Экономика • 09 Сәуір, 2020

Тоқыма өнеркәсібіне тың серпін керек

1604 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміздің өнеркәсіп секторында жеңіл өнеркәсіптің жолы ауыр болып тұр, яғни қордаланған мәселесі көп сала. Сенатта өткен парламенттік тыңдауда Жоғарғы палата төрағасы Дариға Назарбаева әлеуметтік маңызға ие жеңіл өнеркәсіп саласы экономиканы түрлендіруге, әсіресе пайдалы қазбалар қорының азайып, мұнай бағасының төмендеген кезінде дағдарыс толқынына қарсы тұру мүмкіндіктерінің бірі екенін атап өтті.

Тоқыма өнеркәсібіне тың серпін керек

Жеңіл өнеркәсіпті дамытудағы кедергілердің бірі ретінде шикізаттың тапшылығы аталған-ды. Бұл орайда жеңіл өнеркәсіптің аса маңызды салаларының бірі – тоқыма өнеркәсібінің де ахуалы әзірге ауыз толтырып айтарлықтай болмай тұр.

Иә, Елбасы Н.Назарбаевтың 2005 жылғы 6 шілдедегі Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Шымкент қаласында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтың құрылуы мақта-тоқыма кластері дамуының негізі болды. Арнайы экономикалық аймақта жылына 100 мың тонна мақта өңдеу, 10 мың жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 15 тоқыма мекемесін құру жоспарланған еді. Қайбір жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы жүрісінен жаңылып, кәсіпорындар тоқтап, тоқыма өнеркәсібі тоқырауға ұшыраған болатын. Қазіргі жағдайы мен ертеңгіден үміті қандай? Саралап көрейік.

Отандық өндірушілер қолдауға мұқтаж

Сала мамандарының мәлімдеуінше, 2022 жылдың соңына дейін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында мыңнан астам жұмыс орнын құратын 14 тоқыма кәсіпорны іске қосылады. Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақта жұмыс істейтін нысандардың дені тоқыма кәсіпорындары және көбісі елімізде де, шетелде де танымал. Нақтырақ айтсақ, кілемдер, кілемшелер мен синтетикалық жіптердің ірі өндірушісі «Bal textile» ЖШС «Индустрия 4.0» бағдарламасы аясында еліміздегі модельді цифрлы зауыттардың қатарына қосылды. 2013 жылдан бастап өз өнімін халыққа ұсынып келе жатқан фабрика базасында энергия үнемдеуге және жабдықтың тоқтап қалуын төмендету арқылы экономикалық пайда табуға мүмкіндік беретін бірден бес цифрлы жоба енгізілуде.

Кәсіпорынның жылына 5 млн шаршы метр кілемдер мен кілем бұйымдарын және 4 мың тонна синтетикалық жіп шығару мүмкіндігі бар, 300 адам жұмыс істейді. Әзірге фабрика үш цехтан тұрады. Жақын арада төртінші цех салу жоспарланған. Болжалды инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Қазіргі таңда өндірілген кілем өнімінің көлемі жылына 4 млн шаршы метр болып отыр.

Жалпы өнімнің 20 пайызы экспортқа шығарылады. Дегенмен кәсіпорын басшылары елімізде көптеген жеңіл өнеркәсіп тауарлары сырттан келетінін, ал экспорт көлемі әлі де төмен деңгейде екенін айтады.

