Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Жастайынан қозы-лақ бағып,ауылдың жұпар шашқан мақпал ауасын, салқын самалын жұтқан өрен еңбекпен қатайып өседі. Шығармасының бірінде, ол қозы-лақ бағып жүріп, бөркін сағыз шөптің басына кигізіп, оны даулап келушіге өзін Шойынбет би атасының орнына қойып билік айтатын жері бар. Балалық арманы орындалып, ағамыз кейін елімізге танымал, даңқы аспандаған қаламгер атанып, өзінен кейінгі жас қаламгерлерге олардың шығармаларымен таныса отырып сын көзбен қарап, ақыл-кеңесін айтқан сәттерінде баяғы Шойынбет би атасы мен сағыз басындағы жел тербеген бөркі көз алдына келген болар. Сәуірбектің атасы Дос атыс-шабысты аласапыран заманда жауға қарсы шығатын, батыр болған екен. Әкесі Теріскейге танымал «бапкер Бақберген» атанған кісі. Содан болар бала Сәуірбек жастайынан жылқыға құмар болып өсті. Соның айғағындай бір шығармасында автор жылқыны былай суреттейді:
«Қарақұлақ» жылқы тұқымы болғанымен ақылды. Ал оның денесінің сұлулығын айтып жеткізу, тілмен айту мүмкін емес. Ақ жалпошты үстінен сыпырып алғанда көз алдыңа ат емес, ең бір асыл тастан қашаған, немесе алтын мен күмістің қосындысынан құйылған ғажап бір сурет тұратын. Кеуде кең де биік. Мойыны жұмыр. Жалы сұйық. Құлағы құрақтай тік. Шоқтығы биік те тұтас. Ал белі мен бөксесі ше! Қақпан белдеу келгенімен сауыры мінсіз жұмыр дөңгелек еді. Артқы аяғы ботаның тірсегіндей иіліп тұратын. Құйрығын өмірінде денесіне тигізіп ұстаған мал емес. Төңкерген кеседей құйма тұяқ, көбесі мықты, шашасы биік, шашалық жүні сирек, әлпі ұзын еді. Жемді де, шөпті де, суды да құнығып көп ішпейтін. Содан да іші тартыңқы, бүйірі салыңқы келетін».
Неге екенін қайдам, теміржолшы болуды армандаған Сәуірбек бала болып ойнауды аса ұната бермейді екен. Кішкентай кезінде елдің сыйлы азаматтарына еліктеп, солардай халық қадірлейтін қалаулы тұлға болсам ғой деп қиялдайтын. Ол Түркістан каласыңдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, әуелі осындағы теміржол, кейіннен педагогика училищесін бітірген соң Шымкент мұғалімдер институтына түседі.
С.Бақбергенов 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Подольск жаяу әскер училищесін бітірісімен атақты И.В.Панфиловтың №8 гвардиялық дивизиясының атқыштар взводының командирі болып, Мәскеу түбіндегі ұрыска қатысады. Ұлы Отан соғысына бастан- аяқ қатысып, елге жеңіспен оралған соң республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне әдеби қызметкер болып орналасып,осы қара шаңырақта журналист-жазушы ретіндегі таныла бастайды. Көп жылдар бойы республикалық басылымдарда қызмет атқарып, замандастары жайлы көптеген очерктер жазып, еліміздің экономикасын дамытуға шығармашылығы арқылы үлкен үлес қосты. Ол өз шығармаларында заманның, қоғамның өзекті проблемаларын көтеріп,оны терең талдау арқылы ,шешу жолдарын көрсетіп абыройға ие болған қаламгерлердің бірі. 1950 жылы «Жазушы» баспасынан алғашқы очерктер мен әңгімелер кітабы жарық көрді.
