Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауыз су жүйесінің жаңарту жұмыстары биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы, бұл бастама Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен өңірдің даму жоспарына енгізілген. Жалпы, бүгінгі таңда Сарысу ауданындағы 25 ауылдың 15-і таза ауыз сумен қамтылған. Жергілікті билік келесі жылы ауыз су мәселесі түбегейлі шешілетінін жеткізді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ақтоғай ауылындағы Ақтоғай орта мектебі 2003 жылы пайдалануға берілген болатын. Алайда сол уақыттан бері аталған білім ошағы жөндеу көрмеген. Сондықтан 380 орындық типтік ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаты дайындалып, сараптама қорытындысы шыққан. Бұл да Жамбыл облысының даму жоспарына еніп отыр. Сол сияқты, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы № 615 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың» орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Тоғызкент ауылындағы «Жанна» балабақшасы да күрделі жөндеуден өтетін болды.
Сарысу ауданы бүгінде су тапшылығын көріп отырған облыстағы бірден-бір аудан. Әрі облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Бүгінде өңірдегі алқаптарды тиімді пайдалануға су қоймаларынан шығатын тоғандар мен сужетектерінің тозығының жетуі шаруаларға үлкен қолбайлау болып отыр. Жалпы, ауданда 2 су қоймасы мен 16 ішкі су жүретін канал және 8 бөгет бар. Аудан аумағынан 6 өзен ағып өтеді. Бірақ су тапшы. «Жаңа Кәрітоған» арқылы су өтетін «Сарыөзек» су каналынан 5 ауыл егістікке су алады. Каналдың басынан 600 литр су салынса, су пайдаланушыларға дейін 200 литр су әрең жетеді. Каналды калың қамыс, табиғи шөп басып, бұрынғы бетон арық әбден ескірген. Соның салдарынан 400 литр су шығыны болады. Бұл мәселені жою үшін каналдың табаны мен ернеулерін бетондау қажет. «Сарыөзек» каналы арқылы Ұйым ауылының егістік алқаптарын суландыру үшін қазіргі таңда каналдың су өткізу мүмкіндігі бойынша қиындықтар туындауда. Ұзындығы 2500 метр «Сарыөзек» каналын бетондау бойынша Жаңаталап ауылдық округі тарапынан жобалық-сметалық құжаты жасалып, «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік мекемесіне ұсыныс берілген. «Саудакент ауылының маңындағы халықтың нәпақасын айналдыруға септігі мол бақша суына байланысты көтерген мәселеміздің облыстың бас жоспарына кіргені қуантып отыр. Бұл ретте біз Бердібек Сапарбаевқа алғыс айтамыз. Өйткені, кезінде 45 гектарға дейін бақша еккен Ұйым ауылының тұрғындары «Сарыөзек» тоғанының арығының бетондалатынын естіп қуануда. Кезінде бұл тоғаннан Ұйым ауылының екі шетіне де бақша егіліп, осы ауданды пияз, сәбіз, қияр, қызанақпен қамтып қана қоймай, сонау солтүстік облыстарға дейін жөнелтетін. Мына 30 миллион текшеметр су жиналатын «Ынталы» су қоймасынан алынатын су Ұйым, Жаңаталап, Игілік, Өндіріс, Саудакент ауылдарының барлығына қара күзге дейін жететін. Алайда тоған бетондарының тозығы жеткен соң канал басынан шығатын 600 литр судың 200 литрі ғана Ұйым ауылына әрең жетеді. Енді «Сарыөзек» су тоғанында кезең-кезеңімен бетондау жұмыстарының іске асатындығына ауыл болып қуанып отырмыз», дейді Ұйым ауылының тұрғыны Сайлаубек Қалыбеков.
Сонымен қатар, Жайылма ауылдық округін сумен қамтамасыз етіп отырған «Бүркітті» су қоймасының «Бүркітті» лоток каналы бар. Бірақ, әбден тозығы жеткен лоток отырған, жалғанған жерлері ашылған. Сол үшін «Бүркітті» су қоймасының жағалауын бекітіп, жаңадан бетондау керек. Ал, ұзындығы 1548 метр болатын каналдың лотогын ауыстыру да басты мәселе. Дегенмен, бұл су қоймасының да жобалық-сметалық құжаты дайындалып қойылған. Бұл ретте Жайылма, Қызылдиқан, Маятас ауылдарының шаруалары әкімдікке алғыстарын білдіруде.
Ал Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектің тікелей бастамасымен «Күлтөбе» каналы тазаланып, Саудакент ауылының 6 көшесіне бақша суы келді. Ауыл тұрғындапрының күшімен 3 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 500-ден астам адам тартылған. Нәтижесінде 15 көшенің тұрғындары ауласындағы бақшаға су алып, есік алдындағы жерге бау-бақша мен жеміс талдар егуде. Сол сияқты, ауылдардағы жолдардың жөнделуі де тұрғындардың қуанышын еселеуде. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауданға жұмыс сапарымен келгенде бұл мәселе көтерілген болатын. Бүгінде аталған мәселе оң шешімін тауып отыр. Сарысу ауданы бойынша ағымдағы жылы жөнделуге жоспарланған көшелер көп. Аудан орталығы Жаңатас қаласындағы 11 көшенің жол жабындысына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. Сондай-ақ, Тоғызкент ауылындағы Саңырық батыр көшесінің жол жабындысына орта жөндеу, Әбілда ауылына кіреберіс жолдың жабындысына орта жөндеу, Көкдала-1, Игілік, Өндіріс, Маятас, Ұйым ауылдарының кіреберіс жолдарының жабындысына орта жөндеулер жүргізу үшін қаржы бөлініп отыр.
Жамбыл облысы