Такси межелі жерге тоқтаған соң, артта отырғандардың бірі жүргізушінің мойнына арқан салып, ақша талап етіп, қылғындыра бастаған. Сәтін салғанда, жүргізуші мойнындағы қыл бұраудан сытылып шығып, полицияға хабарласып үлгереді. Абдырап қалған қаскүнемдер көліктегі екі ұялы телефон мен регистраторды алып, тайып тұрған. Дереу оқиға орнына жеткен полиция патрулі жәбірленушіден күдіктілердің түр-тұлғасы туралы мәлімет алып, барлық күзет бекеттеріне шұғыл ақпарат жібереді.
-Хабар түсісімен аға лейтенант Жәнібек Мырзахметов пен аға сержант Амантай Байжанов Қорған көшесінен жәбірленуші сипаттаған күдіктілерге ұқсайтын екі адамды ұстады. Жүргізуші күдіктілерді бірден таныған. Үшінші жігіт кейін өз пәтерінде ұсталды. Үшеуі де бұрын сотталған Қостанай облысының тұрғындары болып шықты. Жас мөлшерлері 20-24 жас шамасында. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қостанай облысы