Спорт • 09 Сәуір, 2020

Коронавирусқа байланысты ҚПЛ футболшыларының құны төмендеді

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлемдік пандемия тек экономикаға ғана емес футболшыларға да кері әсерін тигізіп жатыр. Өйткені, коронавирусқа байланысты ішкі біріншіліктер тоқтаған соң футболшылардың нарықтағы құны төмендеп жатыр.

Коронавирусқа байланысты ҚПЛ футболшыларының құны төмендеді

Transfermarkt сайтының мәліметі бойынша, Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін клуб футболшыларының құны бірден 22 миллион 420 мың еуро төмендеген. Яғни, коронавирусқа дейін футболшылардың жалпы құны 146,10 еуро болса, қазір 123,68 миллион еуроны құрап отыр.

Қазіргі таңда Қазақстан чемпионатындағы ең қымбат ТОП-10 футболшылардың тізімі мынадай: Марин Томасовтың («Астана») бұған дейінгі құны 3,5 миллион еуро болса, оның нарықтағы қазіргі бағасы 2,8 миллион еуроға дейін құлдыраған. Сондай-ақ Адеринсола Эсеола («Қайрат») – 3,2 миллионнан 2,5 миллион еуроға, Яцек Гуральски («Қайрат») 3 миллионнан 2,4 миллион еуроға, Роман Муртазаев («Тобыл») пен Дмитрий Шомко («Астана») 2,5 миллионнан 2 миллион еуроға, Жоао Пауло («Ордабасы») 1,8 миллионнан 1,4 миллион еуроға, Дино Миканович («Қайрат») пен Стас Покатилов («Қайрат») 1,7 миллионнан 1,4 миллион еуроға, Раде Дугалич («Кайрат») 1,6 миллионнан 1,3 миллион еуроға және Иван Маевский («Астана») 1,5 миллионнан 1,2 миллион еуроға арзандаған.

Айта кетейік, футболдан биылғы ел біріншілігі 7 наурызда басталып, 16 наурызда коронавирус пандемиясына байланысты тоқтады. Осы уақыт аралығында командалар небәрі екі-ақ тур ойнады. Алғашқы тур ойындары қалыпты жағдайда өтсе, екінші тур жанкүйерсіз өтті. Екі тур қорытындысы бойынша «Астана» көш бастап келеді.