Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

Жамбыл өңіріндегі дәрігер жазбасына байланысты тексеріс басталды

1385 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жуырда ғана Жамбыл облысы, Меркі аудандық ауруханасының инфекционист дәрігері Толқынай Ордабаеваның әлеуметтік желіге жариялаған жазбасы көпшіліктің қызу талқысына түсті. Ол өз жазбасында бірқатар мәселелерді көтерген.

Жамбыл өңіріндегі дәрігер жазбасына байланысты тексеріс басталды

Әуелі өзін таныстырған дәрігер бүгінде Меркі аудандық орталық ауруханасында уақытша бас дәрігер Данияр Нүсіпбаев екенін, оның 9 ай бойы бас экономист болғанын, медициналық білімі жоқ болғанына қарамастан бас дәрігердің жұмысын атқаратынын жазыпты. Сондай-ақ ол бас дәрігердің уақытша міндетін атқарушы ешқандай медициналық мәселелерді шешпейтінін, оның орнына барлық сұрақтарды бас дәрігердің орынбасары Жаңыл Шойбекованың шешетінін, тіпті сол Шойбекованың өзі Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың әйелінің әпкесі екенін айтқан. Толқынай Ордабаеваның жазуынша, Марат Жұманқұловқа шағымдармен жүгінген жағдайда ол Жаңыл Шойбекованы қолдайды екен әрі өзінің egov арқылы берген өтінішін облыстың бас дәрігері қарамаған. Енді дәрігер осындай шағымдар мен сөздерден кейін басшылықтың өзін аяқтан шалып, жұмыстан шығаруы мүмкін екенін ойлап қорқатынын да жеткізіпті.

Толқынай Ордабаева біраз жылдан бері Меркі аудандық ауруханасында инфекционист дәрігер болып қызмет атқарады екен. Өкініштісі сол, коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеумен айналысқан дәрігердің өзіне де қауіпті дерт жұққан. Ол бүгінде Тараз қаласында ем алып жатқан болып шықты. Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында біз Меркі аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Данияр Нүсіпбаевқа хабарластық. Ол Толқынай Ордабаеваның біраз уақыттан бері аудандық ауруханада жұмыс істейтінін, алайда бүгінде індет жұқтыруына байланысты ем алып жатқанын растады. Негізі дүйім жұрттың назарын аударған жазбаны жазуға себеп болған мына жағдай екен. Бойында аурудың алғашқы белгілері біліне бастағанда Толқынай Ордабаева жұмыстан жіберуін сұрап бас дәрігердің орынбасары Жаңыл Шойбековаға барады. Алайда ол жұмыстан жіберу үшін заңды түрде ауырғаны туралы құжатының (больничный) болуы керектігін айтады. Бірақ, дәрігер ол құжатты алуға көнбейді. Текетірес негізі осыдан басталған сияқты. Екінші мәселе, қорғаныс костюмдеріне қатысты. Данияр Нүсіпбаевтың айтуынша, мұндай костюмдердің екі түрі бар екен. Біріншісі бір реттік, ал екіншісі көп реттік қолдануға арналған киімдер. Екіншісін бір рет пайдаланған соң дезинфекциялап қайта пайдалана беруге болады екен. «Бұл жерде Жаңыл Шойбекова көп реттік костюмдерді киюді айтқан болатын. Бәлкім, Толқынай Ордабаева оны түсінбеген болар. Жалпы, Шойбекова еңбек өтілі 30 жылдан асқан дәрігер. Өз жұмысын білетін маман», дейді Данияр Нүсіпбаев. Біз одан Ордабаеваның өзін жұмыстан кетіп қалу қаупін жазғаны туралы сұрағанымызда, ол «Әуелі жазылып келсін. Ол кісімен сөйлесеміз. Жұмыстан босатылмайды», деп жауап берді. Бірақ, Толқынай Ордабаеваның айтуынша, жағдай бұлай емес екен. Дәрігерге арнайы хабарласқанымызда ол тіпті Жаңыл Шойбекова оған ауырғаны туралы құжаттың (больничный) болуы керектігі туралы айтпағанын айтты. «Мен дене қызуым көтеріліп, ауырып тұрғанымда ол кісіден сұрандым. Мені жібермей қойды. Жағдайымды айтып едім, «Қайта жұмыста жүргеніңе қуан» деді. Гиппократ антын бергенім үшін ғана жұмыста қайтадан қалып, карантинде жатқан адамдарды емдеумен айналыстым», дейді ол. Сонымен қатар, Толқынай Ордабаева Меркі ауруханасында медициналық масканың да, арнайы костюмдердің де жеткіліксіздігін, бір киген киімді басшылар екінші рет қайта кигізетінін де айтты. Сондай-ақ, ол қазір өзінің жұмыс бөлмесінен 400 медициналық масканың табылғаны жайлы ақпарат алғанын, бірақ оның ұйымдастырылған нәрсе екенін жеткізді.