«Үкімет тарапынан жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында осы уақытқа дейін қыруар іс атқарылып келеді. Фабрика «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасуы арқылы салық жағынан көптеген жеңілдікке ие болып отыр. Одан бөлек, бірнеше рет мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алдық. Мемлекеттің осындай жан-жақты қолдауы арқылы енді аяққа тұрып келеміз. Менің ойымша, келесі кезеңде бәріміз бірігіп, еліміздің нарығын қорғауды мықтап қолға алуымыз қажет. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда еліміздің нарығына Түркия, Иран, Бельгия, Өзбекстан секілді елдерден кілем тауарлары емін-еркін кіріп жатыр. Оның ішінде, соңғы жылдарда жалпы кілем импортының ішінде Өзбекстанның үлесі жыл сайын артып келеді. Егер ресми деректерге жүгінер болсақ, Өзбекстаннан келген кілем импорты көлемі 2018 жылы 1 млн 700 мың шаршы метрді құраса, 2019 жылы 1 млн 300 мың шаршы метр болған. Бұл жалпы еліміздегі кілем импортының 16%-на тең. Ал Қазақстан көрші елге 2019 жылы 20 мың шаршы метрді ғана экспорттаған. Өздеріңіз байқап отырғандай, арада үлкен алшақтық бар. Қазіргі таңда Өзбекстандағы кілем бизнесі қарқынды дамып келеді. Мұның басты себебі көршілеріміздің кедендік және акциздік салықтар салу арқылы өз нарығы мен өндірушілерін тиімді қорғап отырғанында. Бұл кілем өнімдеріне ғана емес, басқа да тауарларға қатысты үлкен мәселе. Өзбекстан тарапы өз нарығына кірген қандай да бір елдің тауарының импорты өскенін байқаса, бірден сол елге, сол тауарға қатысты акциз салығының мөлшерін көтеріп тас­тайды. Мысалы, 2019 жылдың соңына дейін Өзбекстан тарапынан Қазақстан кілем өндірушілеріне салынатын импорт акциз салығы 15 пайызды құрап келген болатын. Алайда, еліміз тарапынан 2019 жылы кілем импортының аз да болса өскенін байқап, көршілеріміз 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кілемдердің акциз салығының мөлшерін бірден 30 пайызға көтеріп тастады. Ал Өзбекстан кәсіпорындары өз өнімдерін еліміздің нарығына ешқандай акциз салығынсыз экспорттаумен қатар, өз елінде қосымша құн салығын мемлекеттен қайтарып келеді. Айта кету керек, Өзбекстанда кейбір тауарларға қатысты акциз салығының мөлшері 50%-ға дейін жетеді», дейді «Бал Текстиль» ЖШС директоры Талғат Ысқақов.

Сондай-ақ серіктестік директоры нарықты қорғау мәселесі қазір кілем өндіру саласы үшін ғана емес, жалпы тоқыма өнеркәсібі үшін өте өзекті мәселе болып отырғанын айтады. Қазіргі таңда Еуразиялық одақ елдерінен тыс басқа мемлекеттерден тоқыма өнімдері елімізге көптеп импортталады. «Осы тауарларды мемлекеттік органдар жіті қадағалауға алып, кедергілерді жылдам қарастырып отырса екен. Егер бұл тауарды өзімізде өндіру мүмкіндігі болса, неге өзіміздің отандық өндірушілерімізді қолдамасқа? Осы мәселеге байланысты еліміздің Өзбекстаннан келетін кілем жалпы тоқыма өнімдеріне қатысты «айна» әдісін қолдануын ұсынамын. Бұл дегеніміз, біздің ел тарапынан да Өзбекстаннан келген тауарларға 30% акциз салығын қарастыру. Одан бөлек жалпы сырт елдерден келетін тоқыма тауарларына қатысты 50% кедендік салықтарын немесе басқа да кедергі болатын шараларды кеңінен қолдансақ екен. Осы шараларды іске асырсақ, отандық жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде жалпы тоқыма саласына үлкен көмек болар еді. Сонымен қатар нарықты тиімді қорғай білсек, шетелден келетін инвесторлардың да елімізге деген қызығушылығы арта түспек. Себебі инвесторларды қызық­тыра­тын басты мәселе – келешекте тауарды сата алатын елдің өз нарығы болуы. Сонда еліміздің жеңіл өнеркәсібі дамып, экономиканың өркендеуіне оң үлесін қосады деп сенемін», дейді Т.Ысқақов.

