Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

Алматы облысы: Көп балалы отбасыларды қоныс тойы күтіп тұр

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облысында жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жүргізуге 18 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржының 9 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылса, қалған жартысы облыстың өз қаражаты екен.

Алматы облысы: Көп балалы отбасыларды қоныс тойы күтіп тұр

Бір қуанарлығы, бөлінген қаржы көп балалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысына бағытталып отыр. Бұйырса жалға берілетін 975 тұрғын үйдің 669 пәтері көп балалы әулеттерге, ал 377 пәтер әлеуметтік жағынан қорғалмаған адамдар тобына берілмекші. Жалпы, Жетісудағы көп балалы отбасыларды баспанамен қамту ісі жаңадан салынған құрылыстарға қарап тұрған жоқ. Биыл жергілікті бюджет есебінен қосымша 50 пәтер сатып алуға қаржы көзі нақтыланыпты. Жалпы, жыл соңына дейін 719 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамту мақсаты тұр.

Ал қазір аймақтағы тұрғын үй құрылысы қызу шағында. Несиеге берілетін баспана салу үлесі биыл жалпы алаңы 51,4 мың шаршы метр құрайтын 648 пәтерлі 51 тұрғын үй шамасында екен. Бұған 5,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, коммуналдық тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Дәл осы талапқа сай 91 үй бой көтере бастаған. 9 мың шаршы аумаққа салынып жатқан құрлыысқа 2 млрд теңге жұмсалмақшы.

Айтпақшы, Алматы облысы өткен жылы көп балалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан қорғалмаған әулеттерді баспанамен қамту үлесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі екінші орыннан көрінген. Яғни, былтыр 135 отбасына бюджет есебінен баспана сатып алынса, оның жетпіс бірі көп балалы отбасы екен. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қоныс тойлаған тұрғындар саны 500 отбасына жетті. Биыл бұл көрсеткіш 600 отбасына жетуі тиіс. Ал жыл басынан бері бюджет қаржысына сатып алын 69 пәтердің отызы тағы көп балалы отбасына берілген.

 

Алматы облысы