Сәукең өзінің шығармашылық жолға қалай келгені туралы былай дейді: «Жас оқушылар өте әуесқой халық, жазушылармен кездескенде олар ең алдымен: Сіз қалай жазушы болдыңыз? – деп сұрайды. Атап айтсақ, бұл өте қиын сұрақ. Қиындығы сол, оған бір – екі сөзбен жауап беру қиын, өйткені жазушы әдебиетке түрлі жолмен келеді ғой. Мен әдетте былай жауап беремін. Мен жазушы болмаған болар едім, өйткені балалар үйінде болғаннан кейін теміржолшы болғым келген еді. Түркістан теміржол училищесінде оқыдым. Ал содан кейін педагогикалық училищеге түстім, кейін оқытушылар институтын бітірдім. Бірақ теміржолшы да, оқытушы да болмадым, мен солдат болдым. Соғыс басталды. Оның алғашқы күндерінен бастап ұрысқа қатыстым. Майданнан қайтқаннан кейін менің өзімнің майдандас достарым туралы, басымнан өткеннің бәрі жайында жұртқа айтқым келді. Сөйтіп мен журналист болдым. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде істедім. Очерктер, әңгімелер жаздым. 1945 жылы мен екі мәрте Батыр атағын алған Талғат Бигелдиновпен кездестім. Мен осы даңқты ұшқыш туралы оқушыларға айтып бергім келді. Бірінші повесімді ұзақ жаздым, әрі қиынға түсті. Жазушы болу оңайға түсе қоймайтынын бірінші рет бастан өткеруге тура келді. Естен кетпес Талғатпен алғашқы жолыққаннан кейін бес жылдан соң менің ол туралы бірінші кітабым шықты»
Сұрапыл соғысқа бастан аяқ қатысып, елге оралғаннан кейін қолына қалам алған С.Бақбергенов шығармашылық жолын кешегі полктас достарының ерлігін жырлаудан бастады. Бұл заңды да. Өйткені, ол атақты И.В.Панфилов атындағы 28-ші гвардиялық дивизияда атқыштар взводының командирі, байланысшы офицер болып қызмет етті. Содан өз көзімен көрген сұрапыл соғыстың салдарынан қираған қалалар мен ауылдар, ұлдарынан айырылып аңыраған ана, жетім қалған бала, жесір қалған жар, халық мойнына түскен соғыс зардаптары, майдан даласындағы ажалмен арпалысқан өмір, отан үшін жан қиған әрбір жауынгердің ерліктері мәңгі есінде қалып, творчествосына да үлкен әсер етті.
Әскери тақырыптағы туындыларында С.Бақбергенов өзі құрамында болған атақты дивизияның жорық жолдарын, жауынгер достарының ерлік тағдырын бейнелейді. Өзі тікелей қатысып, куәсі болған оқиғалардан сыр шертеді. Ұлы жеңіс үшін құрбан болған жандардың аты-жөнін ел есінде мәңгі қалдыруды мақсат етеді. Оның соғыс тақырыбындағы алғашқы туындылары екі дүркін Совет Одағының Батыры атағын алған атақты ұшқыш Талғат Бигельдинов жайлы жазылған очерктері еді. Соғыстан кейін іле-шала жазылған бұл мақалаларды көзі қарақты көпшілік іздеп оқыды. Бұл шығарма арқылы қыран қазақтың ерліктері бүкіл республика жұртшылығына әйгілі болумен бірге, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиеледі.
Ұлы Отан соғысында ерекше ерлігімен көзге түскен қазақстандықтар көп. Соның ішінде аты аңызға айналған батырларымыздың бірегейі – Бауыржан Момышұлы. Баукең туралы көп жазылды. С.Бақбергенов те Баукең туралы терең тебіреніспен жазды. Соның бірі – «Ат жалында» портреттік очеркі. Жазушы Бауыржан Момышұлын мадақтап, тым әсірелеп жатпай-ақ, қарапайым тілмен оның образын өмірдің өзіндегідей нанымды етіп, соғыстағы қазақ командирінің типтік образын сомдады. Әсіресе кейіпкердің ерлік істерінің оның ішкі жан дүниесімен ұштасуы шығарманы әрлендіріп, әсерін күшейте түседі.
