Спорт • 10 Сәуір, 2020

«Барыстың» тізгінін кім ұстауы мүмкін?

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыстың» бас бапкері болып Беларусь маманы Андрей Скабелканың орнына кімнің тағайындалуы мүмкін?

«Барыстың» тізгінін кім ұстауы мүмкін?

Дәп қазір қазақстандық жанкүйерлерді осы сұрақ қатты мазалауда. Скабелка «Барыстың» тізгінін 2018 жылы ұстады. Нәтиже жаман болған жоқ. Екі маусымда да жерлестеріміз Чернышев дивизионында топ жарып, Шығыс конференциясында екінші орынға табан тіреді. Екі ретінде де плей-офф додасының екінші кезеңіне шықты. Тіптен, биыл Гагарин кубогында одан да зор көрсеткішке қол жеткізуге шақ қалған еді. Бірақ коронавируске байланысты «Барыс» бәсекені жалғастырудан бас тартты. 

Қазіргі кезде шетелдік және отандық БАҚ өкілдері «Нұр-Сұлтанның «Барыс» клубының бас бапкері болып кімнің тағайындалуы мүмкін?» деген сауалды сан-саққа жүгіртуде. Көбісі бұл қызметке 45 жастағы ресейлік маман Андрей Назаровтың келгенін қалайтын секілді. Кезінде Ұлттық хоккей лигасының (ҰХЛ) бірқатар белді командаларында өнер көрсеткен ол бапкер ретінде де танылып үлгерді. 2014-2015 және 2015-2016 жылдардағы маусымда «Барысты» жаттықтырды. 2014-2016 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болды.

Көптеген басылымдар Нұр-Сұлтанға Андрей Назаровтың келетініне сенімді. Мәселен, «Championat.com.» сайты «Қазіргі кезде «Барыстың» бас бапкері қызметінен негізгі үміткер ретінде Андрей Викторовичтің есімі аталуда. Егер осы әңгіме расталса, бұл клуб басшылығы тарапынан қабылданған өте сауатты шешім болатынына күмәніміз жоқ.  Себебі, ол «Барысты» да, Қазақстан құрамасын да жақсы біледі. Сонымен қатар Назаров жастармен жақсы жұмыс істей алады және де жергілікті ерекшеліктерді жақсы біледі» деп жазды.