Аймақтар • 11 Сәуір, 2020

Карантин талабын бұзушылар құтылмайды

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Карантиннің негізгі талабы – аса қажеттілігі жоқ болса үйден шықпау екеніне қарамастан, бей-берекетсіз қаңғи беруге дағдыланғандар отбасы, ошақ қасына сияр емес. Петропавл қаласында соңғы алты күнде ғана сондай 106 адам ұсталды.

Карантин талабын бұзушылар құтылмайды

«Әрине, біздің міндетіміз – хаттаманың санын көбейту емес, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау. Карантин жағдайында күшейтілген режіммен сақшылық қызмет атқарып жүрген полицейлердің алдына сондай міндет қойылған. Алайда қоғамдық орындарда бетперделері болса да араққа бөгіп алғандар кездесіп қалады. Мысалы, кеше кешкі сағат тоғыздар шамасында Назарбаев пен Шәжімбаев көшелерінің қиылысында 52 жастағы сондай адам кездесті. Ондайды қалай жіберерсің, не өзі арандап немесе жол апатының тууына себепкер болуы мүмкін ғой. Сондықтан ол айықтырғышқа жеткізілді. Мұнда үсті-басы дизенфекцияланып, есін жинағанша жатады. Сосын, әрине бұзушылық жасағаны үшін тиісті жазасын алады», дейді қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Айдын Ақмағамбетов.

Облыстың тәртіп сақшылары қазір көшеде жүрген кез келген адамды тоқтатып, жүрісінің не себебі барын анықтауына құқы бар. Тек үй маңындағы дүкендер мен дәріханаларға баруға ғана рұқсат беріледі. Сонымен қатар, әрине жұмысқа баратындарға рұқсат. Бірақ жұмысқа жұрт таңертеңгі мезгілде барып, кешке қайтады ғой. Оның үстіне жұмыс берушілердің өз қызметкерлерін арнайы көлікпен жеткізуі міндеттелген. Сондықтан үйге сыймай, көше кезіп жүргендердің «жұмысқа бара жатыр едім» дегеніне ешкім сенбейді. Кәрі-құртаң, аурушаң біреулер болмаса, қалғандарына бірден айыппұл салынады. Сондай сылтау айтып, көшеде көлікпен жүрген техникалық қызмет көрсету станциясында жұмыс істейтін екі адам да ұсталды. Рас, карантин кезінде қызметтің бұл түрін көрсетуге рұқсат етілген, бірақ жұмыс уақыты шектелген. Алайда жұмыс күнінің үш сағат бұрын аяқталғанына қарамастан бұлар қала бойынша жүрулерін тоқтатпаған. Демек, олар карантин талабын бұзушылар қатарына енгізіледі.

ПЕТРОПАВЛ