Аймақтар • 10 Сәуір, 2020

Сын сағатта сүрінген жоқ

366 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университеті (Yessenov University) 16 наурыздан бастап қашықтан білім беруге бакалавриат, магис­тратура және докторантура деңгейлері бойынша толық көшті.

Сын сағатта сүрінген жоқ

Yessenov University қашық­тан оқыту технологиясын қолданып білім беруде үлкен тәжірибесі бар. Сондықтан 7807 білім алушыға қашықтан оқыту технологиясы арқылы білім беру сапасының жоғары деңгейде болуына жіті назар аударып отыр.

Қазір заманға сай барлық электронды коммуникациялық құрылғыларда және мобильді платформаларда жұмыс істейтін G Suite құрамындағы Meet by Google Hangouts қосымшасын университет білім алушылары қашықтан білім алуда оңай қолдана алады.

Yessenov University-де Қытай, Иран, Ресей, Пәкістан, Армения және т.б. елдерден келіп білім алып жатқан 1668 шетел азаматына қашықтан сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Жатақханалар шетелден келіп білім алып жатқан және еліміздің шалғай аудандарынан келген білім алушылар үшін жоғары жылдамдықтағы 100 мбит/сек кең жолақты wi-fi интернетімен қамтамасыз етілген.

Yessenov University білім алу­­шы­ларға оңтайлы жағдай жасау үшін Meet by Google Hangouts қосымшасында 184 вир­туал­ды аудитория жасақта­лып, уни­верситеттің 313 профессор-оқытушылар құрамы бекітілген сабақ кестесіне сәйкес on-line форматта дәріс беруде.

Университеттің кітапхана қоры «Цифрлы Қазақстан» бағ­дар­­ламасына сәйкес сканерлеу ар­қы­лы электронды түрге аударылды.

– Студенттер электронды кітап­ханаға Интернетке қосыл­ған кез келген компьютер не мобиль­ді құрылғы арқылы қол жеткізе алады. Қажетті кітап­ты табу қиындық туғызбайды. Элек­т­ронды кітапхананың мін­детті элементтерінің бірі – сатылы электронды каталог, ол кітап­ты қосу не жою шараларына байланысты автоматты түр­де толықтырылады және жаңар­тылады. Сонымен қатар студенттерге әлемге әйгілі Coursera, wizer сияқты электронды құралдармен цифрлы білім беру көздері қол­жетімді. Барлық пәндер бойынша уни­верситеттегі «Univer» оқу жүйесіне оқытушылар тара­пы­нан 1722 электронды оқыту кеше­ні (қазақ, орыс және ағыл­шын тіл­дерінде) жүктеліп, элект­ронды журналға бағалар қойы­луы қа­рас­тырылған, – дейді оқу орны­ның ректоры Берік Ахметов.

Білім алушыларды google account және бейне аутентифи­кациялау негізінде кестеге сәй­кес сабаққа қатысулары YU Moni­toring center (мониторинг орта­лығы) арқылы жүйелі түрде тек­серілу­де. Сондай-ақ студенттер жазба жұмыстарын тапсыру үшін оқытушылардың корпоративті пошталарына жұ­мыстарын жібереді. Жазба жұ­мыс­тарды білім алушының өзі орын­дағанын тексеру туралы ережеге сәйкес оқу үрдісі­нің тиімділігін арттыру мен ұйым­дастырудың сапасын көтеру үшін білім алушылардың жазба жұмыс­тарды дербес орындауын бақылау, сондай-ақ білім алушылардың өзіндік тәртіп деңгейін арттыру және зияткерлік мен­шік құқығын сақтау мақ­сатында «Антиплагиат» жү­йе­сі қол­данылады. Жазба жұмысы қорғауға жіберілуі үшін жұ­мысқа рұқсат беруді қарау кезінде жазба жұмыстың түпнұс­қалығы 80%-дан асу қажет.

2017 жылы университет ба­засында арнайы телесту­дия жасақталған болатын. Сту­дияда университеттің үздік оқыту­шы­лары бейне лекцияларын даярлап, университеттің оқу платфор­масына жүктеледі. Бұдан екі жыл бұрын университетте іске қо­сылған оқу моделі арқылы сту­денттер бейне-лекциялар бо­йын­ша үйінде дайындалып, ал са­бақта түсінбеген мәселелері бо­йын­ша оқытушымен пікір алмасады.

Аталған жоба бойынша биыл­ғы жылы университет базасында VR зертханалары ашылып, тех­никалық бағыттар бойын­ша виртуалды зертханалар жасақ­талады.

Заманауи білім беру құрал­дарымен жабдықталудың пайдасы болмаса зияны жоқ екенін Ақтаудағы оқу орнында дер кезінде қолға алынған шаралар ай­қындай түсті.

 

Маңғыстау облысы