«Менің достарым» атты кітабында да Сәукең майдандас достарының ерлікке толы патриоттық бейнелерін жасады. Шығармада жалпы соғыс туралы, майдан эпизодтары, жауынгерлердің ауыр халі, өмір мен өлім арасындағы арпалыс арқылы соғыстың қасіреті мен оның қиындығынан мойымай отаны үшін жанын пида еткен жауынгерлердің жанқиярлығын паш етті.
Қара сөз шеберінің тақырып ауқымы кең. Ол Ұлы Отан соғысы жайында да, өндіріс озаттары, еңбек ерлері, ғылым қайраткерлері, өнер адамдары, спорт шеберлері туралы да жазып, оларды елге танымал етті. Жазушыға елімізге еңбегі сіңген, атақты адамдардың образын жасау үшін табиғи талантпен бірге жан-жақты білім мен жоғары мәдениеттілік керек. Кешегі сұрапыл соғыстың басынан аяғына дейін өткен батыр жауынгер, талантты жазушы Сәуірбекте осы қасиеттің бәрі де болды. Еліміздің елеулі адамдары жайлы жазылған туындылары баршамыздың сүйіп оқитын шығармаларымызға айналды. Оның очерктері барынша нанымды, тартымды болып келеді, себебі ол тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеп, толық игеріп, көзі әбден жеткеннен соң ғана жазатын.
Сәуірбек Бақбергеновтің «Дина», «Бозторғай» деген повестеріндегі басты кейіпкерлердің бірі – атақты күйші Дина Нұрпейсова, бірі – халық ақыны,әнші-сазгер Кенен Әзірбаев болды. Ол өз шығармаларында өнер адамдары – Әсет Найманбаевты, Дәнеш Рақышевті, Роза Бағланованы суреттеп, өз алдына өнер адамдарының галереясын жасады.
Жазушының ең көп зерттеп жазған туындысы – «Қайран шешем»романы. Бұл атақты күйші Дина туралы. Бастапқыда ол Дина ғажайып өнер иесі жайлы «Ақсақ киік» деген әңгіме жазды. Кейін «Күйлер» деген кітап шығарды. Сонан соң жоғарыда айтылған «Дина» деген повесть шықты. Соңында ол «Қайран шешем» атты роман болып жарыққа шықты. Дина үлкен талант иесі. Оқыған – тоқығаны болмаса да көкірегі зерделі, әсемдікке ғашық, нәзік жан. Жазушы Дина күйшінің осындай кездердегі жүрек лүпілін дөп басып отырады.
С.Бақбергенов әнші, композитор Кененді халқына кеңінен таныстырды. Оған жазушының өнер иесінің қадірін білгендігі себеп болды. Ол Кенен Әзірбаевтың қой жайып жүріп тұңғыш шығарған әнін бала кезінде-ақ естіп, сол әнді салып жүріп өзі де қозы лақ бағып өсті. Кейін Кененді көруді армандады. Оның да сәті түсті. Көрді, өнер жолымен терең танысып, оның жыр жинағының редакторы болды. Кенен туралы «Бозторғай» атты повесть жазды.
С.Бақбергенов «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері ретінде он жыл бойы редакция тапсырмасымен кең-байтақ республикамыздың түкпір-түкпірін аралады. Жаңадан бой көтеріп жатқан алып құрылыстарда болып,ондағы жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің ерен еңбектерін кең көлемде көрсете білді. Оның сол кезде жазған очерктері «Қаратау – Кентау», «Қияға тартқан жол» «Өзіміздің жігіттер», «Біздің колхоз», «Алтын емелден асқанда» деген атпен жеке кітаптар болып шықты.