2

Өзбекстанда шикізаттың 60%-ға жуығы қайта өңделеді

Мәжіліс депутаттары өткен жылдың соңында тоқыма саласына қатысты мәселе көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары Р.Склярға сауал жолдаған болатын. Сауалдағы деректерге қара­ғанда, Қазақстанда жылына шамамен 300 мың тонна мақта шикізаты жиналады, оның 4%-ы ғана, яғни 12 мың тонна мақта талшығы дайын өнімге дейін жеткізіледі. Сонымен қатар шикізат құнына қарағанда 4,5 есе қосылған құн алады, ал 288 мың тоннадан астамы экспортқа кетеді. «Мақта шаруашылығы облыстың 35%-дан астам халқының табыс көзі саналады. Мемлекет мақта шаруашылығын қолдауға үлкен қаражат, күш-жігер жұм­сайды. Жанар-жағар­­майға, тұқымға және пес­тицидке бес жылдың ішінде бөлінген субсидияның көлемі 25 млрд теңгеден астам соманы құрайды. Алқаптарға су беру жүйесі 15 млрд теңгені құрады», делінген депутаттық сауалда. Осындай деректерді келтірген депутаттар Елбасы тапсырма берген және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев міндеттеген мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді жоғары қосымша құнмен сатуды жөнге салатын уақыт әлдеқашан келгенін мәлімдеп бірқатар ұсыныс айтқан болатын.

Депутаттар сауалына берілген вице-премьердің жауабында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелінің жалпы құны 87,4 млрд теңге болатын 38 жобадан тұратыны, оның 3301 жұмыс орнын ашуды көздейтіні айтылыпты. Оның ішінде жалпы инвестиция құны 29,6 млрд теңге  болатын 1600 тұрақты жұмыс орнын құрайтын 15 жоба іске асырылған. «Оңтүстік» АЭА қатысушы кәсіпорындар өндірген өнім көлемі 2010 жылдан бастап 2019 жылдың ІІІ тоқ­саны аралығында 53,9 млрд теңге болып, өнімнің көп бөлігі таяу және алыс шетелдерге экспортталған. АЭА жұмыс істеуінің барлық кезеңінде бюджетке 3,6 млрд теңге салық аударған. Сондай-ақ вице-премьер жауабында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту ескеріле отырып, 2020-2021 жылдары 1701 жұмыс орнын құрумен жалпы инвестиция сомасы 57,7 млрд теңгеге 23 жоба іске асырылатынын мәлімдеген.

Еліміздің тоқыма өндірісіндегі негізгі бәсекелесі болып табылатын Өзбекстанда 1 млн тонна мақта талшығы өндіріледі, 200-ге жуық ұқсас кәсіпорындар жұмыс істейді және шикізаттың 60%-ға жуығы қайта өңделеді. Көрші ел шетелдің қатысуымен тағы 20 кәсіпорынды іске қосуды жос­парлауда және мақта талшығының барлық көлемін қайта өңдеуді көздеп отыр. Өзбекстанның мемлекеттік сая­саты экспортты ілгерілетуге және соң­ғы өнімнің өзіндік құнын төмендету арқылы жаңа өткізу нарықтарын жау­лап алуға бағытталған. Сондай-ақ Өзбек­станда барлық әкелінетін материалдар мен тоқыма өнімдеріне арналған жи­нақ­тауыштарға нөлдік кеден бажы қол­данылады, еңбекақы Қазақстанмен салыстырғанда 25%-ға төмен.

