Аймақтар • 12 Сәуір, 2020

Сеңде қалған бес балықшы

452 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тораңқұл көлі Солтүстік Қазақстандағы үлкен су қоймаларының бірі. Оның көлемі 35 шаршы шақырым. Жазы-қысы оның бойында балықшылар қаптап отырады, өйткені балығы мол, қазақтың құнарлы көлдерінің бірі.

Сеңде қалған бес балықшы

Қазір мұз әбден жұқарған, кейбір жердлерде сатырлап түсіп, сең жүріп жатыр. Соған қарамай бес ашкөз балықшы көлдің ортасына таман барып, балық аулап отырғандарында мұз түсіп кеткен. Сеңде қалған балықшылар жанұшырып, құтқарушыларды шақырады. Құдайға шүкір, қазір қалтафон бар, әйтпесе құтқарушылар әрбір балықшыны аңдып отырмайды ғой.

Көл жағасындағы Корнеевка селосында тұратын құтқарушы Вячеслав Яковлев дабыл түскен бойында, балықшыларды құтқару үшін моторлы қайығын трактормен әкеліп, көлге қойып кетеді. Ал балықшылардың сеңі бұл уақытта жағадан алыстай береді. Жандары мұрындарының ұшына келген балықшылар айғайлап, жан дауыстары шығады. Шамамен жарты шақырымдай жүзгенде ғана қайық оларға жете алады. Табиғаттың дүлей күшімен арпалыс бір жарым сағаттай уақытқа созылады. Денелері жеңіл жас емес, 55 пен 72 жастың арасындағы қартаң балықшылардың қайыққа мінуі де бір қиямет болады. Олар өздерінің суға кеткенімен қоймай, қайықты да батырып жібере жаздайды.

Әйтеуір, 20 жылдан бері құтқарушы болып істеп жүрген Вячеслав Яковлев оларды тегіс қайыққа отырғызып, жағаға алып шыққан. Апатты жағдайды елемеген ашкөз балықшылардың оған айтар алғыстары шексіз. 

Солтүстік Қазақстан облысы