С.Бақбергенов әсіресе, Жетісу өңірі мен оның атақты адамдары жайлы көп жазды. Қарапайым сауыншыдан совхоз директорына дейін көтерілген Зылиха Тамшыбаева, екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған колхоз бастықтары Николай Головацкий, Нұрмолда Алдабергенов сияқты адал да, ерен еңбегімен халықтың құрметіне бөленген азаматтарды кейіпкер етіп, қаз қалпында әдебиетімізге алып келді.
Әсіресе ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушысы Нұрмолда Алдабергенов басқарған колхоз ұжымының тыныс-тіршілігі, тек осы ұжымның өзінен шыққан он тоғыз Социалистік Еңбек Ері туралы жазылған очерктерін оқырман қауым өте жылы қабылдады. Жазушы дүлдүл диқандардың өмірін зерттей жүріп, олардың табысының қыры мен сырына әбден қанықты. Ол, бұл шаруашылықтың адамдарымен жылдар бойы араласып, өзі де, сол ұжымның бір мүшесіне айналып кетті. Жетісу жерінен диқандар жайлы жазса, Қаратау өңірінен кеншілер туралы толғады. Қазыналы Қаратаудың Ащысай, Хантағы өндіріс орындары, Қаратау тәжі – Кентау атанған жас кеншілер қаласы туралы, ондағы Ащысай полиметалл комбинаты, Мырғалымсай кеншілері туралы түшымды дүниелер жазды.
С.Бақбергенов өз шығармаларын терең зерттеп, талдап, зерделеп жазғаны соншалық, ондағы көтерілген мәселелер күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Мәселен оның жазган «Су бар жерде ну бар» очеркін алайық. Мұнда автор оңтүстіктің суға байланысты зәру мәселелеріне ғылыми тұрғыдан талдау жасап, ол қиыншылықтардан құтылудың, нақты жолдарын ұсынады. Ырыс пен береке арнасына айналып отырған Сырдың суын тиімді пайдаланудың күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін өзекті мәселелерін қозғайды. Ежелден Сыр бойында ғылым мен мәдениеті дамыған Отырар деген қала , оның төңірегінде жиырмаға тарта қалашықтар және Отырар өркениетінің құрамына кіретін Отырар суландыру жүйесі болған деп өткен тарихтан нақты деректер келтіре отырып, ол Сырдария Арыс өзендерінің бойында ерте кездің өзінде-ақ жергілікті тұрғындардың егіншілікпен айналысқанын айта келе, қазір сол сулар қайда кетті? Өзен сулары неге жылдан – жылға азайып барады? Бұлай жалғаса берсе келешекте жер тағдыры, сол жерде өмір сүріп отырған адам тағдыры қалай болмақ? деген ой салады. Қазіргі кезде, жазда суы тартылып қалуға дейін баратын Арыс өзені бір кезде қазіргі Сырдариядай үлкен өзен болғаны айтылады.Арыс өзені мен Сырдың құяр сағасы кең дала – көк желек тұнық бау – бақша, егіндік болып шексіз созылып жатқан. Қазір неге сол жерлер қу дала болып құлазып жатыр деген сұрақтар қою арқылы жерді, ағын суларды тиімді пайдаланып, оны келешек ұрпақтың игілігіне қалдыру үшін кешенді шаралар атқарылуы керек екендігі туралы сөз қозғайды. Сондай ақ, очеркте Түркістан аймағының келешегі туралы ой қозғайды. Қазіргі Түркістан көне қалалардың бірі. Бірақ, ол әлі өседі, өркендейді. Жасыл желегі қанатын жайып, жылдан – жылға жасарып, жақсарып келеді. Міне, осы Түркістан Яссы атанып тұрған баяғы заманның өзінде де атағы әлемге әйгілі керемет шаһар болған. Ол туралы очеркте «Қаланы қоршаған айнала салынған қорған, бекініс, қамал, қалалардың атын атап шығудың өзі көптеген тарихи жайларды еске салады. Қарнақ, Шорнақ, Сауран, Жүйнек, Бабайқорған, Сығанақ, Жаңақорған, тағы басқалары осы Түркістанды айнала қоршап,пана тұтқан мекен жайлар» екені айтылады.