Жалпы, Толқынай Ордабаева әлеуметтік желіге екі рет жазба қалдырған. Екінші жазбасында ол Меркі аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар дәрігері екенін, қазір Тараз қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирустық инфекция бойынша ем алып жатқанын жазған. «Карантиндегі науқастармен жұмыс істеу кезінде індет жұқтырдым. Меркі аудандық орталық ауруханасының әкімшілігі қысым көрсетіп, медициналық персоналдың өздеріне маска тігіп киюге мәжбүрледі. Жұмыста медициналық маска мен қорғану құралдары берілмейді», деп басталып, бұдан әрі түрлі жағдайларды жазғаны да қоғам талқысына түсті. Ол Жамбыл облысында қажетті құралдар жоқ болғандықтан науқастармен қарым-қатынаста болғандарға 14 күнге қайта тестілеу (ретестирование) жасалмағанын, сондықтан қарым-қатынаста болғандарды коронавирустық инфекцияға  бақылау анализін жасамастан қайтаруға тура келгенін жазыпты. Қазіргі таңда науқас вирусқа қарсы «Алувия» препаратын қабылдап жатыр екен. Алайда Толқынай Ордабаева «Бұл препараттың кері әсері көп. Мені коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастың қасына жатқызды. Неге бөлек жатқызбайды? Ол да қалалық санэпидқадағалау мекемесінің (СЭС) эпидемиолог дәрігері. Жамбыл облысында коронавирусқа ПЦР қан алынбайды. ПЦР тест жоқ. Қарым-қатынаста болғандарға қайта тестілеу (ретестирование) жасалмайды. Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы медициналық қызметкерлердің вирус жұқтыру фактісін жасырып отыр», деген осы жазбасында. Сонымен қатар, меркілік дәрігер тағы да бірқатар мәселелерді айта келіп, Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасына медициналық маска, вирусқа қарсы дәрілер мен дәрігерлерге премияға деп бөлінген қаржының қайда екенін сұрап жазады.

Аталған мәселелерге орай Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы ешқандай мәлімет берген жоқ. Тек тексерудің басталғанын ғана айтты. Ал, Данияр Нүсіпбаев Толқынай Ордабаева айтқандай экономист болып 9 ай емес, 5 жарым ай ғана жұмыс істегенін айтты. Алайда, 6 айдан бері аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарып келеді екен. Бірақ, жарты жылдан бері мұнда басшы тағайындамай отырған денсаулық сақтау басқармасының қандай саясаты бар екенін түсіну қиын. Есесіне Жамбыл облысының әкімдігі облыстық денсаулық сақтау басқармасы және облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен бірлесе отырып, Меркі аудандық орталық ауруханасының дәрігері Толқынай Ордабаеваның әлеуметтік желілерде жарияланған шағымы бойынша қызметтік тексеру басталғанын хабарлады. Әкімдіктің ресми жазбасында «Дәрігер-инфекционист Т.Ордабаева 1,75 штаттық бірлікке (сағат 9-дан 18.00-ге дейін) сәйкес лауазымдық жалақымен жұмыс істеген. Оның ішінде 0,25 штаттық бірлік оның өз келісімі бойынша денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздығына қатысты әріптесінің уақытша міндетін атқарған. Ағымдағы жылдың 3 сәуірінде Т.Ордабаева дене қызуының жоғарылауына байланысты шағымданған. Одан зертханалық талдаулар алынып, қорытындысына сәйкес коронавирустық инфекцияны жұқтырғандығы расталған.

Эпидемиологиялық тексерулер жүргізіліп,  онымен жақын байланыста болған 5 адам анықталып, карантинге орналастырылды», делінген. Науқас инфекциялық стационардың екі орындық боксында осындай диагнозы бар басқа пациентпен бірге жатқызылған. Бірақ әкімдік бұл санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға қайшы келмейтінін, науқастың еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен емдеу хаттамасына сәйкес «Алувия» препаратын қабылдағанын мәлімдеді. Облыстық әкімдік бүгінгі күні аудандық аурухананың медицина қызметкерлері толық көлемде жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілгенін айта келіп, сәуір айында коронавирусты инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша іс-шараларға тартылған осы аудандық аурухананың 20 медицина қызметкеріне, соның ішінде дәрігер Толқынай Ордабаеваға да сыйақы төлеу жоспарлануда екенін  жеткізді. Алайда оның ауру фактісі жасырылмағанын, керісінше ақпараттың Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитетіне берілгенін мәлімдеді.

Әлеуметтік желіні шулатқан әулиеаталық дәрігер Толқынай Ордабаеваның жазбасына қатысты қоғамда пікір көп әрине. Көпшілігі дәрігердің ауырғанын жасырған деп денсаулық сақтау басқармасын, аудандық аурухананың әкімшілігін кінәлауда. Алайда, біз астарына үңіліп, зерттеп көрген мәселенің анық-қанығы осы болды.

 

Жамбыл облысы