Облыс ауруханалары үшін «СарыарқаАвтоПром» бүгінге дейін 39 автокөлік құрастырған, келісімшарт бойынша қалған 41 көлік сәуір айының соңына дейін дайын болады.
Бүгін Қостанайда аудандық аурухана жүргізушілері аймақ басшысының қолынан 15 санитарлық автокөліктің кілтін алды.
– Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту халыққа уақытылы және сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Соңғы 3 жыл ішінде облыстық бюджет есебінен 783 млн теңгеге 30 санитарлық автокөлік, 17 реанимобиль сатып алынды. Мұның сыртында, міне, 80 санитарлық автокөлікке қол жеткізіп жатырымыз. Көліктердің басым бөлігі шалғай аудандарға жіберіледі. Қазір облыста коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Жергілікті бюджеттен медициналық жабдықтар, дезинфекциялық құралдар, қорғаныш комбинезондары, маскалар сатып алуға 2,1 млрд теңге бөлінді. 60 төсек жанына қойылатын монитор, 40 өкпеге ауа жібергіш құрылғы, 20 ларингоскоп, 20 дефибриллятор, қан құрамындағы газды анықтайтын 2 анализатор, 20 хирургиялық сорғыш сатып алуға келісім-шарттар жасалды. Сондай-ақ 11 мың қорғаныш комбинезоны, 3,5 мың қорғаныш көзілдірігі, 800 дезинфекциялау құралы, маска сатып алынды, - деді Архимед Мұхамбетов.
Сонымен қатар, облысқа мемлекеттік резерв қаражатынан бөлінген 535 млн теңгеге жеке қорғаныш құралдары сатып алынады.
Қостанай облысы