық және қосымша супермаркеттердің ашылуына мүмкіндік бердік. Алайда көшедегі қозғалыс бірден көбейіп кеткені көзге ұра бастады.  Осы тенденция жалғаса беретін болса біз шектеулерді қайтадан қатайтатын боламыз», деді әкім.  

Сонымен қатар әкім «саяжайға шығамыз», «итімізді далаға қыдыртамыз» деген тілектеріңізді әзірге қоя тұруларыңызға тура келеді деп тұрғындарды қатты ескертті. «Қазір полицияға кеңейтілген өкілеттік берілген. Сондықтан олар ештеңеге қарамай, тұтқындау немесе айыппұл салу шараларын жиі қолдануда. Ескертудің уақыты өткен», деді Қ.Ақсақалов.

Осы уақытқа дейін облыста ТЖ режімінің талаптарын бұзудың 88 фактісі орын алыпты.  Оның 42-сі қоғамдық орындарда негізсіз қыдырып жүрген. Талапты бұзғандардың 23 тұтқындалған, 32-сіне айыппұл салынған, тағы 33 адамның ісі соттың қарауында жатыр екен. 

Құмар Іргебайұлы облыстағы су тасқыны мәселелеріне де тоқталып өтті. Оның айтуына қарағанда облыста әлі бірде-бір елдімекенді су басқан жоқ. Судың ағынына мүмкіндік беретін 100 арық пен арналар тазартылған. 20 шақырымдай ұзындықтағы қорғаныс дамбалары жасалған. «Біздің басты міндетіміз – бірде бір елдімекеннің су астында қалуына жол бермеу», деді әкім.

 

Солтүстік Қазақстан облысы