Тоқыма нарығындағы теңсіздік

Елге оралайық, арнайы экономикалық аймақта табысты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындар баршылық, сондай-ақ нарық талабына шыдас бермей тоқтап қалғандары да жоқ емес.  Қабырғалық, едендік, декоративті және төсемдік полипропилен тоқымадан кілем бұйымдарын шығаратын «Nazar textile» ЖШС-і 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына 2,3 млн шаршы метр кілем шығарады. Өнімдері ішкі нарықта да, ТМД елдерінде де сатылады. Жабдықтаушыларға тәуелді болмау үшін зауыт басшылығы шикізат өндіретін, жылына 4 мың синтетикалық жіп шығаратын екі жеке цех ашпақ. Бұл бағыттағы құрылыс басталып та кеткен. Цехтар ашылғаннан кейін 50 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. «AGF Group» ЖШС-і да танымал тоқыма өндірушінің бірі. Төрт жылдан бері кәсіпорын шведтік «IKEA» компаниясына төсек-орын жабдықтарын жеткізіп келеді. Өнімдерінің көлемі мен ассортименті жыл сайын өсіп, кеңеюде, 250 адам жұмыспен қамтылған. Салынған инвестиция көлемі – 500 млн теңге. Түкті сүлгілер мен халаттар шығаратын «Tumar textile» фабрикасы және арқан бұйымдарын шығаратын «Экохим» ЖШС әзірге ішкі нарыққа жұмыс істеуде және шетелдік сатып алушыларды «жаулап алу» жоспарлары жоқ. Ал үш жыл бұрын банкрот болған «Oxy Textile» зауытының орнында ашылған және оның жабдықтарын сатып алған «Azala Cotton»  ЖШС керісінше, өз қуатын елде де, шетелде де дәлелдеуге дайын. Мақта иірімжібін өндіретін жалғыз зауыт сыртқы нарыққа шығу үшін алдына үлкен мақсат қойып отыр. Өнімдері қазірдің өзінде Шығыс Еуропада, Ресейде, Түркияда және Қытайда жақсы сатылатын кәсіпорында 290 адам жұмыс істейді. Екінші жоба – аралас иірілген жіп шығару цехы іске қосылғаннан кейін жұмысшылар саны  айтарлықтай арта түспек. Өкінішке қарай, қазір «Azala Cotton» орнын басқан «Oxy Textile» арнайы экономикалық аймақтағы нарықтық қатынастардың сынақтарына төтеп бере алмаған жалғыз компания емес. Осы сынды  «Textiles. kz» компания тобына кіретін «Ютекс» АҚ, «Меланж» АҚ және «Ютекс-KZ» АҚ фабрикалары жобасы да сәтсіз болып шықты.

Тоқыма нарығындағы теңсіздік, Еуроодаққа тауарлар экспорты кезінде жоғары кедендік баждар, импорттаушы елдерге тауарлардың белгілі бір түрлерін әкелуге шектеу қою сынды мәселелер бұл саланың дамуына кедергі келтіріп жатқанын айтушылар да жоқ емес. «Өзбекстанға кілемдер мен кілемшелерді экспорттау кезінде Қазақстандағы кәсіп­орындар 30 пайыздық кедендік баж салығын және өндіріс құнының 15 пайызы мөлшерінде акциз салығын төлеуге міндетті, бұл сайып келгенде, қазақстандық өнімнің құнын 45 пайызға арттырады. Осыған байланысты өзбек нарығындағы біздің өндірушілер бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып отыр. Тағы бір мысал, Еуропалық одақ на­рығына тауарын ұсыну үшін, ЕО кеңе­сінің бекітілген ережелеріне сәйкес, біздің өндірушілерге импорттық бажды 12 пайыз мөлшерінде төлеу қажет, ал кейбір елдерде, соның ішінде Өзбекстан мен Түркияда кедендік баж салығының төмендеуі түрінде жеңіл­діктер бар. Сонымен қатар біздің жүн өндірушілеріміз өз өнімдерін Қытай­ға кіргізуге уақыт шектеулерімен бетпе-бет келеді. Әрине бұл мәселелерді шешу бойынша жұмыс жалғасуда, уақыт өте келе бәрі ойдағыдай болады деп сенеміз», дейді «Оңтүстік» АЭА бас­қару­шы компаниясы» АҚ басқарма төр­аға­сының орынбасары Нұржан Татыбаев.

Мамандардың пікірінше, Түркістан облысында және Шымкент қаласында мақтаны терең өңдеп және дайын тоқыма өнімдері шығарылғанға дейін толық циклмен тоқыма кластеріне айналудың барлық алғышарты бар. «Azala Textile» ЖШС осы қағида бо­йынша жұмыс істейді. Елімізде тоқыма кластерін дамытуға  мүмкіндік беретін заңнамалық база, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы түріндегі мемлекеттік қолдау, жоғары білікті еңбек әлеуеті, тұрақты дамып келе жатқан экономика, мамандар даярлауға арналған оқу орындар желісі бар. Жетіспей тұрғаны – жоғарыда айтылған тетіктерді жетілдіру, фермерлер мен мақта өңдеушілерге жан-жақты қолдау көрсету, субсидиялар арқылы қайта өңдеуді ынталандыру.

 

Түркістан облысы