Очеркте қазақ халқының қасиетті қара шаңырағы болып есептелетін қазыналы Қаратаудың өткені мен бүгінгі, келешегі жайлы айтылады. Әсіресе Қаратаудың өткені жайлы халық аузындағы аңыз-әңгімелерді нақты тарихи деректермен байланыстыра отырып әңгімелеп беруі оқырманды ерекше қызықтырады. «Қаратаудың басынан көш келеді...», деп басталатын бүкіл қазаққа таныс, атақты «Елім-ай» әніне арқау болған қасиетті Қаратау жайлы қаншама аңыз-әңгіме қазақтың бай фольклорын құрайды. Міне, аңыздан – аңызға көшіп, атадан балаға тарап келе жатқан еліміздің өткен тарихынан елес беретін «Осы бір қара шаңырақ атанған қасиетті таудың атына байланысты аңыз, ертегі, шындықтан туған әңгіме көп. Мәселен, Байжансай, Келіншектау, Ақсүмбе, Ақбикеш, Жылаған ата, Хантағы, Ащысай, Торлан, Алтынтау, Суындық, Біресек, Баба Ата, Шолақ аңыздарына келсек бұларды шағын шығармада айтып шығу қиын. Әрқайсысы бір-бір дастан, поэма, кітап», – дейді. Очеркте Қаратаудан басталып, Сарыарқаға дейін созылатын Қаратаудың теріскей бетінде орналасқан, Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кететін Созақ» туралы айтылады. Негізгі бағыты мал шаруашылығы болып келетін ауданның ең үлкен проблемасы – су. Очеркте «Үшкөкше деген не, оны неге олай атаған? Мұны білсек бүгінгі су мәселесін шешуді дұрыс түсінетін боламыз», – делінеді де осыған талдау жасалады. Қуаңшылықтан құтылу жолдары көрсетіледі.
С.Бақбергенов «Қарға тамған қан», «Алтынкүрек», «Адам және көлеңке», «Кентау», «Мен сізді сүйемін», «Ақ боз атты ару», «Бөрте Шыңғыс ханның жұбайы» және тағы басқа жиырмадан астам романдар мен повестер кітабының авторы. Жазушы шығармалары орыс, белорус, грузин, армян, қырғыз, өзбек, ұйғыр, татар, эстон тілдеріне аударылған. Қабырғалы қаламгер аудармашы ретінде де жемісті еңбек етіп, М.Горькийдің, А.Г.Короленконың әңгімелері мен ертегілерін аударды.
Сәуірбек Бақбергенов соғыстағы ерліктері үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған, Қазақ әдебиетін дамытудағы жетістіктері үшін көптеген медальдармен,төрт мәрте Қазақ ССРнің Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. 1996 жылы Қазақстанның халық жазушысы деген құрметті атаққа ие болды.
