Washington Post газеті бүгінгі пандемия жануарлардың емес, адамның жауапкершілігіндегі мәселе екенін жазады. Жануарлар әлемімен адамдардың қатынасы туралы мақаласында бүгінгі тенденциялар мен жаһанданудың салдары осындай індетке әкеліп соқтырғаны туралы талданған. «1 миллионнан аса адам жұқтырған коронавирус бұған дейінгі басқа да пандемиялар сияқты жануарлардан пайда болды. Дегенмен ғалымдар мәселенің жануарларда емес, өзімізде екенін айтады. Жабайы аңдардың ағзасында әрқашан вирус болады. Алайда сауданың жануарлар дүниесіне де жетуі, урбанизация мен ауыл шаруашылығының интенсификациясы жануар ағзасындағы вирустың адамға өтуіне мүмкіндік береді», дейді басылым.
Сонымен қатар мұндай зерттелмеген вирустың 1,7 миллионға жуығы барын айтып, басылым фаунаға қатынасымызды өзгертуге, жануарларды қамқорлыққа алуға шақырады. «Зерттеушілер коронавирус пандемиясын денсаулық сақтау мен экономикалық дағдарыспен күресіп жатқан әлемге белгі дейді. Бұл жануарларға серіктес ретінде қарап, олардың дүниесін қорғауға алу керектігін білдіреді. Адамға төнген инфекциялық кеселдің 70 пайызы зоонотикалық себептен. Ғалымдардың пайымынша, жабайы әлемде 1,7 млн анықталмаған вирус бар. Дәл қазір олар жануардан адамға жұғатындарын анықтау үстінде», дейді Washington Post.
The Guadrian газеті Еуропа ғалымдары егде жастағы адамдардың жыл соңына дейін үйден шықпауы керек деген тұжырымға келгені туралы жазады. «COVID-19 салдарынан биыл католиктер қасиетті мерекелерінің бірі – Пасханы үйде қарсы алды. Мұндай шаралар әлі де созылуы мүмкін. Микробиолог Йен Кук-юнг вирустың анықталуы шілдеге дейін жалғасатынын айтты», делінген мақалада.
Ал Қытай газеті China Morning Post вирустың таралуын анықтау үшін жасалған тәжірибе нәтижесін жариялады. Зерттеушілер 6 науқасты бақылауға алып, жаңа COVID-19 вирусы 48 сағаттың ішінде 100 рет көбейетінін анықтаған. Бұған дейін анықталған Sars вирусы дәл осындай уақытта тек 10-20-ға артатыны белгілі болып еді. Ғалымдар жаңа вирустың иммунитетті бірте-бірте зақымдайтынын, қабыну реакциясы баяу болатынын да айтыпты.
Түркияның Cumhuriyet газеті елдегі созылмалы ауруға душар болған науқастардың ем-домы кейінге қалдырылғаны туралы жазады. «Қазірде барлық науқастың ауруханада болуы қауіпті. Бүгінгі таңда тек вирус жұқтырғандар мен ракпен ауратындарды ғана ауруханада қалдырдық. Оның өзі екіншілері үшін қауіпті. Өйткені, олардың барлығын бақылайтын дәрігерлер ортақ. Бұл иммунитеті онсыз да төмен науқастарымызды қатерге тігумен бірдей», дейді газетке сұхбат берген Ыстанбұл Медицина палатасының басшысы Пынар Сайп. Сонымен қатар басылым халықты дәріханаларға себепсіз баруды қоюға шақырады. Халықтың дәріханаларды жиі жағалауына үкіметтің маскаларды тегін тарату шешімі себеп болған. Ыстанбұл Дәріханалар палатасының басшысы Зафер Дженап Сарыалиоғлұ «Министрліктен маскаңызды алыңыз» деген хабарлама келмейінше дәріханаларға келмеуіңізді өтінеміз», дейді.
«Вечерняя Москва» газеті Ресей Ғылым академиясының эпидемия жаздың басында тоқтайды деген тұжырымын жариялады. «Вирусолог Виктор Зуев те академия ғалымдарымен келісті. «Әлбетте, бүгінгі қиын жағдайда ертең не болатынын кесіп айту қиын. Алайда ғалымдармен келісемін, бұл індет жаз басталмай тоқтауы екіталай», делінген газет бетінде. Сонымен бірге крематорийлердің жұмысына тексеріс жүргізілетінін, олардың тапсырманы уақытылы орындап жатқаны туралы жазады.