«Коронавирус пандемиясының зардабын бүкіл дүние жүзі тартып отыр. Бұл індет біздің еліміздің экономикасына да теріс ықпалын тигізуде. Сондықтан, қазіргі таңда осы дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылдап отырмыз. Жалпы, бүкіл әлем коронавирусқа қарсы күн сайын емес, сағат сайын күрес жүргізіп жатыр. Әлем жұртшылығы айтып отырғандай, бұл дағдарыс – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болып тұрған ең ауқымды және аса қауіпті алапат. Мен өз сөзімде айтып өттім. Біз карантин шараларының арқасында вирустың жаппай таралуын бәсеңдеттік. Тұтастай алғанда, жағдай бақылауда» деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы оңтүстік өңірде індеттің таралуы тоқтамаса, жағдайдың ушығатынын атап өтті.
«Елорда мен Алматыдағы қазіргі жағдай тұрақты. Бірақ, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандардың саны күрт өсіп кетті. Бұл атқарылған жұмыстардың жеткіліксіздігін және қосымша шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді. Оңтүстік – халық тығыз орналасқан өңір. Сондықтан, індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз. Оған қоса, көктемгі егіс науқаны басталды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша бірқатар жобалар қолға алынады. Осындай уақытта елдегі эпидемиологиялық ахуалға айрықша назар аударуымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет. Мемлекеттік комиссия аймақтардағы карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуға тиіс. Бұл ретте, полиция мен мемлекеттік органдардың іс-қимылдары тек қатаң шаралар түрінде емес, орынды әрі ақылға қонымды болуы қажет. Жөнсіз әрекеттерге жол берілмеуі тиіс» деді Президент.