Қазақстан • 10 Сәуір, 2020

Жеке кәсіпкерлікті несиелендіру бағдарламасы басталды

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сарапшылар әзірге  белгіленген лимит 50 млн теңге екенін айтып отыр. Қазақстанның орнықтылық қоры, Қазақстанның 12 банкі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын қолдап, төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық ахуалы төмендеген шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске асыруға кірісті. Жалпы алғанда, бұл бағдарламаны іске асыру үшін Ұлттық Банк 600 миллиард теңге бөлді.

Жеке кәсіпкерлікті несиелендіру бағдарламасы басталды

Ұлттық Банк  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп әзірлеген бағдарламаға сәйкес шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ дара кәсіпкерлер айналым капиталын толықтыру үшін жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша 12 ай мерзіміне кредит алуға банктерге өтініш жасай алады. 

Бизнес қарыз қаражатын тауарларды және өзге де материалдық құндылықтарды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алуға; қорларды, шығыс материалдары мен шикізатты толықтыруға; ассортиментті кеңейтуге; шарттық міндеттемелерді орындауға; ағымдағы шығыстарды, оның ішінде әкімшілік шығыстарын жүзеге асыруға, мысалы, қызметкерлерге жалақы төлеуге, салықтар төлеуге  жұмсай алады.

Кәсіпкерлер кредиттік желілер шеңберінде жаңа қарыздар не жаңа қаржыландыру ала алады.  Жеке кәсіпкер үшін белгіленген лимит 50 млн теңге, ал шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін 3 млрд теңгені құрайды. 
Бұл ретте, жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы ешқандай салалық шектеулерді көздемейді.

Қарыз талаптарын бұзғаны және (немесе) өзгерткені үшін өндіріп алынатын комиссияларды қоспағанда, бағдарлама шегінде қарызды бергені және қызмет көрсеткені үшін комиссия алынбайды.

Төменде көрсетілген жағдайлар: төтенше жағдай режимі кезеңінде және ол тоқтатылғаннан кейінгі 2 ай ішінде өткізілген тауарлардың және (немесе) қызметтердің көлемінің азаюы, сатып алушылар тарапынан төлемдердің кешіктірілуі, қызметкерлердің штат санының қысқаруы жеңілдетілген несие алуға себеп бола алады. 

Қарыз алу үшін қажетті негізгі құжаттар тізбесі

-  Кепілгердің (жеке тұлға) жеке басын куәландыратын құжат;
- Құрылтай құжаттарының топтамасы;
- Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, не тіркеу есебіне алынғанын растайтын өзге құжат;
- Қол қоюдың үлгілері және мөр бедерінің үлгісі бар (мөр – болған кезде) құжат; 
- Уәкілетті органның қаржыландыруды тарту туралы шешімі;
- Соңғы есепті жылдың қаржылық есептілігі;
- Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің болуын немесе болмауын растайтын құжат;
- Басқа банктерде несиелік берешектің болмауы/болуы туралы мәліметтер;
- Кепіл (кепілдік қарыздар) бойынша құжаттардың топтамасы.
- Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің қаржылық ахуалының нашарлауы туралы ақпарат.