«Тәжікстанға коронавирустық инфекцияның енуі мен таралуының алдын алу үшін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға кіруге және шығуға уақытша шектеулер енгізілді», деп хабарлады сол елдің СІМ баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, шектеулер халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілерге, әуе кемелері экипаждары мен халықаралық теміржол қатынасы экипаждарына, сондай-ақ шет мемлекеттердің дипломаттарына және халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері, олардың Тәжікстан Республикасында тіркелген олардың отбасы мүшелеріне қолданылмайды.
Соңғы көрсетілген санатқа адамдар кірген жағдайда, олардың тұрақты тұрғылықты жерлерінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкерлерінің бақылауымен 14 күндік оқшаулау рәсімі қарастырылған.
«Егер жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын шетел азаматтарының Тәжікстан Республикасынан кетуі қажет болса, COVID-19-ның енуі мен таралуын болдырмау үшін республикалық штабта чартерлік рейстерді ұйымдастыруды қарауға дайын» деді СІМ.
Тәжікстанда әлі коронавирустың бірде-бір жағдайы расталған жоқ. Тәжік үкіметі бұл қадамға сақтық үшін барып отыр. Біз осыған дейін Тәжікстанның географиялық орналасуы пандемияның әсерінің әлсіретіп отырғанын, Ресей, Қазақстан, Өзбекстанның шекарасын жабуы тәжік еліне әсерін бергенін, көршілері дерттен қорғану үшін есігін жауып үлгіргенше, тәжіктер есін жиып, сақтық шараларын қатаңдатқанын жазғанбыз.