Шектеу енгізілген шамалы уақыт ішінде полицияға жүктелген міндет көп. Соның қайсысы да жедел қимылды, шұғыл шешім қабылдауды керек етеді: шектеу талабын бұзғандарды анықтау; коронавирус туралы жалған ақпарат таратушыларды іздеп тауып, тұрғындардан кешірім сұратып, көпшіліктің көңілін орнықтыру; сәуірдің сұрапыл боранында қар құрсауында қалғандарды құтқару; электр жарығының жоқтығын пайдаланып жалғызілікті жаяу жүргіншіні торуылдаған қаскүнемдердің жолын кесу – тізе берсек, соңғы бір айдың ішінде полиция атқарған сауапты іс сансыз. Мәселен, 7 сәуірде қарлы боранда жолда қалған 100-ден астам жолаушы полицияның арқасында өзінің отбасы, ошақ қасына дін аман оралған.
Бүгін полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев қызметтік борышын адал өтеп жүрген патрульдік полиция сапындағы 70 қызметкерге лейтенант погондарын тапсырды. Ішкі істер органдарының қызметкерлері еш қиындыққа қарамастан өздеріне сеніп тапсырылған міндетті мүлтіксіз орындап жатқанын атап өткен А.Ынтықбаев: - Сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Бүгін Ішкі істер министрінің бұйрығымен сіздер полиция лейтенанты деген арнайы атаққа ие болдыңыздар. Бұл ішкі істер органдарын жетілдіру жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын жүзеге асыру барысында жасалып жатқан қадам. Өздеріңізге артылған міндетті абыроймен ақтап шығатындарыңызға сенімдімін, - деді.
Қостанай облысы