Мен Сәуірбек Бақбергеновтің шығармаларын жастайымнан оқып, ағамыз туралы көп естіп жүрсем де, өзімен 1990 жылы қыркүйекте ғана кездесіп таныстым. Ол кезде Арыс аупарткомынының бірінші хатшысы болып істейтінмін. Маған Түркістан ауданының басшыларының бірі телефон соғып,қазір Түркістаннан Москва-Алматы пойызымен бір топ жазушы Алматыға жүргелі тұр. Мүмкіншілік болса сол кісілерді перронда күтіп, құрмет көрсетіп жіберсеңіздер – деп,телефонды басқа бір кісіге ұсынғандай болды. Ол кісі Қазақстан Жазушылар одағының біздің облыстағы бөлімшесінің бастығы, елімізге белгілі жазушы Мархабат Байғұт екен. Махаңның айтуынша, қазақтың көрнекті, майдангер жазушысы Сәуірбек Бақбергенов өзінің 70 жылдығын туып өскен жері Созақта, Түркістанда тойлап, енді Алматыға қайтып бара жатқан беті екен, қасында қазақтың атақты жазушылары Сафуан Шаймерденов пен Сәбит Досанов бар. Сәуірбек ағамыз елдегі кездесулерге көңілі толыңқырамай, ренжулі келе жатқанын,мүмкін болса Арыс стансасында пойыз ұзақ тұрады ғой, соны пайдаланып жазушылардың көңілін көтерудің амалын қарастыруымды өтінді. Түркістаннан Арысқа дейін жүрдек пойыз екі сағаттай жүреді. Дереу тиісті адамдарды шақырып, дастарқан, құрмет жасап, қошемет көрсету үшін мәдениет бөлімінің меңгерушісі мен термешілер мектебінің директоры ақын Қарсыбай Ақтаевқа келе жатқан мәртебелі қонақтардың әрқайсысына арнайы арнау-өлең дайындауды тапсырдым. Пойыз келіп тоқтаған сәтте вагонға кіріп қонақтармен сәлемдесіп, құттықтап, оларды ертіп перронға шықтық. Перронда қонақтарды ұлттық киім киген қыз-жігіттер домбыра, сырнайлармен әндетіп қарсы алды. Мерейтой иесі Сәуірбек ағамызға 70 жылдығымен құттықтап арнау айтылды, Сафуан мен Сәбит ағаларымызға ән арналды, әнші қыздарымыз жазушы ағаларымен би биледі. Мен аудан тұрғындарының атынан, мерейтой иесін құттықтап, қонақтардың иықтарына шапан жаптым. Перронға дастарқан жайылып, дәмнің бірнеше түрі ұсынылды. Қонақтардың купесіне де Алматыға дейін жететіндей неше түрлі тағамдар, көкөністер, жеміс-жидектер, қауын, қарбыз қойылды. Мұндайда уақыт тез өтетіні белгілі, 15минут тоқтайтын пойызды тағы да 5 минутке кешіктіруге тура келді. Жазушы ағаларымыз да ризашылықтарын айта-айта бізбен қимай қоштасты. Кейін Мархабат Байғұтов мырза телефон шалып, біздердің Арыстағы экспромт күткеніміз өте дұрыс болғанын, ептеп ренжулі келе жатқан жазушы ағаларымыз көңілденіп,әзілдесіп, ашылып елге риза болып кеткенін айтты. Қайран, асыл ағаларымыз-ай. Міне, бұған да аттай 30 жыл болыпты. Қазір біз сол ағаларымызды сағынамыз, асыл сөздерін аңсаймыз.
Үстіміздегі жылы бүкіл еліміз Ұлы жеңістің 75 жылдығын тойлайды. Ұлы жеңіске өлшеусіз үлес қосқан майдангер, Қазақстанның халық жазушысы С.Бақбергенов 100 жасқа толады. Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, атақты Панфилов дивизиясының құрамында шайқасқан, қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқан халқымыздың біртуар азаматы, майдангер жазушы ағамыз С.Бақбергеновке күні бүгінге дейін не туған жері Созақта, не оқыған жері Түркістанда, 50 жылдан астам шығырмашылықпен айналысып,тұрған жері Алматы қаласында бірде-бір көшенің немесе мектептің аты бұйырмапты». «Ештен кеш жақсы» дейді дана халқымыз. Қазақстан Жазушылар одағы, Алматы қалалық, Түркістан облыстық, Созақ аудандық әкімдіктері жазушының 100 жылдығын тойлауды ұйымдастырып,оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін Алматы, Түркістан, Шымкент, Кентау қалалары мен туған жері Созақ ауданында көшелер мен мектепке атын беру, оқу орындары мен мекемелерде еске алу кештерін өткізсе өте орынды, ұлағатты іс-шаралар болған болар еді. Бұл ұлағатты істерге Қазақстан Жазушылар одағы мен Созақ аудан әкімдігі мұрындық болуы тиіс деп ойлаймыз.
Қуаныш АЙТАХАНОВ
Нұр-Сұлтан