Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

Қостанай облысы: Қарлы боран мектептің шатырын жұлып кетті

706 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетінші сәуірде тәулік бойы тулаған қарлы боран Әулиекөлдегі былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен білім ошағының шатырын тулақ құрлы көрмей төңкере салған. Дүлей боран ауылдағы үй шатырларын, мұржалар мен қоршауларды, тоқ бағандарын қиратып кеткен. Ауыл ішіндегі шырша, теректердің тамыры ырсиып жартылай суырылып қалған. Ұялы телефон байланысы үзіліп, тұрғындар бір жарым тәулік бойы сусыз, жарықсыз қалған. 

Қостанай облысы:  Қарлы боран мектептің шатырын жұлып кетті

Ауыл тұрғындарының айтуынша, И.Сьянов атындағы орта мектептің шашылып қалған шатырын мұғалімдер мен ата-аналар жабылып жүріп жинастырып қойған. Мектеп шатырын ұстап тұрған қаңқа ағаштар мен белағаштар да түгелге дерлік қираған. Жұлқына соққан күшті боран мектеп ғимаратының үшінші қабатындағы сыртқы қаптамаларды жұлмалап, 11 терезеге зиян келтірген.

Аталмыш мектептің өткен жылы ғана күрделі жөндеуден өткенін айта кету керек. Жөндеу жүргізген мердігер - «Гренада» деп аталатын құрылыс компаниясы.   

Дүлей боран Әулиекөлдің іргесінде созылып жатқан Аманқарағай орманын да аямапты. Серейіп құлап жатқан қарағай көп. Аманқарағай ауылының әкімдігі құлаған қарағайларды жинап, тақтайға өткізіп, мектеп шатырын бүтіндеуге жұмсамақ.  

Қостанай облысы