Қазақстан • 13 Сәуір, 2020

Министр 42500 теңгенің кешігу себебін түсіндірді

1348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгенің кешігу себептерін айтып берді.

Министр 42500 теңгенің кешігу себебін түсіндірді

«42500 теңге мемлекеттік бюджеттен емес, Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Осы қор ақша береді және тағайындайды. Қазақстанда бүкіл төлемдерді «Азаматтар үшін үкімет» корпорациясы жүзеге асырады, яғни азаматтардың банк есепшоттарына аударады. Ал өтінішті қабылдап жатқан Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі барлық деректерді тексеріп жібереді. Осы үш мекеменің азаматтары күні-түні жұмыс істеп жатыр», - деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, жәрдемақының кеш түсуінің екінші себебі - азаматтардың жеке деректерін дұрыс көрсетпеуі. 

«Қазіргі таңда өтініш бергендер саны 5 млн-ға жетті. Деректерді тексеру барысында кейбір адамдар өздерінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) дұрыс көрсетпейді. Екіншіден, есепшоттарды дұрыс көрсетпейді. Жабылып қалған банк есепшоттарын жіберетіндер бар. 83 мыңнан аса адам осындай қателік жіберген», - деді министр.

Сондай-ақ кей азаматтар 42500 теңгені балалары немесе туыстарының есепшоттарына аударуды сұрайды. Министр әр азаматтың жеке есепшоты болуы тиіс екенін түсіндірді. 

«Алаяқтар сіздің аты-жөніңіз бен ЖСН-ді көрсетіп, өзінің есепшотын тіркеп, сіздің атыңыздан өтініш беруі мүмкін. Сол кезде сізге тиесілі ақшаны алаяқтардың алып кететіні анық. Сондықтан әрбір адамның жеке есепшоты болуы тиіс», - деді министр.