Аймақтар • 10 Сәуір, 2020

Қостанай: Сатай ауылының тұрғындары төрт күн бойы қар құрсауында жарықсыз отыр

434 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алтынсарин ауданына қарасты Сатай ауылының тұрғындары төрт күн бойы жарықсыз отыр. Шағын елді мекенге баратын күре жол 7 сәуірде соққан күшті бораннан кейін қалың қардың астында қалды. Күні бүгінге дейін жол аршыған жан жоқ.

Қостанай: Сатай ауылының тұрғындары төрт күн бойы қар құрсауында жарықсыз отыр

Облыс орталығынан азық-түлік таситын көлік жете алмаған соң, ауылдағы жалғыз дүкеннің есігіне әлдеқашан қара құлып салынған. Айнала дүниеден оқшау қалып, қар құрсауына қамалған аядай ауылдың тіршілігі осылайша тұйыққа тіреліп тұр. Абырой болғанда тұрғындар  ауыз суды ауладағы құдықтан алып ішіп отыр.

Бас-аяғы 76 үй түтін түтетіп отырған елді мекен Мәриям Хәкімжанова атындағы ауылдық округке қарайды. Хабарласып, мән-жайды сұрап білдік. Ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Қайрат Жарасбаевтың айтуынша, 7 сәуірде соққан сойқан боран Сатайдың айналасындағы қалың қарағай, ағаштың көбін құлатып кеткен. Салдарынан электр желілері үзіліп, ауыл жарықсыз қалып отыр. Қазір Красный Кордон елді мекеніне дейінгі қираған жоғары вольтты бағандарды қайта тұрғызу, үзілген желі сымдарын жалғау жұмыстары жүріп жатыр.  Содан кейінгі кезек Сатайға келеді.

 

Қостанай облысы